Ата заң • Бүгін, 11:17

«Баян Сұлу» фабрикасы ұжымы жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық мәслихат депутаттары «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының жұмысшыларымен кездесті. Халық қалаулылары Конституцияның жаңа жобасы туралы өз ойларын ортаға салып, көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Баян Сұлу» фабрикасы ұжымы жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

Кездесуде Жаңа Конституция жобасының жалпы ережелері, негізгі баптары, қазіргі қолданыстағы Конституциядан артықшылығы жөнінде ашық әңгіме өрбіді.

Облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Есжанов өзінің Конституциялық комиссия құрамында жұмыс істегенін, жаңа Ата Заң жобасының адам мен оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде қарастыратынын айтты.

«Жаңа Конституцияны жасау барысында жұмыс барынша ашық жүргізілді. Комиссияның барлық отырысы тікелей эфирден көрсетілді. Ел көлемінде азаматтардан, сарапшылардан, еңбек ұжымдарынан  мыңдаған ұсыныс түсті. Олардың елеулі бөлігі қорытынды мәтінде ескерілді. Жаңа Конституция – кабинетте жасалған құжат емес, бұл байыпты жүргізілген қоғамдық диалогтың нәтижесі.  Мен бүгінгі жаңа жобаны нағыз халықтық Конституция деп атар едім. Өйткені халық жобаны түзуге белсенді қатысты. Қазір экономика, тұрмыс жағдайы, өмір сапасы, халық сұранысы өзгерді. Сондықтан жаңа талаптарға жауап беретін басты құжат – Ата Заңымыз да жаңару керек. Ең бастысы, азаматтарды қорғау кепілдіктері мен адам құқығы күшейтілді. Әңгіме еңбек құқығы, әлеуметтік қорғау, сапалы білім мен медицинаға қолжетімділік, әділ сот туралы болып отыр. Осының бәрінің өздеріңіз сияқты еңбек адамдарына тікелей қатысы бар»,  деді облыстық мәслихат төрағасы.

Облыстық мәслихат депутаты Динара Өтебаева Конституцияның жаңа жобасында жоғары экологиялық мәдениетті қалыптас­тыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау мәселелерінің бірінші рет нақты көрініс тауып отырғанын айтты.

Әңгіме барысында фабрика ұжымы өздерін толғандырып жүрген бірқатар сұрақтарға жауап алды. Мәселен, жұмысшылардың бірі қойған «Келешекте орыс тілінің тағдыры қалай болмақ?» деген сауалға депутат Махаббат Жұтаев: «Көпшілік тарапынан қазақ тілі мен орыс тіліне қатысты көптеген сұрақтар түсіп жатқанын білесіздер. Бұл заңды да. Жаңа Конституцияның жобасында бұл жөнінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді деп тайға таңба басқандай анық жазылған», деп жауап берді.

Жиын соңында халық қалаулылары фабрика жұмысшыларын 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға үндеді.

Соңғы жаңалықтар

Референдум–2026. Онлайн-марафон

Референдум • Бүгін, 12:00

Төл өнеріміз – ИСЕСКО тізімінде

Қазақстан • Бүгін, 09:45