Өзгеге үлгі боларлық жақсылық шарапатты Целиноград ауданының ақ ниетті азаматтарының иманды іс-қимылынан көбірек көруге болады. Бұған дейін де «Туған жер» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпорын басшылары бас қосып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласын дамыту, қысылып-қиналғанға көмек көрсету, жалпының сұранысын өтейтін әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында қыруар іс тындырды.
Халықтан қаражатын аямайтын атымтай жомарттардың қатарынан Иван Сауэр, Марс Итпаев, Тимур Пшенов, Айтқожа Байжанов, Қанат Теміровті атай кетуге болады. Олар аудандық емханаға арнайы медициналық 5 көлік сатып алып берді. Жеке кәсіпкер Қуанышбек Ахмедин Тасты ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен клуб ғимараттарын сыйға тартты. Ел десе ет жүрегі елжіреп тұратын Тимур Пшенов, Айдос Нұрақышев, Бауыржан Әбдіхалықов, Сағадат Әшебековтер шалғай ауылдардағы дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеуден өткізу үшін 27,5 млн теңге қаражат бөлді. Бұл аудандағы қайырымды істердің бір парасы ғана.
Дауасыз дерттің дүмпуі естілгелі «Жақыныңа өмір сыйла» қайырымдылық акциясын шын ниетімен қолдап, жанашырлық жасаған ер көңілді азаматтар қаншама?! Олар акция аясында медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға 22 млн теңге қаражат жинады. Қариялар мен жалғызілікті жандарға, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына азық-түлік себеттерін таратты. Қаншама жанды жан жылуымен жылытып, үміт отын лаулатуға, ел ішіндегі бірлікті нығайтуға сөзбен емес, нақты іспен атсалысты.
Бұланды ауданында да Еріктілер жылы едәуір іс тындырылды. Алдымен, аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан Меrsi еріктілер тобы құрылып, бір жылдың ішінде атқаратын жұмыс көлемін екшеп, жоспар жасады. Осы жоспарға сәйкес, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында елуден астам жалғыз тұратын, әлеуметтік көмекке зәру адамдарға карантин кезінде азық-түліктерін, созылмалы сырқаты барларға дәрі-дәрмегін жеткізіп беруді өз мойындарына алды. 44 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетілді. Тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ. Еріктілер «Таза әлем» акциясы аясында бірнеше мәрте экологиялық сенбіліктер ұйымдастырды. Аудандағы елді мекендер абаттандырылып, көркейіп қалды.
Наурыз айында дерттің қайтадан бас көтеруіне байланысты бұрынғы жұмыс жандану үстінде. Бұл жолы ел қамын ойлаған еріктілер аудан тұрғындарымен мүмкіндігінше қоян-қолтық жұмыс істеп, дерттің алдын алуға септігін тигізетін 5 мыңға таяу ақпараттық парақша таратты. Сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарымен де қамтамасыз етті. Аудандық ауруханаға тіркелген зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға дәрі-дәрмектерін жеткізіп беруде. Жастар ресурстық орталығының еріктілері ел ішіндегі жаман індеттің алдын алуға бағытталған бейнематериалдар түсіріп таратты.
Дерт қайтадан бас көтерген кезде медицина қызметкерлері жан аямай жұмыс істеуде. Еріктілер аурухана қызметкерлеріне жүрек жалғау үшін азық-түлік жеткізіп беріп отырады. «Біз біргеміз!» акциясы шеңберінде атқарылған жұмыс ел ішіндегі бірлікті нығайта түсті. Ең бастысы, қолы қысқа, қамқорлыққа зәру адамдар қиындықпен бетпе-бет келген уақытта жалғыз еместігін, қолдаушысы қашанда жанынан табылатындығын сезінді. Бәлкім, ең бастысы да осы шығар.
Еріктілер қозғалысының жұмысы қазір ел аузында. Ақсақалдар баталарын беріп, алғыстарын айтып отыр. Макинск қаласында әрбір жұма күні мұқтаж жандарға қажетті тұрмыстық заттар жиналады. Осы бір иманды шаруаға қала тұрғындары белсенді қатысуда. Олар өздеріне қажеті жоқ, тұтынуға әбден жарайтын тұрмыстық құралдарды, жағасы бүтін киім-кешектерді осы жерге әкеліп тапсырады. Бір арнада тоғысқан бірліктің нәтижесінде 7 030 000 теңге қаражат жиналды. Ең бастысы, елдің ықыласы емес пе?!.
Ақмола облысы