27 Сәуір, 2010

ОҢТҮСТІККЕ ЖЕТУДІҢ ҚИЫНЫ-АЙ!

586 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
дейді жол азабын тартып жүрген қостанайлықтар Қостанайдан еліміздің оңтүс­тігіне қарай “Қостанай–Алматы” пойызы ғана жүреді. Мұның өзі Шу станса­сына тоқтағаннан кейін еліміздің оңтүстік-шығысына қарай кетеді. Ал жолаушыға Қостанайдан еліміздің оңтүс­тігінде жатқан Тараз, Шымкент немесе Қызыл­орда қала­ларына жету үшін 2,5 тәулік уақыт керек. Олар алдымен Астана қала­сына жетіп алады. Одан “Павло­дар–Сары­ағаш”, “Көкше­тау-Қы­зылорда”, “Астана-Сары­ағаш” пойыз­дарының жүретін уақы­тына дейін сарғайып күтеді. Жолау­шының алтын уақыты ауысып мінген пойызды күтумен кетеді. – Ел болған соң оңтүстік об­лыс­тарда біреудің бауыры, баласы, біреу­дің құда-жекжаты бар. Жақ­сы­­лық-жамандықта араласпай, барыс-келіс жасамай тұрмаймыз. Сонда жолдың ұзақтығының үстіне пойызға ауысып міну, күту сияқты жол қиын­­дық­тары шаршатады,–дейді Қоста­най қала­сының тұрғы­ны Бекқұл Садықов. Еліміздің оңтүстігіндегі облыс­тар­дан Қостанай қаласы мен облыс аудандарында оңтүстіктен келіп жұ­мысқа орналасып неме­се орта және шағын бизнеспен айна­лысып, бала-шағасын асырап жүрген аза­мат­тар аз емес. Оның сыртында Өзбек­станнан облысқа қоныс ау­дар­ған оралман­дардың да туып-өс­кен жерінде аға­йын­дары қалған. Оңтүстік облыстарға тікелей по­йыз­­дың жоқтығы жол қиындығын еселеп жібереді. – Оңтүстік Қазақстан облы­сын­дағы ауылыма уақытында жетіп бара алмаған­дықтан, анам қайтқан­да бір уыс топырақ та сала алма­дым, – дей­ді тағы бір қоста­найлық азамат. – По­йызға Қостанайдан отырып, Шым­кенттен түскенімде ауданға да тезірек жетер едім. Екі пойызға ауы­сып мініп жүргенімде уақыттың бәрі өтіп кетті. Міне, осындай әңгімені Қоста­найда жиі естуге болады. Тұрғын­дардың өтінішінен кейін 2007 жы­лы Қостанай-Сарыағаш бағы­тын­дағы жолаушылар пойызы жүре­тіндігі туралы жергілікті газеттерде хабарлан­дырылған болатын. Бірақ жұрттың қуанышы көпке ұзаған жоқ, осы уәденің соңы сиыр­құ­­йым­шақтанып, тек қаңқу сөз сияқты бол­ды да қалды. Жақында облыстағы оң­түс­тік­тік үш мың азаматтың атынан Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімовке жол­дан­­ған өті­нішке “Қазақстан темір жолы” ҰК” ак­цио­нерлік қоғамынан жауап келген болатын. Онда тіркеме және жолда тоқта­май, тікелей қатына­йтын вагондар әлеуметтік бағыттар қатары­на кірмеген­діктен, оларға республи­калық бюджеттен субси­дия бөлінбей­тіндігі айтылған. Сон­дай-ақ онда “Жолау­шылар тасыма­лы” АҚ-тың Қоста­най-Сарыағаш бағыты бойын­ша тікелей қатынай­тын вагон­дар тағайындауға мүмкін­дігі жоқ екені айтылған, өйткені бұл кәсіпорын үшін шығынды іс болып табылады. – Қостанайдан оңтүстік жаққа қарай бір-екі вагон тіркеу сондай бір шешімі табылмайтын, мүмкін­дігі жоқ мәселе емес секілді. Мы­салы, Қостанайдан жүретін “Қара­ғанды-Қостанай” пойызы Астанаға таңғы 4 сағат 40 минөтте келеді. Ал Астана-Сарыағаш пойызы сағат 6-да жүреді. Қостанайдан келген пойыздың вагонын осыған тіркей салу қаншалықты қиын шаруа емес, –дейді қостанайлық Бекқұл Садықов. “Жолаушылар тасымалы” АҚ басшы­лығы жауабында “Жолау­шылар пойыз­дарының құрамына Қостанай-Қарағанды, Қостанай-Ал­маты және Көкшетау-Қызыл­орда бағыт­тары бойынша вагондар жолау­шылар ағыны көбейген жағдайда парктегі мүмкіндікке қарай ескеріле­тіндігін айтқан. Ол мүмкіндіктің қашан боларын кім білсін, ал қоста­най­лықтар оңтүстік өңірге қарай жол­ға шыққан сайын сағынып барып, сарылып қайтады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,Қостанай облысы.