Әлем • 17 Сәуір, 2021

Ақ үйдің алғашқы мейманы

331 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жапонияның премьер-министрі Ёсихидэ Суга 16 сәуірде (біздің уақытпен 17 сәуір) АҚШ-қа ресми сапармен барды. Бұл былтыр күзде үкімет басшысы болып сайланған Суганың АҚШ-қа алғашқы ресми сапары болса, президент Джо Байден үшін де Ақ үйде шетелдік әріптесімен өткізген алғашқы ресми кездесуі болды.

Ақ үйдің алғашқы мейманы

Сөз басында оқырмандарымыздың есіне сала кетсек, өткен жылдың күзінде Байден АҚШ-тың жаңа президенті болып сайланғаннан кейін, 2020 жылдың 10 қарашада "Құттықтау сөзден көп нәрсені аңғарамыз" атты мақаламыз жарық көрген болатын. Сол мақаламызда Байденнің президент ретінде алғаш рет қай мемлекеттің басшысымен кездесуі мүмкін екені жайлы: «Байден әкімшілігі үшін Еуропалық Одақтан шығып отырған АҚШ-тың дәстүрлі ең сенімді одақтасы Ұлыбритания маңыздырақ па, немесе Еуропалық Одақты одан артық қоя ма, я болмаса премьер-министр Суга меңзеп отырғандай, аймақта және әлемде ықпалы мен әсері күннен күнге күшейіп отырған Қытайға тосқауыл қоюдың амалын қарастыру мақсатында Азиядағы ең сенімді серігі Жапонияны таңдай ма, әлде G7 форматында дамыған елдердің басшыларының бәрінің басын бірге қосып, бәрімен бірге кездесе ме... Сол арқылы Байден әкімшілігінің сыртқы саясат саласындағы басты бағыттары мен келесі төрт жылдағы халықаралық қатынастар саласындағы негізгі басымдықтар жайлы байқайтын боламыз» деп жазған едік. 

Байден президент болып сайлана сала АҚШ-тың Азиядағы ең сенімді одақтасы Жапония премьер-министрінің арнайы барлық дерлік беделді ақпарат агенттіктері арқылы құттықтау сөзінен «Біз үшін АҚШ басты мемлекет» дегенді ғана емес, Үнді-Тынық мұхиты аймағында АҚШ-пен бірлесіп әрекет жасауға мүдделі екенін мәлімдеу арқылы аталған аймақта күн санап күшейіп отырған «Қытайға қарсы бірігіп бірдеңе жасамасақ болмайды» дегенді білдіріп, ал Байденмен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ-қа сапар шегуге мүдделі екенін меңзеу арқылы «Байден президент ретінде ең бірінші боп сөйлесетін, бәлкім ең бірінші боп еліне ресми сапармен шақыратын үкімет басшысы мен болсам екен» деген тілек-ниеттің жатқаны жайлы да жазып, халықаралық қатынастар тұрғысынан маңызды мәселені өз тарапымыздан бақылап отыратынымызды айтқанбыз.

Міне, айтқанымыздай, Батыстың көшін бастаған АҚШ-тың басшысы алыс-жақын, ірі-кіші елдер арасынан Ақ үйде алғаш мейман қылған мемлекет басшысы Шығыстағы басты одақтасы Жапонияның премьер-министрі Суга болды. Сапар қарсаңында кейбір сарапшылар Байден мен Суганың жылы қатынасы сакура гүліндей әдемі болғанымен, тез гүлдеп, тез солып қалуы мүмкін екенін жазды. Алайда Байден әкімшілігінің бұл шешімінің астарында Азияның бүгінгі ахуалы жатқаны анық. Әсіресе, либерал-демократиялық және нарықтық экономикалық әмбебап құндылықтарды бөлісетін одақ АҚШ пен Жапония үшін күн санап басты саяси қарсыласқа айналып отырған коммунистік Қытайға қарсы шаралар қабылдау бұл күннің кезек күттірмес өзекті мәселесіне айналып отырғаны ақиқат. Әлемнің бірінші экономикасы мен үшінші экономикасын ұстап тұрған осы екі ел басшыларының басын қосқан басты саяси мәселе Жапонияны басып озып, артта қалдырып, АҚШ-тың өкшесін басып, қытығына тиіп отырған Қытай факторы. 

Қытай әлемдік ықпал үшін АҚШ-пен текетіресіп, алпауыт елмен таласа бастаса, Азия елдері үшін, тіпті экономикалық, білім-ғылым, техника-технологиялық тұрғыдан алып елдер санатына жататын Жапонияның территориялық тұтастығы мен мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп төндіріп отырған ғаламдық саяси күшке айналды. Сондықтан АҚШ пен Жапония басшылары келіссөздерінің басты мақсаты да осы Қытайға қатысты мәселелерді талқылау еді. 

Мемлекет басшыларының кездесуінен бұрын, өткен айдың ортасында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі Токиоға арнайы барып, «2+2» форматында жапондық әріптестерімен келіссөздер өткізді. Америкалық жоғары деңгейдегі саяси тұлғалардың Жапонияға жасаған сол іссапары халықаралық қауымдастыққа Байден әкімшілігінің Қытай бағытындағы саясатында одақтас Жапонияның рөлі қаншалықты маңызды екенін көрсетті. 

Қытай бүгінде Оңтүстік және Шығыс-Қытай теңізінде өзіне тең келер әскери күштің жоқ екенін көрсетіп отырса, Жапониямен шешілмеген жер дауы Сэнкаку (Дяодао) аралдары жанына кемелерін жақындатуын жиілетіп жіберді. Азияны Қытайдың ықпалында қалдырғысы келмейтін Америка болса аймақтағы өзінің одақтастарын қолдап қана емес, қорғап қалуға да міндетті екенін айтып отыр. Наурыз айында өткізген баспасөз конференциясында Байден АҚШ пен Қытайдың соңғы кездегі саяси қатынастары жайлы: «21-ғасырдағы либерализм мен автократияның текетіресі» деп ашық атап, демократиялық құндылықтарды бөлісетін одақтас елдермен ынтымақтаса отырып ҚХР-ға қарсы жаңа қырғи қабақ соғысқа дайын екенін білдірді. 

АҚШ Азияда ең алдымен Тайваньның тағдырына алаңдаса, сол үшін аймақтағы ірі одақдастарымен қауіпсіздік саласында жаңа форматта әріптестікті тереңдетіп отыр. Азия мен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы бейбітшілік пен еркіндікті қамтамасыз ету үшін Қытайға қарсу тұру мақсатында АҚШ, Жапония, Үндістан мен Австралия бірігіп «төрттік» (QUAD) форматын құрып, 12 наурызда алғаш рет төрт мемлекеттің басшысы онлайн-саммит өткізді. Оған Қытай мен Ресей: «Басқа елдерге қарсы бағытталған Азиялық NATO-ның құрылуына қарсымыз» деп айыптап жатыр.

Токио қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қауіп-қатер төндіріп тұрған алып елге қарсы тұру үшін АҚШ-пен одақтас әріптестікті одан әрі тереңдетуге мәжбүр болғанымен, сауда-экономикалық тұрғыдан көрші елмен тығыз қатынаста болуды қалайды. Шыңжаңдағы «аз ұлттардың» мәселесіне байланысты америкалық тарап «геноцид» терминін қолданып отырса, жапон тарапы адам құқығының қорғалуын қамтамасыз етудің маңызды екенін айтумен шектеліп келді. Батыстық әріптес мемлекеттер қатарласып Қытайға санкция жариялап жатқан тұста ондай қадамнан қалыс қалған Жапонияға қалғандарының көңілі толмай отыр.

Жапония үшін сыртқы саясат саласында ең күрделі бағыттардың бірі – Солтүстік Корея. Жетпісінші жылдары сол елдің арнайы қызмет органдары ұрлап әкеткен жапон азаматтарын отанына қайтару мәселесі осы күнге дейін шешілмей отыр. Ядролық қаруымен қауіп төндіріп тұрған тағы бір көрші елмен қалай қатынасу керек, көптен бері жапон үкіметі мен жапон халқының басын қатырып келе жатқан үлкен ұлттық проблема боп отыр. Бұл мәселе бойынша да Жапония үшін АҚШ-қа арқа сүйеуден басқа амал жоқ. АҚШ бұл мәселеде жапон тарапын толықтай қолдайтынын, қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтып келеді. Ал Қытайға сенетін Солтүстік Корея болса енді сүңгуір қайыққа тіркелген зымыран (SLBM) шығарғанына мақтанып, тіпті дәл сол Байден мен Суга кездесіп жатқанда аспанға атып, сынап көруі мүмкін екені айтылды. Дегенмен, жалпы Солтүстік Кореяға қатысты АҚШ-тың саясаты қатты өзгере қоймайтын сияқты. Обама әкімшілігі тұсындағы, яғни Байден вице-президент болып тұрған кездегі солтүстікке қатысты стратегиялық салқынқанды саясат жалғасатын болар. 

Ал әлемді осы күні корейлік зымыран емес, дәл АҚШ пен Жапонияның басшылары кездесер алдында жарияланған Қытай экономикасының биылғы алғашқы үш айдағы өсімі 1992 жылдан бері ең үлкен көрсеткішке жетіп (18,3%), барлық болжамнан артық дамып отырғаны таңғалдырған секілді. АҚШ пен Жапония қытайлық өнімге тәуелсіз экономикалық даму моделін қарастырып отырғанда Қытай экономикасының батыстық санкцияларға қарамастан экспорттың ұлғаюы арқасында осылай қарқынды дамып отырғаны кімді болса да бұл елмен санаспаудың саяси салдары жайында ойлануға мәжбүр ететіндей.  

АҚШ пен Жапония бірігіп Үнді-Тынық мұхиты аймағында Қытай үкіметі жүргізіп отырған «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасына балама тапқысы келгенімен, ол мақсатқа жетудің оңай емес екені өзге емес, ең алдымен осы екі ел өздері жақсы біледі. Саяси-әлеуметтік құрылымдары мен экономикалық даму деңгейі бір-бірінен тым алшақ аймақта бір мақсат, бір мүддені көздеп, діттегеніне жетудің қиын екені айтпай-ақ белгілі. Кезінде Президент Трамптың шешімімен келіссөздерден шығып кеткен Транстынықмұхиттық әріптестік келісімшартына (TPP) қайта қосылуға Байдан әкімшілігінің асықпай отырғаны  да көп нәрсені аңғартса керек.

Әлбетте, Суга мен Байден коронавирус індетімен күресу, жаһандық климаттың өзгеруі, биыл жазға жоспарланып отырған Токио Олимпиадасы сияқты әлемдік және халықаралық өзекті мәселелер жайында да пікірлер алмасты. Дегенмен, Суганың Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапарының басты мақсаты Жапония мен АҚШ-тың одақтас қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға екі елдің де мүдделі екенін көрсетіп, Ақ үйге ең бірінші боп шақырған Байден әкімшілігі үшін Жапония басқамен салыстырғанда маңыздырақ екенін паш ету болды. Байден әкімшілігі сол арқылы өзінің сыртқы саясатында Азия мен Үнді-Тынық мұхиты аймағын басты бағыт ретінде қарастырып отырғанын білдірді.  Сондықтан, қалай десек те, Азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі мен осы тұрғыдан басты фактор саналатын Қытай мәселесі Жапония үкімет басшысы сапарының негізгі мақсаты болғаны рас. 

Алдымен 9 сәуірге жоспарланған Суганың АҚШ-қа сапары америкалық тараптың өтінішімен бір апта кейінге шегерілгеніне байланысты жапон қоғамында түрлі әңгіме айтылып, сан алуан саяси болжамдар жасалып, жапон жұрты біраз әбігерге түсіп еді. Жапондық кейбір саясаткерлер: «АҚШ үшін Қытай ең басты қарсылас ел, Американың мақсаты сол елге жедел жететін зымыран құрылғыларын біздің елде орналастыру. Премьеріміз сондайға келісім беріп келмей ме деп қорқам» деп үрей танытты. 

Зымыран жайлы, басқа жайлы нақты мәселелер жабық кездесулерде айтылып жатса, айтылып жатқан болар, ал осы жолғы Байден мен Суга келіссөздері нәтижесінде қабылданған бірлескен мәлімдеменің екі ел арасындағы бұған дейінгі «дәстүрлі» мәлімдемелерден ерекшелігі, ол Тайваньның қауіпсіздігі жайлы ашық аталғаны болды. Тайвань жайлы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлі Жапония мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынастар қайта орнатылмаған жарты ғасыр бұрынғы сонау 1969 жылғы бірлескен мәлімдемеде айтылғаннан кейін алғаш рет осы жолы аталып отыр. Солай болуы мүмкін екенін алдын-ала болжай білген Бейжің Байден мен Суганың келіссөздері қарсаңында тараптарды ондай қадамға бармауға шақырған-тұғын. Вашингтон мен Токионың бұл шешімінің саяси салдары қалай болар екен, Қытайға қарсы тосқауыл күш бола ма екен немесе керісінше Бейжіңнің Тайваньға қарсы нақты іс-әрекеттер жасауға түрткі болар ма екен, алда әлі көре жатармыз. Бірақ, басқа басқа, бұл мәселе бойынша Қытайдың енді үнсіз қалуы мүмкін емес екені анық. 

АҚШ пен Жапония басшыларының алғашқы ресми кездесуі мен келіссөздер нәтижелері осылайша екі ел арасындағы достық және одақтас қарым-қатынастардың Байден әкімшілігі тұсында тұрақты болатынын көрсетті. Биыл күзде (немесе күзге дейін) өтетін билік басындағы Либерал-демократиялық партия төрағасының кезекті сайлауына түсіп, премьер-министр боп қайта сайлануды көздеп отырған Суга мен оның командасы үшін бұл сапардың мәні зор. Алғашқы ақпараттарға сүйене отырып айтар болсақ, сапар нәтижесін жапон жұрты жаман бағаламайтын сияқты. 

Ал біз өз тарапымыздан АҚШ пен Жапонияның одақтас қарым-қатынасы расымен Азия ғана емес, әлемнің тұрақтылығы тұрғысынан маңызды фактор екенін ескере отырып, алдағы уақытта да осы бағыттағы басты мәселелер жайлы оқырмандарымызды хабардар етіп отыратын боламыз. 

 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

шығыстанушы, Халықаралық қатынастар саласы бойынша PhD докторы.

Арнайы Egemen Qazaqstan үшін.