Қазақстанның Жалпыұлттық киелі нысандары қатарына кіретін әулие Жұмағазы хазірет кесенесі – жыл бойы басынан адам үзілмейтін зиярат орны. Кешен аумағы толық абаттандырылып, келушілерге қызмет көрсететін қонақ үй, намазхана, т.б. салынып, толық жағдай жасалған. Киелі мекеннің шырақшысы, «Дәдем ата - Жұмағазы хазірет» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жанбозов үнемі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, халықтың алғысын алып жүреді. Әсіресе өткен жылы пандемия қыспағында қалған ауыл халқына жүйелі көмек жасалды.
- Қасиетті Рамазан – мейірім мен қайырым айы ғой. Біздің қоғамдық қорымыз жылдағы дәстүр бойынша ауылдағы аз қамтылған отбасыларға бір айлық азық-түлік жиынтығын үлестіруге шешім қабылдадық. Әлеуметтік көмек иелерін ауыл әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия анықтады, - дейді Ғарифолла Жанбозов.
Қоғамдық қордың көмегіне Сырым ауданына қарасты Шолақаңқаты және Алғабас ауылдық округтерінде тұратын 50 отбасы ие болды. Олардың әрқайсына 50 кг ұн, 6 кг макарон, 5 кг күріш, 5 кг қант, 5 литр өсімдік майы, 1 кг шәй секілді күнделікті тұрмысқа ең қажетті азық түрлері жеткізіліп берілді. Ауыл адамдары қор жетекшісіне шынайы алғысын айтты. Осы бір жолғы акцияның өзінде ғана қайырымды азамат 700 мыңдай теңгенің көмегін көрсеткен екен.
- Халқымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ғой. Коронавирус жағдайында көптеген отбасымыз қиын жағдайда қалғаны рас. Сондықтан барымызбен бөлісіп жатырмыз. Біздің осы бастамамыз басқа да ауқатты азаматтарға, кәсіпкерлерге үлгі болса дейміз, - дейді «Дәдем ата - Жұмағазы хазірет» қоғамдық қорының төрағасы.