Қазақстан • 18 Сәуір, 2021

Қазақстанға агробанк қажет пе?

408 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Дәл осы сауал төңірегіндегі «тартыстың» жүріп жатқанына талай жыл. Бірі ауыл шаруашылығына ғана маманданған арнайы банк қажет десе, енді бірінің пікір-ұстанымы бұған мүлдем кереғар. Олар «саланы қолдайтын құрылымдар онсыз да көп» деген уәжді алға тартады. Біз осы тақырыпқа тағы бір оралып соққанды жөн көрдік. 

Қазақстанға агробанк қажет пе?

Қаржы институтына қажеттілік бар

Алдымен сәл шегініс жасап, тарихқа үңілейік. Тәуелсіздік алған елең-алаң шақта елімізде «Агропромбанк» деген қаржы институты жұмыс істеді. Атауының өзі айтып тұрғандай, бұл тек ауыл шаруашылығы саласына ғана маманданған банк еді. Ол елдің агро­сек­торындағы Кеңес өкіметінен қал­ған мұраны сақтап қалып, одан әрі ілгері­летудің бірден-бір жолы болатын.   Демек, Қазақстанның агробанк құру тұр­ғы­сынан өзіндік тәжірибесі бар.

– Еліміз Тәуелсіздік туын көтерген шақта Қазақстанда бес-алты салалық банк құрылды. Олар екінші деңгейлі банк ретінде бірнеше жыл жұмыс істеді. Бұл қатарда «Агропромбанк» те бар еді. Кейін ол «Наурыз банк» болып атауын өзгертіп, жекеге өтті. Ақыры банкрот болып тынды. Өзге салалық қаржы инс­титуттары секілді «Агропромбанк» те еліміздің 1995-1996 жылдардағы банк саласындағы реформасынан аман өтпеді. Әуелде мемлекетке қараған олардың біразы жекешелендірілді, енді біразы басқа банктермен қосылды. Сөйтіп, бұлардың ғұмыры ұзаққа созылған жоқ, – дейді экономист Талғат Демесінов.

Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Көпмағамбет Елемесовтің пікірінше, салалық банктер ғұмырының келте қайырылуы бюджетке тәуелді­лігінде еді. Оған нарықтық экономи­каның заңдылықтары қосылды. 90-шы жылдардың қиындығы да өз салқынын тигізбей қойған жоқ. 

«Агропромбанктен» бері қарай арада 20 жылдан астам уақыт өтті. Содан бері елдегі, жалпы саладағы жағдай қан­шалықты өзгерді? Алда-жалда агробанк құрылып жатса, бұрынғы банктің тағдырын қайталамай ма? Қаржы инс­титуты өзін-өзі ақтай ала ма? Көкейде осындай көп сауал бар.

– Қазір жер реформасын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның жұмысы жү­ріп жатыр. Бұл реформаны абырой­мен, ақылдаса отырып соңына дейін жет­кізу маңызды. Меніңше, ауыл шаруа­шы­лығымен айналысатын Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтарына жерді жеке­меншікке берген дұрыс. Жердің заң­ды иесі оған жауапкершілікпен қ­арай­ды. Әйтпесе, жалға алатындар жер өзі­нің жекеменшігі болмаған соң, оның жай-күйіне де немқұрайдылық танытатынын көріп жүрміз. Мұны не үшін айтып отыр­мын? Жекеменшіктегі жерді агро­банкке кепілге қойып, несие алуға бола­ды. Сондықтан өз басым аграрлық банкт­ің құрылғанын құптаймын, – дейді Т.Демесінов.

Экономистің айтуынша, жаңа сала­лық банк құру үшін «велосипед» ойлап та­бу­дың қажеті жоқ. Әуелі 90-шы жыл­­дар­­дың тәжірибесін бір зерделеп алу керек. Одан кейін шетелдік агро­банк­­­тер­дің тәжірибесіне назар аудар­ған жөн. Әсі­ресе, Швейцария мен Гер­мания­­ның, Ни­дер­ланды мен Жаңа Зелан­дия­ның агробанк­теріне қарап бой түзесе болғандай.  

– Оны таза мемлекеттік немесе аралас банк ретінде құруға болады және ол ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, шаруа қожалықтарына арзан несие ұсынуы керек. Оның тиімділігі де осы жерде көрінеді. Әйтпесе, банкті құра салғаннан салада серпіліс болмайды. Банк бірінші кезекте шаруаларға арзан несие ұсынуы шарт. Сондай-ақ агробанк мемлекеттен берілетін субсидиялардың, субвенциялардың, дотациялардың бәрін біріктіретін құрылым болуы керек. Қыс­қасы, шаруаларға «бір терезе» қағи­даты бойынша қызмет көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар агробанктің жүйесі негі­зінде ауыл шаруашылығы өндірістік сау­да кооперативтерін құруға мүмкіндік бар. Кооператив ауыл өнімдерін жеке ша­руа­лардан сатып алып, одан әрі өт­кізу жа­ғын реттесе, саладағы біршама мәсе­ле­нің түйіні тарқағалы тұр. Оның ішін­де дел­да­лдарға, баға саясатына қатыс­ты мәселе оң шешімін таппақ, – дейді экономист.

К.Елемесовтің пікірінше, агробанктің құрылуы шаруалардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.

– Қазір несие беретін ұйым көп. Олар шаруаның мүддесін ойламайды. Қайта шаруалардың есебінен еселеп та­быс табуды көздейді. Шаруалар – әуел­ден қағаз-құжатқа қырсыз қауым. Соны жақсы білетін алаяқ-қулар оларды тақырға жиі отырғызып кетеді. Сон­дықтан дәл қазіргі шақта Қазақстанға агро­банк қажет. Ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері. Демек, осы бағыттағы жаңашылдықтардан, озық тәжірибелерден теріс айналмаған дұрыс. Болашақта салалық банк құрылып жатса, ол басқа банктер секілді пайда үшін емес, ауыл шаруашылығын дамыту мүддесін биік қоюы шарт, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

 

«ҚазАгроға» қол жетпеді...

Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға, қолдауға жауапты бірден-бір ұйым «ҚазАгро» компаниясы болатын. Алайда аталған компания таратылып, жуырда оның функциялары «Бәйтерек» холдингінің құрамына өтті. «Шопан Ата» Қазақстан қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, енді ауылдағы шаруалардың жағдайы тіпті қиындауы мүмкін. 

– «ҚазАгроның» ұстанған саясаты ша­руа­­ларға мүлдем кереғар еді. Ком­па­ния ұсынған өнімдерге – несиелерге көп­шіліктің қолы жетпеді. Сұраныс талап­тары да қисынсыз болатын. Енді ауыл шаруа­шылығын қолдауға, дамытуға «Бәй­терек» холдингі жауапты. Бірақ хол­динг пен агросаланың үш қайнаса сор­пасы қосылмайды ғой... Біз Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне бағынысты болса да, дәл сол «ҚазАгроны» жұмыс іс­тете алма­дық. Енді «Бәйтеректі» мүл­дем маңай­лай алмайтын шығармыз. Ауыл шаруа­шы­лығын дамыту, оны қаржы­лан­дыру, Үкі­меттің бұл бағыттағы саясатын жүзеге асыру салалық мекемеге берілуі керек. Міне, сол мекеме агробанк болуы қажет, – дейді ол.

Қауымдастық төрағасы екінші дең­гейлі банктерден несие алу оңай екенін жеткізді. Алайда олар кепілдікке келгенде әкесінің құнын сұрайды. Оны қара­пайым шаруалар орындай алмайды, әлбетте. Шаруалардың мұндай банктерге жола­майтыны да сондықтан.

– Екінші деңгейлі банктер ауыл ша­руашылығы саласын тиімсіз деп санай­ды. Бұл саланы қаржыландыруға басым­дық бермейді. Қазіргі уақытта ауыл шаруа­шы­лығына несие беру көлемі бойын­ша екінші деңгейлі банк­­тер­дің үлесі 10 пайызға жетер ме екен?.. Сондықтан тек қана ауыл шаруа­­шылығы жобаларын іске асыра­тын, қаржыландыратын агро­банк керек. Банк құрылмайынша, сала­ның дамуы қиындау. Соңғы он жылда мың­даған адам ауылдан көшіп кетті. Демек, ауылдың жері бос қалып жатыр. Ен­ді осы үрдісті кері жүргізу үшін агро­банк­тің мүмкіндігін пайдалануға болады. Қазір қаладағы қым-қуыт тірліктен мезі болып, ауылға барып, кәсіп ашқысы келетін жастар да, орта буын өкілдері де көп. Алайда олардың иелігінде жеке­мен­шік жер мен қомақты қаражат жоқ.

«ҚазАгроҚаржы», «Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры», «Аграр­лық несие корпорациясы» секілді қап­таған компанияларға қолдан жем бе­ріп отырмыз. Бүйткенше, бәрінің басын біріктіріп, қаражатты да, құзы­ретті де агробанктің қолына беру керек. Шы­нын­да, саладағы қолдау көрсе­тетін ком­паниялардың көп­тігі сондай, қазір­гі шаруалардың басы айналады. Ком­паниялар келген кәсіп­керді бір-біріне сілтеп, діңкесін құр­тады. Ауылдағы шаруаны онсыз да тен­ті­ретіп, сандалтып жүргеніміз аз емес. Жұмыстың бәрі бір ғана мекемеде ше­шіліп, реттелуі тиіс. Шаруаның ба­сын шырғалаңға салу­дың қажеті жоқ. Олардың уақыты да шектеулі. Біз­дегі өнімділіктің төмендігі де, жалпы са­ланың дамымай жатқаны да шаруа­лар­дың сандалып жүргендігінен шы­ғар, бәлкім. Менеджмент ақсап тұр. Оны мемлекет реттеп бермейінше, түк шық­пайды, – дейді А.Садырбаев.

Оның пікірінше, агробанк құру үшін теңселіп, әне-міне құлағалы тұрған екін­ші деңгейлі банктердің бірін мемлекет есе­бінен қолдап жіберіп, салалық банк етіп қайта құрса, шаруа шешіледі. Онсыз да екін­ші деңгейлі банктерге мемлекет тара­­пы­нан қолдау көрсетіліп жатыр емес пе?! 

– Агробанк – әлемде бар тәжірибе. Сол тәжі­рибеге сүйену маңызды. Жерді ел аза­мат­тарына жекеменшікке беру жайы пысықталып жатыр. Ертең осы мәселе реттелс­е, сол жерді агробанкке кепілдікке қоюға болады. Бұған екінші деңгейлі банк­тер қырын қараса да, сала­лық банк­тің бас тартпасы айдан анық, – дейді А.Садырбаев.

 

Министрліктің ұстанымы қандай?

Тақырыпқа бір қырынан ғана үңілмес үшін Ауыл шаруашылығы министр­лігі­нің де ұстанымын білмек оймен, журна­листік сауал жолдадық. Ресми жауап хатта айтылғандай, министр­лік­тің ұстанымынша, агробанк құру ауыл ша­руашылығы үшін панацея бола алмайды. Өйткені бұдан несиелер қол­же­тімді бола түспейді. «Қолжетімді несие­лендірудің негізгі факторы – қорландыру құны, сондай-ақ қаржы институты­ның ұйымдық-құқықтық нысаны емес, несиелік және кепіл саясаты», делінген ресми жауап хатта.

Министрліктің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лер мемлекеттік агробанктің құры­луын құптайды, әлбетте. Өйткені, олар сала­лық банк құрылса, қаржылан­дыру­дың қолданыстағы талаптары­мен салыс­тыр­ғанда несиелердің мөлшер­лемесі төмен­деп, кепілмен қамтамасыз ету шарттары жеңілдейді деп ойлайды. «Алайда агробанкті құру әкімшілік шығыстарды арттыратын, түпкілікті қарыз алушылар үшін мөлшерлемелердің өсуіне әсер ететін банк инфрақұрылымын дамыту қажеттілігіне алып келеді», дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі. Яғни банктің есептеу-кассалық қызмет көрсе­ту, инкассация қызметі, төлем карталарын шығару, банкоматтар желісі секілді толып жатқан шығыстары пайда болады.

«Сонымен қатар екінші деңгейлі банктердің қызметі салымшылардың мүд­десін қорғау қажеттілігіне байланыс­ты Ұлттық банк тарапынан қатаң рет­телетін болады. Агробанк құрылған жағ­дайда бұл тәуекелдерді бағалау жөнін­дегі талаптардың күшеюіне, оның қарыз алушыларын кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың күшейті­луіне әкеп соғады. Осылайша, тауар өн­діру­шілердің едәуір бөлігі ауылдық жер­лердегі өтімділігі төмен кепіл мүлкі үшін агробанктен несие ала алмауы мүмкін. Бүгінде екінші деңгейлі банк­терге жүгінетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көпшілігінде осындай жағдай қалыптасып отыр», делінген жауап хатта. Министрліктің мәлі­метінше, сала бойынша екінші дең­гейлі банктердің несие қоржынындағы шаруа қожалықтарының, фермерлік қожалықтардың үлесі 5 пайызға да жетпейді.

Ведомство хабарлағандай, ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілер банк­тер­дің қызметімен онсыз да қамта­масыз етілген. Демек, агробанк құру мемле­кеттің қатысуын ұлғайтады және жекеменшік банктерді ауылдан ығыс­тырып шығарады. Ал бұл Қазақ­станның 2025 жылға дейінгі Страте­гия­лық даму жоспарында көрсетілген мем­лекеттің эко­номикаға қатысуын шектеу жөніндегі саясатқа қайшы келмек.

«Бүгінгі таңда «Бәйтерек» холдингі­нің еншілес компаниялары ауыл шаруа­шылығын қолдауға арналған өнімдердің барлық түрін ұсынып отыр. «Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бөлшек бизнесті несиелеумен айна­лысады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруа­шылығы техникасы мен жаб­дық­тарын лизингпен сатып алуға мүмкін­дік жасап отыр. «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ корпоративтік бизнес пен инвестициялық жобаларды несие­леумен, оның ішінде несие серіктес­тіктерін, микроқаржы ұйымдарын және екінші деңгейлі банктерді қорлан­дыру­­мен айналысады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілер­ді қолдауға бағытталған «Сыбаға», «Қара­пайым заттар экономи­касы», «Іскер», «Агробизнес» секілді бағдарла­малар бар. Бұдан бөлек, нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында да агросекторды қолдау бағыттары қарастырылған», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Айтпақшы, жуырда «Талап» қолдан­балы зерттеулер орталығының директоры, белгілі экономист Рахым Ошақбаев та агро­банк мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол несие беретін ауыл шаруашы­лығы саласындағы ұйымдардың бәрін бір қаржы құрылымына біріктіруді ұсынды.

– Карантиннен кейін бізді экономи­ка­лық тығырықтан алып шығатын салалар­дың бірі – ауыл шаруашылығы. Алайда бюро­кратиялық іс-шараларға байланыс­ты қаржыландыруға қатысты шешім­дер ке­­ше­уілдеп жатады. Бұл бағыттағы жұ­­мы­с­ты барынша жеделдету керек. Ауыл ша­руа­шылығын қаржыландыру тұр­ғы­­сын­да банк жүйесіне ғана иек арту мүм­­кін емес. Банк бәріне, әсіресе шағын және микро бизнес өкілдеріне ақшаны уа­қы­­тында жеткізе алмайды. Сол себепті мүл­де жаңа амал-әдіс керек. Қазіргі дағ­да­рыс­­тың сипаты бөлек. Тіпті қазір елде агро­банк ашуға дейін­гі қадам­дарға барған жөн болар. Несие бере­тін ауыл шаруа­шы­лы­­ғы сала­сын­дағы ұйымдардың бәрін бір қар­­жы құры­лымына біріктіріп, сол арқы­лы кә­­сіп­­­кер­лерді төмен пайыздық не­сие­­­мен қол­даған жөн. Кепілдік қал­дыру тәр­ті­бі­­нен кетіп, нақты бизнес-жоспар­лар­ға қа­­ра­жат аудару керек, – дейді Р.Ошақбаев.

Түйіндей келе айтарымыз, Қазақ­станда агробанк құру мәселесі тағы да күн тәртібінен жиі орын алуда. Демек, бұған қатысты нақты шешім қабылдар сәт жақындап келе жатқан секілді. Талай жылғы «тартыстың» нүктесі қалай қойы­лар екен? Әліптің артын бағайық...