Ауыл • 19 Сәуір, 2021

Ауыл мәдениетінің ауқымы тарылмасын

3003 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсына келіп: «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді», деп айтқан еді.

Ауыл мәдениетінің ауқымы тарылмасын

Біз бүгін осында айтылған жергілікті деңгейдегі мәдени нысандар, соның ішінде ауылдағы клубтар туралы сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз. Елбасының рухани-мәдени өмірімізге соны серпін берген байыпты мақа­ла­сының жарияланғанына да төрт жылдан аса уақыт өтті. Содан бері «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында біраз жұ­мыс­­тар атқарылды. Әсіресе әр ай­мақ­тағы бірқатар елді мекендерде жаңадан мәдениет үйлері бой көтеріп, соған ауыл адамдары мәре-сәре болып жатты. Бұған біз де шынымен қуанамыз. «Театр – киім ілгіштен» басталады демекші, ауыл мәдениеті де клубтан бас­талады. Кешегі тоқ­саныншы жылдардағы қиын­шылық кезеңде кейбір ауыл­дағы мәдениет үйлері иесіз­дік­ке ұшырап, жабылды. Соның бір мысалы ретінде, Қостанай облысы Амангелді ауданы Қа­быр­ға ауылындағы клубты айтар едім. Бұл – менің туған жерім. Кезінде 300-ден аса отбасы тұрған ауылда қазір 40-қа жете­ғабыл түтін тұра­ды. Біздің ауыл­дағы клуб та сол тоқ­са­нын­шы жылдардың соңын­да «ажал құшты». Қазір енді оның орны ғана үңірейіп тұр. Жыл са­йын ауылға барғанда сол клубтың орнын көріп, көңілімді нәзік мұң тербеп, көз алдыма балалық ша­ғым келеді. Кейде біз өткенге орал­сақ, сол дәуірді көксегендей бо­ла­мыз. Шын мәнінде, олай емес.

Бұрын ауылға ерекше көрік берген еңселі Мәдениет үйі сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары, совхоз құрылғанда салынса керек. Дәл іргесінде үлкен саябақ болды. Жаз кезінде ауыл адамдары клубтан шыққаннан кейін сол саябақта демалып, серуендейтін. Соның бәрі бізге қызық еді. Осы клубтың сахнасында жетпісінші жылдары Халық қаһарманы, күміс көмей әнші Роза Бағланова өнер көрсеткен. Оны үлкендер аңыз қылып айтады. Ал сексенінші жылдардың соңына тап келген бала кезімізде, өзіміз осы сахнадан Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Құдайберген Бекіш, Бақтияр Тайлақбаев секілді теледидардан ғана тамсанып көретін әнші аға-апаларымыздың жүзін бетпе-бет көріп, өнерін қызыға тама­ша­ладық. Сол кездегі бір оқиға есімнен кетпейді. Бесінші сыныпта оқимын. Қақап тұрған қаң­тар айы еді. Апайымыз сабақ­тың соңында, «біздің ауыл­ға әнші Нағима Есқалиева келді, қазір сағат түскі 14:00-де клубта кон­церт қояды, соны көру­ге келің­дер» деп шақырды. Сынып­тас­тар­дың бірі қалмай барып, Нағима апайдың әуезді әндерін сүйсіне тыңдаған едік.

Ол кезде клубта күнде кино қойылады. Бала болсақ та кинодан қалмаймыз. Ал ауылға үнді киносы келсе – ол енді кішігірім той.

Қазір осы оқиғалардың бәрі тарих, тіпті ертегі секілді көрі­неді. Міне, осындай маз­мұн­ды кештерімен ауылдағы Мәдениет үйі – қаншама адамға ізгілік дәнін сеуіп, өнерді сүюге тәр­бие­леді.

Ал бүгінде уақыт, қоғам басқа дегенмен, ауылдағы Мәде­ниет үйінің орны бәрібір бөлек екен­дігін түсіну керек.

Осы ретте біз Қостанай об­лы­сы Амангелді аудандық Мә­де­ниет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Сағынғали Сейдинге хабарла­сып, ауыл клубтарының жағ­да­йын сұраған едік.

 Жыл санап ауыл клубтары­ның жағдайы жақсарып келеді. Қазір біздегі 10 ауылдық округте клуб бар, онда 10 әдіскер еңбек етеді. Мәселен, Есір ауылдық окру­гіндегі бұрынғы мектеп ғима­ратын толық жөндеуден өткі­зіп, оны Мәдениет үйіне айналдырдық. Алдағы жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарасу ауылдық окру­гі­нің клубы күрделі жөндеуден өтеді. Оның сметалық құжаттары дайын. Кезінде барлық ауылда Мәдениет үйі болды. Кейбір елдімекендердегі тұрғындар саны аз болғандықтан ондағы клубты қайтадан қал­пы­на келтіру қиын. Алайда «солай» деп мәдени жұмыстарды тоқтат­қан емеспіз. Аудан орталы­ғындағы Мәдениет үйін­де 30 адам қызмет жасайды. Былтыр М.Қапышев атындағы халық театрының құрылғанына алпыс жыл толды. Сонымен бірге ауданда Ұлт-аспаптар оркестрі бар. Жас ақындар клубы жұмыс істейді.

Қазіргі күрделі жағдайға байланыс­ты мәдени іс-шаралар онлайн режімде өтуде. Был­тыр­дан бері мәдениет саласы қыз­меткерлерінің еңбекақысы өсіп, бір қуанып қалдық, −дейді ол.

Шынында да біраз уақыт бойы өгей баланың күйін кешіп келген мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы өсіп, мерейлері бір көтеріліп қалды.

Арқалық қаласына қарасты Фур­ма­нов ауылындағы Мәде­ниет үйінің меңгерушісі Қанат Жаңабергенов осы салада жиырма жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол кісінің де өз айтары бар.

− 2000 жылы осы ауылға көшіп келіп, жабылып қал­ған Мәдениет үйін қайта ашу үшін демеуші іздеп, біраз сабылдым. Әйтеуір «Бірлік» ЖШС-і қол ұшын созып, клуб­қа күрделі жөндеу жүргізіп берді. Қазір қарамағымда 7 адам бар. Автономдық жылу ор­наттық. Жыл сайын ағымдық жөн­деу жүргіземіз. Оны да алғаш­қы кезде демеушілермен іске асырсақ, қазір қалалық Мәде­ниет сарайының көмегімен атқа­рамыз. Мә­де­ниет үйі жанынан Әжелер ансамблі құ­рылған, «Алтынай» бишілер тобы бар. Ауыл жастары өте өнерлі, олардың қалалық, облыстық байқаулардан қан­жы­ға­лары бос қайтқан емес. Былтыр еңбек­ақымыз өсті. Әрбір мереке са­­­­­­йын концерт қоямыз. Көр­шілес елді мекендерге барып, өнер көрсеттік. Сенбі-жексенбі күндері жастарға би кештері ұйымдастырылады. Қазір пандемияға байланыс­ты мәдени іс-шараны доғарып отыр­мыз, − дейді Мәдениет үйі­нің меңгерушісі.

Сондай-ақ тәжірибелі маман ауыл клубтарын дамыту үшін мәдениетке деген жаңаша көзқарас керек дегенді айтады. Көпшілік мәдениет деген ән айту, күй тарту деп ойлайды. Бұл – дұрыс ұғым емес. Оның мағынасы өте кең. Өмірдегі не нәрсенің бәрі мә­дениет­тен басталады. Алдымен атқа мініп жүр­ген азаматтардың мәдениетке деген көз­қарасы дұрыс болуы қажет. Өнер адам­да­рының жаны нәзік, сезімтал келеді. Оларды үнемі қолдап отыру керек. Мәселен, біз ұлт-аспаптар оркестрін құр­­ғымыз келеді, бірақ музыкалық ас­пап­­­тардың бағасы қымбат. Оны сатып алу­ға мүмкіндігіміз жоқ. Сосын ауыл клуб­тарында істейтін тех­никалық қыз­мет­­керлердің жа­лақысын көтерсе деген ұсы­ны­сын жеткізді.

1

Жалпы республика көле­мін­дегі ауыл клубтарын дамы­туға арналған қандай да бір жобалар, бағдарламалар бар ма деген ниетпен Мәдениет және спорт министрлігіне хабарласып едік. Олар өздеріне тек республикалық маңызы бар өнер ұжымдары қарайтындықтарын жеткізіп, жергілікті деңгейдегі мәдениет үйлеріне облыстық, аудандық әкімдіктер жауапты екенін айтты.

Алайда бізді Павлодар облыстық Мәдениет, тілдерді да­мыту және архив ісі бас­қар­масының былтыр ауыл клуб­та­рының жаңа моделін жасау­дағы жобасы риза етті. Ол «Ауыл клубы 4.0» деп аталады. Оның мақсаты: ауыл тұрғындары өздері бастамашыл болып, мәдени шараларға атсалысуына жағдай жасау, ел азаматтарының мәдениет, өнерге деген құлшынысын арттыру және оларды жасына қарамай елді мекеннің мәдени өміріне жаппай жұмылдыруды көздейді. Сонымен қатар аталған жобаны жүзеге асыру үшін нақты жеті бағыт ұсынылған.

Міне, осындай жаңашыл жобалар әр өңірде қолға алынса деп ойлаймыз. Сонымен бірге ауыл клубтарын уақыт талабына сай жаңа технологиялармен жарақтандыру да қажет. 

Ауыл – ұлттың қаймағы, ұйытқысы. Еліміздің даңқын асырып жүрген таланттардың көбі сол ауылдан шықты. Ауыл­дың өнері өркен жайса, қазақтың мәдениеті қанатын кең жаяды. Ендеше, өнердің бір бұлағы ауыл мәдениетінің ауқымы тарылмасын дейік. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!