Аймақтар • 19 Сәуір, 2021

Бурабай баурайындағы берекелі бірлік

628 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстандағы тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Жолдауында 2020 жылды – Еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Қиындық атаулыны кәтепті қара нардай бірлесе көтеретін халық бұл жолы да ел ішінде бірліктің бекемдігін, пейілдің ақтығын, жан жадыратар жанашырлықтың молдығын толайым көрсете білді.

Бурабай баурайындағы берекелі бірлік

«Жақсылыққа сену үшін әуелі өзің жақсылық жасай білуің керек» дей­тін рәуішті, мазмұнды сөз бар. Ел Прези­ден­тінің бағалы ұсынысынан бастау алған оң шаруалар кеңінен қанат жайып, жана­шырлық шуағын шаша бастады. Ұлы істің ұлағатынан Бурабай баурайын жайлаған жалпақ жұрт та шет қалған жоқ. Ел қамын жеген еріктілер әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған топтарды, күні кісіге қарап қалған қарттарды, мүмкіндігі шек­теулі жандарды елеп-жебеп, дерт барын­ша белең алып, күшіне мініп тұрған тұста қамқорлық көрсету шараларын тыңғылықты жүзеге асырды. Сол кезде қорғаныс құралдарының қасқалдақтың қанындай таптырмай кеткені мәлім. Тал­мау тұсты тап басқан еріктілер алдымен халықтың есіне салып, жаман тұ­мау­дың шеңгелінен қалай аман қалуды ұғын­­дыратын ескертпелер жазылған п­а­рақ­шалар таратты. Медициналық қор­ғаныс құралдарымен де молынан қам­та­масыз етті. Аудандағы қауқарлы, ірі кә­сіпорын басшыларымен келіссөздер жүр­­гізе отырып, ауыртпалықты еңсеру олар үшін де парыз екендігін жеткізіп, қайырымдылық жа­сауға бағыттады. Жи­налған қара­жаттың біраз бөлігі азық-­тү­лік себеттерін дайындауға жұмсалды. Жаман тұмаудан жасқанып қарға адым жер аттап шыға алмай отырған қарттарға бір­сыдырғы қамқорлық жасалып, төрт құ­бы­ласын теңес­тір­ді.

Еріктілер «Біз біргеміз», «Біз бол­масақ, кім?», «Қайырымды көр­ші­лер» тәрізді әлеуметтік акциялар ұйым­дас­тыр­ды. Ка­рантин кезінде 600-ден астам отба­сыға жалпы көлемі 9 млн теңгеге таяу кө­мек көрсетілді. Жалғызбасты қарт­­тар­ға күн сайын ыстық тамақ жет­кі­­зіп, ме­­ди­­циналық бетперде­лер тегін тара­тылды. Осы орайда, облыстық «LIDER.KZ ерік­ті­лер қозғалысы» қо­ғам­дық бір­лес­тігі аудан­­да жақсылық шарапаты мол істі ұйым­дастырып, дамытуға белсенді көмек көр­сетті. Ел үшін жасалатын ерен істің үл­гісін көрсеткен еріктілер Бұланды, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласы арасында жолаушыларды тегін тасымалдау­ды ұйымдастырды. Нұр-Сұлтан қаласынан 30 инфра­қызыл термометр мен 200 химиялық қорғаныс костюмін, 3600-ге жуық медициналық бетперде жет­кізіп берді. Оған қоса созыл­малы сыр­қа­ты бар, емханада тір­кел­ген 120 адамға қажетті дәрі-дәр­мек­те­рін табыс етті.

­Карантин кезінде дәрі-дәр­мек­тің қымбаттап кеткені де бел­гілі. Қозғалыс мүшелері ба­ға­ның тұрақты, қолжетімді болуын ұдайы қадағалады. Жасанды тапшылыққа жол бермеу үшін қала­­дағы дәріханалардың баға­сы­на жиі мониторинг жүргізіп отырды. Қала мектептерінде санитарлық-эпиде­миялық талап­тар­д­ың сақталуын да көзден таса еткен жоқ. Үрей меңдеген осы бір кезде әлдебір себептермен жоғалып кеткен адамдарды іздес­ті­руге де ат салысты.

Волонтерлық жобалардың шағын гранттары байқауының қорытындысы бойынша 300 мың теңгенің грантын ұтып алды. Осы жобаның нәтижесінде төтенше жағдайлар сәтінде жедел әре­кет ететін штаб жұмысы жолға қо­йылды. Берілген өтінімдерге сәйкес термос, әрқилы кеудешелер, дәрі қобдишалары тәрізді қажетті заттар сатылып алынды. Жиырмаға жуық мұқтаж балаға «Мектепке жол» қайы­рым­дылық акциясы шеңберінде көмек көр­сетілді.

Бурабай баурайындағы бере­ке­­лі шаруа ел ішінде қайы­рым­ды жан­дардың көп екенін, осындай қиын сәтте топтаса білетіндігін көр­се­тіп берді.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы