Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Бұл құжат экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, еңбек қатынастарын, даулы мәселелерді реттеу, жұмыспен қамту және еңбекақы төлеудің тиімді жағдайларын жасауға өз септігін тигізеді. Меморандум Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық кәсіподақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің өзара ынтымақтастығына негізделген. Бүгінде 2018-2020 жылдар аралығында жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталыпты. Осыған байланысты, әлеуметтік әріптестік тараптары алдағы үшжылдық кезеңге арналған облыстық үшжақты келісімнің жобасын қайта дайындады.
Облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, өткен жылдары келісім аясында өңірдегі негізгі экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай деңгейге жетті. 2018 жылдан бері комиссияның 21 отырысы өткізілді. Отырыстарда негізінен тұрақты жалақы бойынша қызметкерлердің алдындағы берешекті өтеу және болдырмау мәселесі талқыланатын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 3 млрд теңгеге жуық борыш өтеліп, облыстың 760 кәсіпорнында 18 200 жұмысшының құқығы қорғалды.
– Бірнеше жыл бойы республикада «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылып келеді. Облыста 140 мыңға жуық тұрғын «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына қатысты. Тек 2020 жылы өңірде 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр, – дейді Ш.Бұқтұғұтов.
Айта кетейік, Үкімет 2021 жылдың 12 наурызында жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен кәсіптік одақтар арасында 2021-2023 жылдарға арналған келісімшартқа қол қойды. Осылайша, облыстық үшжақты келісімнің жобасы әзірленіп, еңбекақыны, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын уақтылы төлеуге қоғамдық бақылауды күшейтуге баса назар аударылды.
«ШҚО кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов аталған меморандум аясында 2023 жылдың соңына қарай облыс кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын кемінде 30 пайызға өсіру жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар үшжақты комиссияның одан арғы жұмысы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталатын болады.
– Келісімшарт 8 бөлім, 120 тармақтан тұрады. Жеңілдіктер деңгейінің өсуін, ауылдық елді мекендерде тұратын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт салаларының, ветеринарлық қызметтердің мамандарына көмек көрсетуді көздейді. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын техникалық инспекторларды материалдық ынталандыру тетігі айқындалды, – деді Т.Қасымжанов.
Сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен азаматтардың бірқатары куәліктері бар-жоғына қарамастан, қосымша ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.
Меморандумға қол қою рәсіміне облыстың атқарушы билік органдарынан облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов, «АМАНАТ» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Михаил Айзенберг, жұмыс берушілер тарапынан Шығыс Қазақстан облысы бойынша орман, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі кәсіпорындары өңірлік қауымдастығының төрағасы Виталий Чернецкий қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы