Қаладағы «Асар», «Тұран» шағын аудандарында және Арғынбеков көшесінің бойында көп қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Баспаналардың құрылысын бірқатар ірі компания жүргізіп жатыр. Сала мамандарының айтуынша, бірінші кезекте сапаға мән беріліп, құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау межеленген.
Шымкентте мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған су жаңа пәтерлерді беруде бірінші кезекте көп балалы отбасыларға басымдық берілуде. Күні кеше 100-ден астам көп балалы отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжановтың айтуынша, 2021 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша 2 796 (әр айда 932) азамат тұрғын үй кезегіне тіркелді. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 43 906 азамат бар.
Осы жылдың басында 976 отбасыны жалға берілетін пәтермен қамту жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда жұмыс істейтін жастарға 300 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі қабылданып, пәтерлердің кілттері беріліп жатыр. 1 сәуірде 161 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі шықты. Бұл ретте жетім балаларға 10 пәтер, көп балалы отбасыларға 106 пәтер, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына 45 пәтер беріледі. Комиссияның келесі отырысы мамыр айында өтеді деп күтілуде.
2021 жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 580 пәтер сатып алу жоспарланған. Пәтер сатып алуға 22,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Нарықтағы жеке құрылыс салушылардың тізімі анықталып, талдау жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін кредиттік негізде 4 197 отбасыны пәтермен қамту көзделуде. 2021 жылы мамыр айында жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарна үшін 300 млн теңгеге дейін (әр азаматқа 1 млн теңгеге дейін) тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған.
Сонымен қатар 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен бөлінген 6 млн теңгеге «Тұрғын үй сертификаттарын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі автоматтандырылды. Бұл қызмет бойынша азаматтардың құжаттарын қабылдау – ақпараттық жүйенің www.kezekte.kz сайты арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте тұрғын үйлерді үлестіру тек заң аясында, электронды кезекпен жүзеге аспақ.
Айта кетерлігі, шаһарда жергілікті құрылыс компаниялары да көп қабатты тұрғын үй салу жұмыстарына белсене атсалысуда. «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС – өңірдегі сапалы тұрғын үй салумен айналысатын компания. Жуырда аталған компанияның шаһар орталығында тұрғызған «Бақыт» тұрғын үй кешені ел игілігіне берілді.
Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, нысан екі кезеңмен аяқталған. Алғашқы үйлер 2020 жылдың наурыз айында тапсырылса, екінші кезек осы жолы жүзеге асқан. Жалпы алғанда, 40 мыңнан астам шаршы метр тұрғын жай пайдалануға берілді. Мұндай жоба биылдың өзінде қаланың төрт жерінде жүзеге асып жатыр. Көп қабатты үйде 2-3 бөлмелі бизнес кластағы пәтерлер бар.
«Бұл кешен құрамалы каркас тәсілімен соғылған. Үйге қажетті құралдар «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС-нің зауытында жасалған. Бірінші кезеңде пәтерлерді толық бітіріп саттық. Екінші кезеңде әрлеу жұмыстарын пәтер иесіне қалдырдық. Үйдің сырты табиғи тас – травертинмен қапталған. Жеке көліктерге паркинг бар», дейді Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС қаржы директоры Гүлжан Сыдықова.
Пәтерлер 66-118 шаршы метрден. Әр кіреберісте лифт бар. Тұрғындардың жеке көліктеріне арнайы паркинг жасалған. Бұл пәтерлердің 70 пайызын Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары алды. Салымшылар құрылыс жұмыстары басталмай тұрып несие рәсімдеген. Осы арқылы баспанаға нарықтық бағадан төмен бағамен қол жеткізген.
«Отбасы банктің» Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сұлтановтың айтуынша, заманауи үлгідегі көп қабатты үйдің құрылыс жұмыстары аяқталмай жатып пәтерлер сатылып кеткен. Демек, қалада сапалы көп қабатты тұрғын үйлерге деген сұраныс арта түсуде деген сөз.
Айта кетерлігі, шымкенттік құрылыс компанияларынан бөлек, Bazis-A, Highvill, BI Group сынды жетекші компаниялар да Шымкент нарығына ене бастады. Әрине бұл өз кезегінде қаладағы пәтер тапшылығын азайтуға, екіншіден, тұрғын үйлердің сапасын көтеруге мүмкіндік бермек.
ШЫМКЕНТ