Руханият • 19 Сәуір, 2021

Көкпар – ұлттық мінез

1033 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білек күшінен бұрын жүрек күші қажет. Онсыз серке қолға ілінбейді, көмбе де көңілден алыс. Көк еті жырылғанша көзсіз батырлыққа бару ойын алаңындағы оғландарға серт. Намыс теңізінде салы суға кетсе жай ғана айыпты санамайды өзін, ертең ел бетіне қарауға батпайды. Сондықтан өмілдірігін үзердей алқынған аттар мен үзеңгісіне шірене отырып қиқуға қиқу қосқан қазақ азаматтарының бұл шабысы бөлек. Бұл – неше мыңжылдықтан бері жалғасқан ұлттық ойын – көкпарды білекті де жүректі жігіттердің тартқан сәтінің көрінісі.

Көкпар – ұлттық мінез

Көңілге ой салған «Көкпар» картинасы. Шығарманың иесі Қазақстан Суретшілер ода­ғының мүшесі Абай Чун­ча­линов. Қылқалам шебері ат жарысы, тартыс пен дода бірігіп кеткен қазақ халқының ұлттық ойыны көкпарды бейнелеуге тырысқан.

 Көшпенділер мыңдаған жылдар бойы көкпар тарту арқылы мінездерін шың­даған және қайсар жауын­гер әрі шебер шабандоз ре­тінде өз дағ­дыларын жетіл­дірген. Бағзы зороастризм заманынан белгілі бұл ат ойыны қазақтардың ғана емес, қырғыз, тәжік, өзбек және Ор­талық Азияның өзге де х­алықтарының арасында да кең таралған.

Біз картинадан әрбір адам шоғыр­ланған энергияның жиынтығы ре­тінде көрінетін жартылай жалаңаш ша­бан­доздарды көреміз. Олардың атта­ры айқыш-ұйқыш бірлесіп кеткен. Күрделі бұрылыстар қисайып кеткен бет-әлпеті, ой­ын­шылардың ширыққан бұлшық еттері, аттардың ұйпа-тұйпа болған жал-құйрығы, адырайған көздері, олар­дың қозғалысындағы жанкештілік, міне, осылардың барлығы басты сый «серке» үшін күресте кері шегінудің мүм­кін еместігін дәлелдейді. Шеңберге тұйықталған композиция шабандоздарды біріктіреді.

Олардың қозғалысы сер­кенің айналасына құрылған. Бірінші пландағы қара тұл­парға мінген шабандоз шең­бер композициясын аздап бұзып тұр, алайда оның өзі композицияға қозғалыс қосып тұр. Еркін бейнелі түстер ма­ңызды элемент саналады. Бояу­лардың жалпақ, ширақ жағылуы алды-артын орап ала­тын қозғалыстың ажырамас бөлігіне айналады. Туынды шапшаң қозғалысты, мұны дөңес жазық пен қалықтап ұшып бара жатқан ақ бұлттар да білдіреді.

Көкпар – ұлттың мінезі. Автор шы­ғармасы арқылы осыны дәлелдейді. Үй іргесінен дүбірлетіп аттар өтсе қаны тулап, кермедегі тұлпарына тұрман сала­тын қазақтың бітім-болмысы, мінез-қал­пы осы ойында жатыр. Картина соны айғақ­тап тұрғандай.