Ең үздік нәтиже орта салмақта күш сынасып жүрген Геннадий Головкинге тиесілі екені анық. Себебі, даңқты отандасымыз бұл күндері IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленуде. Дәл сол салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы мен Мейірім Нұрсұлтанов 9 және 10 орындарды еншілеуде. Оларға қарағанда Айдос Ербосынұлының көші әлдеқайда ілгері. Бірнші орта салмақта өнер көрсететін қандасымыз төртінші сатыға табан тіреп тұр. Айдос 17 сәуірде Германияның Карлсруэ қаласында өткен жарыста ресейлік Евгений Шведенкомен жұдырықтасуға тиіс еді. Алайда қазақ боксшысының коронавирус дертіне шалдығуына байланысты бұл жекпе-жек кейінге шегерілді. Сондай-ақ, «ТОП-10» саңлақтың қатарында Данияр Елеусінов пен Батыр Жүкембаев та бар. Олар өз салмақтарында сегізінші орынға табан тіреді.
Бір айта кетерлігі, жоғарыда есімдері аталған қазақ жігіттерінің бірде-біреуі әлі жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Егер алдағы уақытта осы бағыттарынан жаңылмай, қарсы келгендерін қоғадай жапырса, онда олардың да әлемдік тәж үшін таласуына тамаша мүмкіндік туындайды.