Балықтардың жасанды өсімін молайту мақсатында ағымдағы жылы балық өсіру маусымы басталғаннан бері Балық шаруашылығы комитетінің «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК бекіре балық түрлерінің 18 дарағын ұстады.
19 сәуірде Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын жасанды өсіру мақсатында ағымдағы жылғы 29 наурызда Жайық өзенінде ұсталған, салмағы 150 кг аналық қортпа балығынан тірідей күйінде 20,3 кг уылдырық алды.
Ұрықтандырылған уылдырықтар дернәсіл кезеңіне дейін инкубациялау үшін аппараттарға салынды, содан кейін бассейндерінде өсіріліп, бұдан әрі өсіру тоғандарына отырғызылатын болады. Ол жерде орташа салмағы 3-5 грамм болатын 600 мың дана қортпа шабақтарын алуға болады деп болжануда. Өсірілген қортпа шабақтары ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында табиғи ортаға жіберіледі.
Қазіргі уақытта аналық қортпаның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Үйсіндіру әрекетінің нәтижелеріне байланысты ол аналық табынды қалыптастыру үшін пайдаланылатын болады, ал қолда ұстау мүмкін болмаған жағдайда Каспий теңізіне жіберіледі.
Жалпы алғанда, 2021 жылы табиғи мекендеу ортасына бағалы балық түрлерінің 110,5 млн дана шабағын, оның ішінде 7 млн дана бекіре шабақтарын шығару жоспарланған.