Руханият • 20 Сәуір, 2021

Арманға қанат байлаған...

502 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр ұлы ақынның айтулы мерейтойы аясында «Абай» телеарнасы ашылып, мәдени-рухани өміріміз жаңаша бір серпілгендей болды. Қазір осы арнадағы «Руханият», «Сарасөз», «Үркер», «Жәдігер», «Бір туынды», «Дәуір даналары» атты тарих пен өнерді кең қамтыған байыпты бағдарламалар көрерменнің көз қуанышына айналды. Осы қатарға өз ортасынан оза шауып жүрген сан қырлы мамандық иелерін дәріптейтін «Есімдер» бағдарламасын қосар едім. Жақында содан «Астана Балет» театрының жетекші солисі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Риза Қанатқызы туралы жып-жылы хабар берді. Соны көріп отырып, талантты балеринаның өнер жолына қызықтық. Оның айтқан әрбір сөзінен қазақы тәрбиенің қайнарына қанып өскендігі байқалып тұрды. Жас болса да балет өнерінде өз қолтаңбасы қалыптасқан.

Арманға қанат байлаған...

Адамның бойындағы қандай да бір қабілет балалық шағынан байқалады. Біздің кейіпкеріміз де би өнеріне бала күнінен бейім болды. Анасының жетелеуімен жеті жасынан көркем гимнастикамен айналысты. Әкесі он жасында Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесіне оқуға берді. Алғашында үйден алысқа ұзап көрмеген жас жеткіншекке жаңа ортаны қабылдау оңай болмады, ептеп тосырқады. Бір жағынан, мұндағы сабақтың дені орысша өтеді. Балеттегі қолданылатын терминдер де орыс тілінде айтылады. Тәлімгерлер де балаларға бидің қыр-сырын орысша үй­ретеді. Риза болса таза қазақы от­басында өскен, орысшаға шор­қақтау. Соған қарамастан алға ұмтыла берді. Оған Бақыт Сүлеева деген ұстазының көмегі көп тиді. Ол кісінің өзі қазақша жетік білмесе де оқушысына білгенін үйретуге тырысты. Кейін өзі шә­кір­тінен қазақша үйреніп, тәп-тәуір сөйлейтін дәрежеге жетті.

Осылай аталған оқу ор­нын­дағы қиындығынан қызығы көп күндер жер апшысын қуырған жүйріктей зулап жатты. Он жасында оқуға келген өнерпаз өрен­нің ойы ысылып, бойы өсті. Күрделі балет өнерінің өрнегін түсінді. Риза осында табандап сегіз жыл оқыды. Оқу үдерісі же­ңіл болмады. Себебі мектеп бағдарламасымен бірге би өнерін қатар алып жүрді. Түске дейін сабақта, түстен кейін дайындықта болды. Ақыры төгілген тер мен еселі еңбек далаға кеткен жоқ. Балет биін бір кісідей үй­реніп шықты. Осында оқып жүріп, алғашқы байқауларға да қатысты. Онда да айы оңынан туып, «Өрлеу» хореографиялық оқу орындарының халықаралық бәй­гесінде жүлдегерлер қата­рынан көрінді. 2010 жылы Берлиндегі «Би олимпі» халықаралық бай­қауында топ жарып, бірінші орын алды. Жасынан жарқырап көзге түскен ол 2012 жылы училищені ойдағыдай тәмамдаған соң, сол жылы бас қалада ашылған «Ас­тана Балет» театрына қабыл­дан­ды. Содан бастап Риза Қанат­қызының балет өнеріндегі даңғыл жолы басталды.

Жалпы балет – бекзат өнер. Қа­зақшалап айтқанда, ол екі адамның біріне жалын ұс­татпайтын асау жылқы секілді, кіді мінезді. Балет – өнердің ішіндегі ең күрделісі. Осы өнердің биігіне шыққан әр өнерпаздың ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар. Мысалы, бір би­ші сахнада көрерменді шынайы қимылы мен эмоциясы арқылы баураса, екіншісі – кейіпкерінің әсем бейнесімен тартып әкетеді. Үшінші өнерпаз техникалық шебер­лігімен ерекшеленеді. Енді оны балетті жан-тәнімен жақсы кө­ретін талғампаз жұрт жіті бай­қайды.

– Біз би арқылы өз көрер­ме­німізге жүрегіміздің үні мен сырын жеткізуге тырысамыз. Әри­не, балет өнерін түсіну, ұғу оңай емес. Осы театрға келгеннен бері сахнада әр түрлі жанрда қойылған спектакльдердегі кейіп­керлерді сомдадым. Олардың ішкі жан сыры, эмоциясы, техни­касы бір-біріне ұқсамайды. Сонда да мен соларды ойнай жүріп, өз шеберлігімді ұштадым. Балеттегі би түрі: классика, неоклассика және қазіргі заманауи болып үшке бөлінеді. Мұнда ең қиы­ны – классика. Онда артық қи­мыл жасай алмайсыз. Қатты аяқ киіммен билейсіз. Ал неоклас­сикада өзіңізді еркін ұстап, сон­шалықты қиналмайсыз. Қалай болғанда да көрерменге рухани ләззат сыйлап, сахнада өтіп жатқан оқиғаға сендіре білу үшін бишіге физикалық күш пен эмоция қажет. Оның бәрі шеберлікті, ізденісті талап етеді, – дейді ке­йіп­­керіміз ағынан жарылып.

Еліміздің ғана емес елорданың да руханиятына жылы леп әкелген «Астана Балет» театрының қор­жы­нындағы репертуарлар өте бай, сан түрлі болып келеді. Оны орын­дап жүрген әртістердің де дең­гейі жоғары. Олардың арасында бізге ғана емес, бірқатар шет мемлекетке танылған таланттар да жетеді. Солардың алдыңғы қатарында жүрген саңлақтың бірі – Риза Қанатқызы. Бүгінге дейін ол ойнаған рөлдердің өзі біразға жетіп қалды. Әсіресе елорда тұрғындары мен қонақтары тамсанып көрген қойылымдар ара­сында «Әлемдегі» – Сәруарды, «Жусандағы» – Жусан мен Ұмай­­ды, «Клеопатрадағы» – Клео­­патраны, «Щелкунчиктегі» – Араб қуыршағын және «Жи­зель­де» – Миртаны сомдап, ға­жайып бей­нелер галереясын жасады. Ал отандық туындылар ішінде «Қыз Жібек» балетінде Жібектің бейнесінде көрініп, қазақ аруының адал сезімі мен мөлдір махаббатын саф таза күйінде жеткізіп, кө­рермендердің ықы­ласына бөленді.

– Жібек бейнесі мен үшін ыстық. Сырлы сұлулықтың иесі болған арудың есімін бала ке­зімнен білемін. «Қыз Жібек» филь­мін де талай мәрте қызығып көргем. Сондықтан табиғатыма жақын болғандықтан онша қинала қоймадым. Қойылым қысқа ми­ниа­тюра болса да Жібектің жан-дүниесін тербеген нәзік сырын жеткізуге күш салдым. Сондай-ақ «Жусан» балетіндегі кейіпкерім де көңілімнен шықты. Соңғы жасаған образдарымның бірі, «Махаббат аңызы» балетіндегі татар халқының ханшайымы – Мехмене Бану. Шынымды айтсам, мен осы кейіпкерді ойнау­ды көптен армандадым. Бұл шы­ғарманы Ресейден келген хо­реограф қойды. Мехмене Бану – өмірде ақылы мен көркі сай, мықты әйел болған. Мен соны ашып көрсетуге барымды салдым, көрермен жылы қабылдады, – деді ол.

«Астана Балет» театрының іртістері елімізде ғана емес, Париж, Лондон, Бейжің, Сеул, Токио, Милан секілді әлемнің бірқатар әсем шаһарларының сахналарында өнер көрсетіп жүр. Сонда шетелдік көрермендер біздің ұлттық қойылымдарымызға, әсіресе көнеден жалғасып келе жатқан қазақ биін қызығып кө­ретіндігін айтады.

Риза бір сөзінде халқымыздың аяулы қызы, атақты балерина, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованы өнер жолында үлгі тұтатындығын айтып қалды. «Алтынай апайды сүйікті балеринам ретінде жақсы көремін. Ол кісінің билегені ғажап, сах­наға шыққандағы сұлулығын сөзбен жеткізе алмай­мын. Оны тек көзбен көру керек. Сондықтан Алтынай Әбдуахим­қызы секілді жер жүзіне танымал болу – әр балет әртісінің арманы. Менің де үкілі арманым сол» деп кү­лімсіреді кейіпкеріміз. Бүгінге дейін Риза Қанатқызының қол жеткізген табыстары жетерлік. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының стипендианты, 2016 жылы III халықаралық балет әртістері байқауында «За­манауи хореографияны үздік орындағаны үшін» арнайы жүл­десімен ма­рапатталған. Ендеше арманға қанат байлаған өрелі өнерпаздың алар асуы әлі алда деп сенеміз!