Руханият • 20 Сәуір, 2021

«Ағам бар еді мір тілді...»

858 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әттең бір қапы дүние-ай!

Бұл мақала бұрынырақта, кейіпкердің көзі тірісінде жазылғаны жөн-тұғын. Керенаулықтың кесірінен созбалаққа салып жүргенде Жетісудан жайсыз хабар жетті. Өзектегі өкінішті басудың ендігі жолы – марқұмның мына өмірдегі өнегелі істерін еске алу болса керек.

Ағам туралы айтарым көп-ақ сияқты еді. Ақ қағазға қол артсам болды, қара қаламнан сөз сорғалап қоя беретіндей көрінетін. Ендеше, ежіктеп кітап оқыған бастауыш сыныптың баласындай кібіртіктеп отырғаным қалай? Сірә, өзім аса құрмет тұтқан адам жайында азасөз жазуға қиналғандығымыз шығар.

 

«Ағам бар еді мір тілді...»

 

Таяуда дүниеден өткен тарланбоз Тұрсын Әбдуәли уни­верситетті енді ғана бітірген уыз­дай жас кезімізде қарамағына жұмысқа қабылдаған, әкелік қамқорлықпен басымыздан сипап, бауырға тартқан, қалаған кәсібіміздің қыр-сырына қа­нықтырған ұлағатты ұстазымыз болатын. Сол бір жариялылықтың жалауы желбіреп, қайта құрудың қазаны бұрқ-сұрқ қайнаған қалаймақан заманда ол тізгінін ұстаған Талдықорған облыстық «Октябрь туы» (кейіннен «Жер­ұйық») газеті іле-шала оқыр­манның ірі рухани олжасына айналды. Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясын тауы­сып келген жаңа редактор ба­сылымның бағытын басқа ар­наға бұрды. Десі жүріп тұрған демократияның демін дер кезінде сезіне білді. Тоңы жіби бастаған тоталитарлық жүйенің іргетасы әбден іріп-шірігенін әлдебір ішкі түйсікпен түсінгендіктен уа­қыттың өзі ұсынған ұтымды тақырыптарды көтеруден тартынбады. «Жерұйықтың» бірінен-бірі өткен жүйрік журналистері көшелі көшбасшысына қарап қалам түзеді. Соның арқасында редакция қоғамдық ой-пікірдің қозғаушы күшіне айналды. Әкіреңбай әкімдердің тізесі бат­қан әлсіз әлеумет әділет іздеп Әбдуәлиұлының алдына келетін. Биліктің бишігінен таяқ жеген талай жанды жұбатып қана қоймай, күрмеуі қиын мәселелерін көп күттірмей шешіп бергенін кө­зіміз көрді. Астамсынған атқа­мінерлерді қалай тәубесіне түсір­геніне куә болған сәттеріміз де жетерлік. Арыз-шағымдардың аяғы кейде улы-шулы мақалаларға ұласып, тоңмойын бишігештердің басынан бағы тайып қызметтен кетуімен аяқталып жататын.

«Жерұйық» егемендіктің елең-алаңында-ақ елдік мә­се­лелерді екшеп, ұлт ұпайын түгендеуге ұмтылды. Әсіресе ана тіліміздің ая­нышты халін арқау еткен мән­ді мақалалар көпшіліктің кө­кейіндегісін тап басқаны талассыз. Мұны жоғары жақтағылар жақтырмады. Содан құрылтайшы мен оның баспасөз органы арасында қарама-қайшылық туындады. Бұған дейін ондай «сұм­дықты» көрмеген обкомдағы дө­кейлер жағаларын ұстап, «бүйректен сирақ шығарушы» бүлікшілерді басып тастауға ты­рысты. Алайда Т.Әбдуәли бас­таған қаламгерлер қауымы алған беттерінен қайтпады. Іс насырға шапқан соң обкомның бірінші хатшысы А.Жигулин редакцияға келіссөз жүргізуге келді. Кергілескен кездесу со­ңында ақ үйдегі ағзам амалсыз шегініс жасап, жылдар бойы пәтер ала алмай пұшайман болған әріптестерімізге жеделдетіп жеке үй салу жөнінде шұғыл шешім қабылдады. Тығырықтан жол тапқандай енді еркін тыныс­тай бастаған «Біріншіге» бас редакторымыз тағы тап берсін.

– Анатолий Сергеевич, мына қамқорлығыңызға мың қайыра рахмет. Бірақ бұл құрылыстың бітуін кейбір қызметкерлеріміз күте алмайды. Сөздің қысқасы, бізге едел-жедел екі-үш үй берме­сеңіз болатын емес.

– Бопты!

Сол «срочный» үш пәтердің бірі жас маман ретінде осы жол­дардың авторына тигенін айтуға тиіспін. Арада аз ғана уақыт өт­кенде уәделі үй де бой көтеріп үлгерді.

Ел мүддесін ең басты мұ­рат санаған «Жерұйық» сайып­қы­рандары «тосын сыйға» алданып тосырқай қоймады. Қазақтың жоғын іздеу жолындағы ізгі жорықтарын жалғастыра берді. Басылымды ұзақ жылдар бойы басқарған Ғайыс Егембердиев ақсақал жарқ еткізіп «Қалмайды кімдер жаяу...» атты жанайқайын жариялады. Қаладағы ұлттық мектептің аздығын ашына алға тартып, осындай сорақылыққа саусақ арасынан сығалай қарап отырған өңір басшылығын өлтіре сынады. Бұл енді айға атылған арыстанның кебін кигендей көзсіз ерлік еді. Өз газеті өзіне қасқая қарсы шапқанына «жыны» ұстаған өлкенің өктем қожайыны А.Жигулин «көтеріліс көсемдері» Тұрсын Әбдуәлиев, Кемел Құсайынов және Камал Әбдірахмановты кеңсесіне ша­қыртып, айғай-аттанға басады. «Бәлем, сендерді ме, сең соққандай сергелдеңге түсірмесем бе... Тен­тіретіп тезек тергізіп жіберем. Көздеріңе көк шыбын үймелетем. Ойнапсыңдар, мемлекеттік машинамен...». Бір қызығы, дүмі мықты мырзаның дөң-айбатынан аналар ыға қоймапты. Тіпті, Камал Әбдірахманов «қолыңнан келгенді істеп ал» деп қолын бір-ақ сілтеп есікке қарай беттейді. Мұндай мінезді күтпеген хатшы кәрін енді газет басшысына төгеді. «Қызметкеріңізді дереу кері қайтарыңыз!». Сонда ғой Түкеңнің сасып-салбыра­май «Өзіңіз қызық екенсіз, бүкіл облысты билеп тұрған сізді тың­дамаған «тентек» менің сөзімді құлағына қайдан қыстырсын...» деп жайбарақат отыра беретіні.

Осы оқиғадан соң онсыз да оңып тұрмаған жағдай одан сайы­н ушықты. Дегенмен демократия дәуірлеген тұс емес пе, бас редактордың басын қағып тас­тауға дәулердің дәті шыдамады. Оның үстіне «қайсысы жеңер екен» деп қалың жұрт қарап отыр. Шайқастың шарықтау шегі республиканың ресми үні – «Egemen Qazaqstan» бетінде «Жер­ұйықтың» жампоздары Тәкен Әліпбаев, Қанат Асқаров, Кемел Құсайынов қол қойған «Қылығы қыңыр, ісі жат» атты «бомба» мақаланың жарық көруі болды. Сонымен қойшы, Шерхан (Мұртаза) шері бірден басқан сол мақала Жигулиннің түбіне жетті. Кезекті есеп-беру сайлау конференциясында шектен шық­қан шенеунік шекпенін шешті.

Ең ғажабы, жеңіске жеткен «Жерұйықтың» редакциясына қызметтік амбицияны жиып қойып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы, кезінде Талдықорған облысын басқарған В.Г.Ануфриевтің өзі келді. Түлкі бұлғаңға салып әртүрлі әңгіме қозғады. Кетерінде «Да­вайте жить дружно» деді іші қан жылап тұрса да өтірік күлген болып.

Солай... Оқта-текте осынау оқиғалар ойға оралса кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Өйт­кені мұндай жетістікке бірде-бір үнжария жеткен жоқ. Облыстың бірінші хатшысын былай қойып, ЦК-ның екінші секретарын өз дәргейіне келтірген басылымды Алтай мен Атырау арасын алты айналсаңыз да таба алмайсыз.

Іргелі істердің бәрінің басында жүрек жұтқан бас редак­то­рымыз Тұрсын Әбдуәли тұр­­ғанын айтпасақ арымызға сын. Жарықтық жалпақ жұрт­тың сөзін сөйлеуге келгенде алдына жан салмайтын. Ақи­қаттың атын қамшылап, тура­шыл­дықтың туын көтеретін. Жоға­рыдағыларға жалтақтап, жағынуды білмейтін. Сондықтан да сойыл ұстап соңынан түскен ұлықтар «ұстайтын» жерін іздеп түн ұйқыларын төрт бөлетін. Бастығының батылдығынан үлгі алған бағыныштылары да еш­теңеден қорықпай қоғамның қотырын қанын шығара қа­ситын. Бірде облыстық саяси ағарту үйінде өткен үлкен жиын­да «Жерұйықтың» от ауыз­ды тілшілері Желтоқсан оқи­ғасынан кейін атақты ақы­ны­мыз Олжас Сүлейменовке тіл тигізген обкомның үгіт және наси­хат бөлімінің меңгерушісі П.И.Метель­скийдің ит терісін басы­на қаптады. Дөңгелек үстел­дің төрінде дөңкиіп отырған КПСС Орталық Комитетінің жауапты қызметкері Захарченконың мысы оларды баса алмады.

Ел-жұртына елеулі ерен тұл­ғаның еңбегіне кеңірек тоқталуды мақсат етпедік. Сон­дықтан шы­ғар­машылық же­тістіктерін, алған марапаттарын, жазған кітап­тарын тегіс тізіп жатпадық. Тек, бір-екі мысалмен ғана адами асыл қасиеттерін аңғартқымыз келді. Ке­ңінен көсілуді көлем көтер­мейді. Абзал ағамыздың кезінде «Еге­меннің» меншікті тілшісі бол­ғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

...Қазақтың әйгілі жазушысы Әнуар Әлімжанов дүниеден қайт­қанда ақын інісі Сәкен Има­насов «Ағам бар еді мір тілді, Жағам бар еді жыртылды» деп азалы өлең жазғаны есте. Бүгін сол кепті біз де кешіп отырғандаймыз. Ақиқаттың алмас қылышындай өткір тілді өжет көкеміздің жар­қын бейнесі жадымызда әлі талай жаңғырары анық. Жан жары Рәш тәтеміз бен балаларына Құдай сабыр беруін тілейміз. Арда рухты азаматты алдынан жарылқасын!