Аймақтар • 20 Сәуір, 2021

Шығыста шектеу күшейді

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдыңғы тәулікте Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 індеті 105 адамнан анық­талды. Бір тәулік үшін аз көрсеткіш емес. Жалпы өңірдегі эпидемиялық жағдай­ды бағалау матрицасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы «сары аймаққа» ауысқан­дықтан, қосымша шектеу шаралары енгізілді. Демек, жайбарақат жүруге болмайды.

Шығыста шектеу күшейді

15 сәуірде облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері өңір халқы арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясымен сырқаттанушылықтың алдын алу жөніндегі шараларды күшейту туралы №5 қаулыға қол қойды. Қаулы 19 сәуірден бастап күшіне енеді. Аталған қаулыда ең бастысы, Алматы, Қарағанды облыс­тары тарапынан Шығыс Қазақстан облысының сыртқы шекараларына кіруді/шығуды бақылау үшін санитарлық бекеттердің жұмысы жалғасатын болады. Бильярд, балалар ойын-сауық орталықтарының, банкет залдарының жұмыс істеуіне және еске алу рәсімдерін өткізуге тыйым салынады. Ал білім беру және тәрбиелеу объектілерінің жұмыс тәртібі айқындалған COVID-19 коронавирустық инфекциясының бір-екі жағдайы тіркелсе, топ карантинге жабылады. Ал қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Кейбір жағдайда жақын байланыста болған азаматтар да онлайн режімде қызметтерін жалғастырады.

Аймақтағы ахуал күрделеніп бара жат­­­қан сәтте жаппай санитарлық талаптарды ұстанған жөн-ау. Алайда ережеге құлақ аспайтындар да бар. Өткен аптадан бастап Өскемен және Семей автобус аял­­дамаларында полиция қызметкерлері жұмыс істей бастады. Бір апта ішінде олар аза­маттардан сыпайы түрде бетпер­де кию­ді сұрайтын болады. Сонымен қатар Өске­меннің аялдамаларына ішкі кесте­леріне сай мұғалімдер де шықты. Олар бет­перде тақ­паған оқушыларға түсіндіру жұмыс­тарын жүргізетін көрінеді.

Өңірде бас санитарлық дәрігердің қаулысы аясында қойылатын тиісті талаптардың сақталуына мониторинг жасалып, құзырлы органдарға баяндалып отырмақ. Әйтпесе, халықты қарапайым ережелерге бағындыру қиындып бара жатқан секілді. Өкінішке қарай, соңғы екі аптада Аягөз ауданында инфекция жұқтыру жағдайының өсуі байқалады. Анықталғандай, 14 күн ішінде тіркелген 43 жағдайдың 39-ы сырттан әкелінген. Яғни «KAZ Minerals Ақтоғай» ЖШС-не жұмысқа келген басқа өңір тұрғындарынан анықталған. Осыған байланысты, кәсіпорын басшылығына жағдай тұрақталғанға дейін бірқатар облыс­тардан адамдарды әкелуді тоқтату қажеттілігі туралы хат жолданады.

Еске сала кетсек, Бас санитарлық дәрігер­дің қаулысына сәйкес ереже ескерілмеген жағ­дайда, заң аясында шара қолданылады. Ол үшін мо­ниторингтік топтың жұмысы жалғаса бермек.

 

Шығыс Қазақстан облысы