Қазіргі жағдай, халықты вакциналау барысыжәне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндады.
Вирустың репродуктивті көрсеткіші республика бойынша 1,065 құрайды. Инфекциялық төсек орындарының жүктемесі – 41%, реанимациялық төсек орындары – 27%. Қазіргі уақытта Covid-19 таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Ақтөбе облыстары тұр. Қостанай және Түркістан облыстарын қоспағанда, қалған барлық өңірлер – «сары аймақта».
«Халықты, әсіресе, қамтылуы төмен өңірлерде вакциналауды кеңейту қажет. Ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды нақты орындау керек», деді А. Мамин.
Премьер-Министр коронавируспен ауырып қалған науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге және дәрі-дәрмектердің болуына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Әкімдіктерге денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мобильді мониторингтік топтардың белсенді қатысуымен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз ету тапсырылды.