Руханият • 20 Сәуір, 2021

«Хан моласы» қазба орнында зерттеу жұмыстары жүріп жатыр

445 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Музей-қорық археологтары «Хан моласы» қазбасындағы ерекше қабірхананы топырақтан ашу бойынша зерттеу жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Хан моласы» қазба орнында зерттеу жұмыстары жүріп жатыр

Былтыр музей-қорық археологтары 1861 жылы әскери топограф А.Е. Алексеевтің сызған Сарайшық қаласының сызба-картасында белгіленген «Хан моласы» орнына археологиялық қазба жұмысын жүргізген болатын.

Бұл жерде «Хан моласы» болғаны жөнінде халық аузында айтылатын этнографиялық материалдар да растайтын. Бірақ қазба орнында анықталған ерекше қабірхананы түгелдей ашу үшін қазбаны кеңейтуге осы маңда жерленген ескі бейіттер кедергі келтірген еді.

Биыл Атырау облысы əкімдігі мен Махамбет ауданы əкімдігі қолдауымен және демеушілердің көмегімен «Хан моласы» қазбасы маңында жерленген 20 бейітті көшіру жұмыстары жүргізілді. Ол жұмыстар 30 наурыз бен 4 сәуір аралығында өтті.

Осыдан 150-70 жыл бұрын жерленген адам сүйектері жаңа зиратқа қайта жерленді. Музей-қорық мамандары бұл жерленген адамдардың ағайын-туыстарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олармен келісімге қол жеткізген болатын. Қазіргі кезде музей-қорық археологтары «Хан моласы» қазбасындағы ерекше қабірхананы топырақтан ашу бойынша зерттеу жұмыстарына кірісті.