Әзірге үш жерлесіміз өздерінің тұсаукесер кездесулерін өткізіп үлгерді. 75 кило салмақтағы Әбілхан Аманқұл нидерландықтық Макс Ван дер Паспен жұдырықтасты. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарының финалисі, құрлық біріншілігінің қола жүлдегері деген дарай атағы бар қандасымызға қарсыласын қапы қалдыру еш қиындық туғызған жоқ. 57 кило салмақта өнер көрсеткен Оразбек Асылқұлов италиялық Халит Фрицмазды жақсылап тұрып сабады.
Өкінішке қарай, Нева жағалауындағы жарыста 63 кило салмақтағы Зәкір Сафиуллиннің жолы болмады. Талай ірі додаларда ысылған тәжірибелі боксшымыз ойда-жоқта молдовалық Александр Проскивтен жеңіліп қалды.