Қоғам • 20 Сәуір, 2021

Елімізде нотариалдық құжаттар QR кодпен берілетін болады

363 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әділет вице-министрі Азамат Әмірғалиев Қазақстанда нотариустарда расталған құжатқа QR-код берілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz 

Елімізде нотариалдық құжаттар QR кодпен берілетін болады

«Болашақта нотариустар қағаз мұрағатынан бас тартады. 2021 жылы 1 шілдеден бастап жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді ресімдеу үшін барлық өңірге ортақ жүйе енгізіледі. Егер бұрын бұл мәмілелер орналасқан жері бойынша нотариуста куәландырылған болса, енді тараптар орналасқан жеріне қарамастан кез келген нотариус қызметіне жүгіне алады. Бұдан бөлек әрбір нотариус құжатына QR-код беріледі. Ол бірегей және құжатты бұрмалаудың алдын алады», деді ол.

Сондай-ақ электронды құжаттарға қағазға балама ретінде тең құқық беріледі.

«Бұл азаматтардың уақытын үнемдеуге және құжатты пошта және курьер арқылы жіберуден аулақ болуға мүмкіндік береді», деді Азамат Әмірғалиев.

Айта кетерлігі, құқықтар мен заңды талаптарды тоқтатуды тіркеу бір жұмыс күнінде қаралады. Бұл меншік иелеріне өз мүліктерін тез арада өткізуге мүмкіндік береді.