Қазақстан • 20 Сәуір, 2021

2024 жылға дейін 19 құс фабрикасы салынады

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейін арттыру мәселелері қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров қазіргі таңда министрлік Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеп жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

2024 жылға дейін 19 құс фабрикасы салынады

Оның негізгі әлеуметтік-экономикалық міндеттері:

1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру;

70 мың отбасылық шаруашылық құру;

500 мыңға жуық адамды ауыл шаруашылығында жұмыспен қамту;

 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарта отырып, 7 экожүйе құру.

Аталған міндеттерге қол жеткізу үшін ауылда тұрақты жұмыс орындарын құруға және ауыл халқының табысын арттыруға мүмкіндік беретін инвестициялық жобалар іске асырылады. Жалпы республика бойынша бес жыл ішінде 4,5 трлн теңге сомаға 845 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде биыл 335 млрд теңге сомасына 285 жобаны енгізу жоспарлануда.

Қазіргі таңда аталған инвестициялық жобалар өңірлердің әкімдіктерімен және инвесторлармен пысықталды. Сәйкес Жол карталары бекітіліп, оның шеңберінде министрлік тұрақты түрде олардың іске асырылуына бақылау және мониторинг жүргізуде. 

«Бұл жобалар Мемлекет басшысының 7 ірі экожүйені құру жөніндегі тапсырмасының ажырамас бөлігі болады, оның шеңберінде дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және өңдеу бойынша экожүйені құру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында астық өндіру және өңдеу жөніндегі «BioOperations» ЖШС зәкірлік кәсіпорны бар экожүйесі құрылуда, ол астық дақылдарын тереңдете қайта өңдеу зауытын, құрама жем зауытын, құс шаруашылығы кешенін, сүт-тауарлық фермасын және аталған кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы өндірушілерін біріктіреді. Өңірлік мамандандыруды ескере отырып, елдің барлық өңірлерінде ұқсас экожүйелер құру жоспарлануда»,  деді ауыл шаруашылығы министрі.

Жалпы импортты алмастыру аясында 2024 жылға дейін 19 құс фабрикасын, жыл сайын 35 тауарлық сүт фермасын, 9 ет комбинатын іске қосу, сондай-ақ Жамбыл облысында 1 жаңадан қант зауыты құрылысы жоспарланған. 6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақ отырғызу көзделген. Бұл жобаларды енгізу ауылда 20 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. 

Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы аясында алдағы бес жылда ауылда 250 млрд теңге сомасына 50 мың микрокредит беру жоспарланып отыр.  Аталған бадарлама бойынша өткен жылдың өзінде осы мақсаттарға 43,2 млрд теңге бағытталды, бұл 11 мыңнан астам микрокредит беруге мүмкіндік берді, оның 60%-ын стартап-жобалар құрайды. Бағдарламаны іске асыру ауылда 11 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. 

Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген кредит беру аясында 2025 жылға дейін етті мал шаруашылығында 175 млрд теңге сомасына 2500 шаруашылыққа кредит беру жоспарлануда, нәтижесінде 10 мың жұмыс орны құрылады.

Қой шаруашылығында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 117,2 млрд теңге сомасына 11 мың шаруашылыққа кредит беру жоспарланған, бұл 33 498 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

 «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жыл сайын көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінеді. Ағымдағы жылы 2400 тауар өндірушіге 3 млн га алаңға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін жалпы сомасы 70 млрд теңге қысқа мерзімді кредит беру көзделген. Бүгінгі күні бағдарлама шеңберінде 1923 ауыл шаруашылығы еңбеккері жалпы сомасы 63 млрд теңгеге қаржыландырылды»,  деді С. Омаров. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап 24,5 млрд теңге сомасына дәнді және майлы дақылдарды кепілді форвардтық сатып алу тетігі енгізілді және іске асырылды, нәтижесінде 516,9 мың тонна дәнді және майлы дақылдар сатып алынды. Ағымдағы жылы 45,3 млрд теңге сомаға форвадтық сатып алуды өткізу жоспарланып отыр, яғни бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту көбінесе ауылдық аумақтарды, оның ішінде ауылдағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қолдау жөніндегі бағдарламалардың тиімді іске асырылуына байланысты. Бұл бағытта Үкімет белсенді түрде шаралар қабылдауда, соның ішінде ауылдық елді мекендерде тұрғын үй құрылысын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жолымен дамыту, ауыл халқын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын жөндеу бойынша шаралар қабылдауда.  

Бұдан басқа, ағымдағы жылы ауылда тұрғын үй салудың жаңа тетігін енгізу жоспарлануда, ол ауылдарда қызметкерлер үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс беруші шығындарының 50%-ын субсидиялауды көздейді, бұл ауылдық жерлерге жас кадрларды тартуға мүмкіндік береді. Бұл бастаманы агробизнес бірнеше рет көтерді және Үкімет оны қолдап отыр. Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есе арттырып, салаға 4,5 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.