Жаңашыл бастаманың тағы бір ерекшелігі – QR-код көмегімен нотариуста ресімделген кез келген құжаттың қаншалықты түпнұсқа немесе жалған екенін де ажыратуға болады.
Әділет вице-министрі Азамат Әмірғалиевтің айтуынша, министрлік пен республикалық нотариалдық палата бірлесіп қолға алып отырған жоба аясында е-нотариат ақпараттық жүйесі мен egov mobile қосымшасын да интеграциялау көзделген.
Интеграция осы аптада аяқталады. Келесі аптадан бастап ел азаматтары нотариалдық қызмет көрсету кезінде электронды жеке куәліктерін пайдалана алады.
– Келесі жылдан бастап Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде нотариаттық құжаттарды сақтау үшін орталықтандырылған электронды репозиторийді құру жоспарлануда. Болашақта нотариустар қағаз архивінен бас тартады. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жылжымайтын мүлік пен мәмілелерді ресімдеу кезінде экс-аумақтылық енгізіледі. Егер бұрын жылжымайтын мүлікпен жасалған мәмілелер нотариустың орналасқан жері бойынша куәландырылған болса, енді тараптар оның орналасқан жеріне қарамастан кез келген нотариусқа жүгіне алады. Бұдан басқа, әрбір нотариаттық іс-әрекетке QR-код беріледі. Бұл бірегей болып табылады және құжатты бұрмалаудан қорғауды қамтамасыз етеді. Халыққа ыңғайлы болу үшін электронды құжаттың қағаз құжатқа тең екендігін куәландыру бойынша нотариаттық іс-әрекеттер енгізілді және керісінше, бұл азаматтарға қажетсіз жол жүруден, поштамен және курьерлер арқылы жіберуден құтылуға мүмкіндік береді, – дейді вице-министр.
Сенімхаттың түпнұсқалығын QR-код бойынша смартфондағы қосымшаның көмегімен немесе құжаттың сандық коды бойынша enis.kz сайтында Сервис – Сенімхатты тексеру бөлімінде тексеруге болады.
Сонымен қатар нотариаттық құпия ұғымы анықталып, оны сақтауға міндетті адамдар тобы құрылмақ. Шағымдарды республикалық деңгейде қарайтын орган заңды түрде бекітілді. Енді жергілікті жерлердегі тәртіптік комиссиялардың шешімдерімен келіспеген жағдайда азаматтарға жаңадан құрылған органға шағымдануға мүмкіндік берілді.