Осы орайда Семей әкімі мен «Семавтопарк» ЖШС өкілдері «Semey Bus» ЖШС қызметкерлерімен кездесті.
– Мен бір жарым жылдан кейін бұрынғы компания сияқты жағдайға тап болғанымызды қаламаймын. Сондықтан жалақыны бір кестеге сәйкес 300-350 мың теңге аралығында төлеу қарастырылады. Жұмыс ауырлығына қарай жалақы қосылуы да мүмкін. Кондукторларға келсек, біз олармен де екі айға келісімшартқа қол қоямыз. Жалақы кесте бойынша 150-180 мың теңге аралығында төленуін қарастырамыз. Барлығын ресми түрде жұмысқа орналастырамыз. Еш алаңсыз жалақы алып, өз жұмыстарыңызды атқара бересіздер, – деді «Семавтопарк» ЖШС бас директоры Григорий Пинчук.
Конкурс жарияланғанға дейінгі өтпелі кезеңде «Семавтопарктің» 75 автобусы іске қосылады. Парк басшылығы алғашқы күндері кейбір келеңсіз жағдайлар болуы мүмкін екендігін де жоққа шығармады. Өйткені техникалар ұзақ уақыт жұмыссыз тұрып қалған. Дегенмен автопарк басшылығы автобустардың барлығы дерлік жолда екендігін мәлімдеді. Автобустардың қозғалыс кестесі бұрынғыдай болғанымен, алдағы уақытта өзгерістер енгізілуі мүмкін.
– Біз тендер өткізгенге дейін көлік басқармасымен және қалалық басшылықпен қала тұрғындарын толғандырған кейбір мәселелерді қайта қарайтынымызды айттық. Кейбір шағын аудандар көлік қатынасымен аз қамтылғанын жақсы түсінеміз. Белгілі бір мөлшерде өз ұсыныстарымызды енгіземіз. Бизнес үшін де, қала тұрғындары үшін де бәрі қалыпты әрі ыңғайлы болатындай етіп жасаймыз, – деді Г.Пинчук.
Қала әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, «Semey Bus» ЖШС бүгінде заңсыз деп танылды. Барлық есепшоттары бұғатталып тұр. Бұл автопарктің қызметкерлері енді қайтадан бұрынғы жұмыс орнына ауысып жатыр.
– Біз «Semey Bus» автопаркіне дейін «Семавтопаркте» жұмыс істедік. Алдымен жалақы уақытында төленді, содан кейін кешіктіріле бастады. Сонда екі жыл жұмыс істедім, зейнетақы жарнасы әлі төленбеді. Сақтандыруды жақында ғана төледім. Ауруханаға барудың өзі мұң болды. Несие алудан қалдық. Автопарк банкротқа ұшырады, не істеу керектігін білмейміз. Амал жоқ, бұрынғы жұмыс орнымызға ораламыз. Екі оттың ортасында қалғандай болдық. Қайда барып жұмыс істе десе, сонда барамыз, – дейді автобус жүргізушісі Асхат Сарбасов.
Жалпы, «Семавтопарк» өкілдері кәсіпорын толық көлемде пайдалануға дайын екенін мәлімдеді. Алайда қала бағыттарында «Семавтопарк» ЖШС автобустарымен қатар, «Semey Bus» автобустары да жұмыс істейді. Жасыл автобустарда электронды билеттендіру әлі бар. Сондай-ақ автобус бағытын «Infobus» қосымшасы арқылы көруге болады. Семей әкімдігі электронды билеттеу «Семавтопарк» ЖШС автобустарына да енгізілетіндігін айтып сендірді. Әзірге онда жолақы қолма-қол ақшамен ғана төленеді. Жол жүру бағасы – 80 теңге.
СЕМЕЙ