Қоғам • 21 Сәуір, 2021

Балалар 500 мың теңгеден сатылып жатыр

1014 рет көрсетілді

«Бала-бала баладан, Тауып алған даладан. Далада бала жата ма, Түсіп қапты шанадан» деген сөздер қазіргі таңда шындыққа айналғаны өкінішті. Қара нарықта бала сатушылардың қатары көбейгені қашан? Жаңа туған сәбилердің бағасы 500 мың теңгеден басталады. Осындай іспетті жарнамалардан көз сүрінеді. Қалтаңыз көтермесе, бөліп төлеуге де болады екен, деп хабарлайды Egemen.kz

Басына іс түскен әлде қара басын ойлаған жас аналарға қамқоршы болып жүрген дағдарыс орталықтары баласынан бас тартуға үгіттеп, бала саудасына делдал да болып жүр дейді. Көпті толғандырған мәселе жайында Еуразия бірінші арнасының тілшілері кеңінен тарқатып берді.

Қызылордалық келіншек бет-жүзін көрсетпеуге келіскен соң, бала асырап алудың жайын жасырмай айтты.

«Бізде балалар үйінде ешқандай құндақтағы бала жоқ. Таба алмайсыз ешқашанда. Бала делдалдардың қолдарында, яғни роддомдағылардың қолында болады. Бизнес дейді ғой, біз 500 мыңға өте арзан алдық», дейді тапсырыс беруші.

Бала асырап алу кәнігі кәсіпке айналғанына көз жетті.  Дәл осылай өмір мен өлімнің ортасында қалған қамкөңіл қыздарға қамқор болып жүрміз деген желеумен, баласынан бас тартқызатын орталықтар да бар екен. Қазіргі таңда балалар үйінде 4000-нан аса бала тәрбиеленіп жатыр.

«Көбіне ата-аналар кішкентай балаларды алғысы келеді, 6-7 ге толмаған нәрсетені алғысы келеді. 3 жастағы, 2, 4 жастағы. Өкінішке қарай, 4 254 дедім ғой, оның 87 пайызы 7 жастан асқан үлкен балалар», дейді ҚР БҒМ Бала құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

Тағы бір себеп, өзге қанша өбектеп тұрса да өгей ғой, өзінің ата-анасынан мейірім көрмеген соң, көбінің дамуында кінәрат бар. Асырап алған ата-ана ауруын біліп, кейін баланы қайтып әкеп тастайды. Орта есеппен жылына 20 пайыз бала қайтарылады.

«Дүкеннен сатып алған киіміңіз ұнамаса қайтадан апарып беруге болады. Ал бала – зат емес, материал емес, ол адам», дейді әлеуметтік педагог Алтынай Әубәкірова.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар