Аймақтар • 21 Сәуір, 2021

Қордай ауданының Масаншы ауылында техника 60-70 пайызға жаңарған

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қордай ауданында ұйымдастырылған баспасөз туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Масаншы ауылында болып, көктемгі егіс дала жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Қордай ауданының Масаншы ауылында техника 60-70 пайызға жаңарған

Негізінен Масаншы ауылын дүнген ұлтының өкілдері мекендейді. Әрі ауыл шаоуашылықпен айналысуға да қолайлы. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаевтың айтуынша, бүгінде жергілікті шаруалар көктемгі егіс дала жұмыстарын бастап кеткен. Сонымен қатар, егістік алқаптарға минералды тыңайтқыштар бөлініп, ауылдағы ауылшаруашылық техникалары 60-70 пайызға жаңарған.

«Мемлекет қолдауының нәтижесінде, өткен жылы лизингке 158 техника сатып алынды. Ал, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 51 техника алынды. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан егіс даласына арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр», дейді ол.

Бүгінде Масаншы ауылында 40-тан астам шаруа шаруашылықпен айналысады екен. Нәсібін қара жерден терген жергілікті халық жыл сайын егіс көлемін арттырып, өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап келеді. Олар сәбіз, пияз сияқты көкөніс түрлерін егеді. Жалпы, аталған ауылда ауылшаруашылығы саласы айтарлықтай дамыған деуге болады. Мәселен, аудан бойынша биыл 134 мыңнан астам егістік жерге егін егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мың 98 гектарға артық. Алдағы уақыттарда бұл жұмыс тағы жалғасады. Ал, ауыл тұрғыны, «Щенхо» шаруа қожалығының төрағасы Уджур Керим бүгінде 200-ден астам отбасын жұмыспен қамтып отыр. Қожалыққа тиесілі 15 техникамен шаруалар күн сайын егіс даласында жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Щеба Химманов ауыл ішінен 20 сотық жерге қызанақ, қияр, сарымсақ сияқты көкөністер егіп келеді. Шаруа биылғы жылдың өзінде үш рет өнім алғанын айтады. Жалпы алғанда, Масаншы ауылындағы ауылшаруашылық саласы ойдағыдай дамып келеді.

 

Жамбыл облысы,
Қордай ауданы.