Аймақтар • 21 Сәуір, 2021

ШҚО-да заңсыз балық аулаудың 70-ке жуық дерегі анықталды

368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ШҚО-да «Нерест» жедел профилактикалық іс-шарасы өткен төрт күні ішінде 70-ке жуық заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

ШҚО-да заңсыз балық аулаудың 70-ке жуық дерегі анықталды

Шығыс Қазақстанда 2021 жылғы 16 сәуірден 30 мамыр аралығында су биоресурстары мен су объектілерін қорғау және сақтаудағы заң бұзушылықтарды анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашуға бағытталған «Нерест» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде.

«Төрт күні ішінде ШҚО-да 70-ке жуық балық ресурстарын заңсыз аулағаны анықталды. 64 адамға қатысты жалпы соммасы 1 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұлдар салынды», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Осы жылдың 19 сәуірінде ШҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау және аумақтық балық инспекциясының қызметкерлері МИ-8 тікұшағымен Өскемен қаласы Бұқтырма су қоймасының жағалау сызығы бойымен – Буконь өзенінің сағасы – «Торанга» шығанағы – Жолнұсқау ауылы – Аманат ауылы – Шеңгелді ауылы – Қара Ертіс өзенінің сағасы – Тұғыл ауылы – «Волчий мыс» – Шорға ауылы – Зайсан көлінің солтүстік батыстағы тыйым салынған бөлігін әуеден шолу арқылы бақылау жүргізді.

Сондай-ақ қызметкерлер Ұлан, Күршім, Тарбағатай және Көкпекті аудандарының аңшылық алқаптарын тексерді. Әуеден шолу арқылы бақылау барысында нөмірі жоқ 18 дюралды қайық табылды. «Рахметолла» учаскесінде қызметкерлер екі резеңке қайық, ескек, қайық моторы мен қапшықтағы ауларды анықтады. Барлық заттай дәлелдемелер балық инспекциясына жолданды. Барлық иесіз қайықтар мен балықшыларға бейнетүсірілім жүргізіліп, орналасу орындарының картасында белгі қойылды.

Ақпарат Күршім, Тарбағатай, Көкпекті аудандық полиция қызметкерлеріне жолданды. Балық аулаудың нормалары мен қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік (ҚР ӘҚБтК-нің 381-бабы) қана емес, қылмыстық жауапкершілік (ҚР ҚК-нің 335-бабы) қарастырылғанын есте ұстаған жөн.