Қоғам • 21 Сәуір, 2021

Несиесі – арзан, тәуекелі – қымбат

718 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің несие деректерін алмасуға келіскені белгілі. Аталған шарт бойынша ЕАЭО азаматтары кез келген елден (одақтағы) барып несие рәсімдей алады. Өзара келісілген бұл уағда әлі толыққанды күшіне енген жоқ. Бірақ аталған келісімге жеткізбей-ақ қазақстандықтар Ресей банктерінен несие алуға ықылас таныта бастаған сияқты.

Несиесі – арзан, тәуекелі – қымбат

Бұл рас па?

Отандық БАҚ-та осындай ақпарат тараған еді. Қазақ­станда базалық пайыздық мөл­шерлеме – жылдық 9,0 пайыз болса, Ресейде бұл көрсеткіш 4,50 пайызға тең (Ресей Ор­талық банкі 2021 жылы 19 нау­рыз­да ставканы 4,25-тен 4,50-ге көтерді). Сондай-ақ Ресей банктерінде қаржылық емес ұйымдар үшін орташа пайыздық ставка 8,9 пайыз, ал бізде 11,8 пайыз деңгейінде. Пайыздық ставка арасындағы алшақтық қазақстандықтардың ресейлік несие өнімдеріне деген қызығушылығын арттыруы ықтимал. Бұл расымен тиім­ді ме? Қазақстан ком­па­ния­ларының Ресейден несие алуы қаншалықты пайдалы әрі қисынды? Осы орайда Қазақстан нарығында жұмыс істейтін ресейлік банк басшыларымен, тәуелсіз сарапшылармен пікірлестік. Сондай-ақ Ресей Орталық банкінің де Egemen Qazaqstan газе­тіне берген ресми пікірін жария­ламақпыз.

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуов бұл пікірмен келіспейді.

– Бір қарағанда Ресейдің несие ресурсы арзан көрінуі мүмкін. Шын мәнінде олай емес. Ресейлік коммерциялық банк­тердегі орташа мөлшер­леме 2020 жылы 8,9 пайыз бол­ды. Аталған көрсеткіш біз­дің елде 11,8 пайызға тең. Яғни айырмашылық жоғары емес. Егер валюта тәуекелі, транз­акциялық  шығын фактор­ларын және Ресей қаржы инс­ти­туттары тарапынан қазақ­стандық резиденттерге қойы­латын аса қатаң талаптарды ес­керер болсақ, онда әлгі азда­ған айырмашылықтың өзі нөлге айналып шыға келеді, – дейді О.Төлеуов. 

Оның айтуынша, банктік емес заңды тұлғалардың шет­елде алған займдары мен не­сиелері 1,4 млрд доллардан асқан. Демек қазақстандық резиденттер былтыр жаңа қарыз алмақ былай тұрсын, бұрынғы алған қарыздарын жабумен әуреге түскен.

 

Банктер не дейді?

«ВТБ Банк» (Қазақстан) басқарма төрағасы Дмитрий Забеллоның айтуынша, бұл жерде теңгенің рубль­ге қатысты курсын, әлеуетті қарыз алу­шы­лардың валюталық табысын және валюта тәуекелін ескеру керек. 

– Аталған мәселеге те­рең мән берер болсақ, бизнес үшін несиелеудің соң­­ғы став­ка­ларындағы түпкілікті айыр­­­машылықтың шамалы екенін бай­­­қауға болады.  Өз кезегінде, «ВТБ Банк» резиденті және бизнес субъектісі ре­тінде өз қызметін Қазақстан Респуб­ли­­ка­­сының заңдарына, оның ішінде на­­рық бағасынан төмен шарттармен не­­сиелеу бойынша келісім жасауды та­лап ететін трансферттік баға бел­гі­леу туралы заңға сәйкес жүргізеді. Осы­­ған байланысты, ВТБ шетел валю­та­­сын­дағы несие үшін де несие мөл­шер­ле­месін нарықтық орташа деңгей­ден тө­мен ұсына алмайды, – деді Д.Забелло.

Осы тарапта «Сбербанктің» де ресми көзқарасын білгіміз келді: 

– «Сбербанк» Қазақстанда тіркел­ген заңды тұлға ретінде Қазақстан заң­намасымен жұмыс істейді және оны Ұлт­тық банк пен Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі тікелей ба­қы­лайды. Қазақстанда несие­леуге берілетін негізгі валюта теңге болғандықтан, Ресей Орталық банкінің базалық мөл­шер­лемесі теңгемен несиелеу мөлшерлемесіне еш әсер етпейді. «Сбербанк» жергілікті банк болғандықтан, біздің теңге және рубль бойынша несиелеу став­камыз екінші деңгейлі банктер ұсы­натын несиелеу мөлшерлемесі дең­гейінде, – делінген банк жауабында.

 

Сарапшылар пікірі

Қаржыгер Расул Рысмам­бетов алдымен ресейлік банк­тер­дің қай салада несие беріп жатқанын білу қажет дейді.

– Ресейлік банктерден арзан несие алу та­быстылыққа кепіл бола алмайды. Се­бе­бі рубльдегі табыстылық базалық став­каға сәйкес келеді. Яғни рубльдік та­быс та төмен болмақ. Әрине, біздің ком­­па­ниялардың ішкі нарықтан ақша таба алмай, белсенді түрде шетелдік банкт­ерге кетіп жатуы әбден мүмкін. Со­нымен қатар Қазақстанның өзінде де қазақ­стандық клиент­терге ұсыныспен келе­тін ресей­лік банктердің кеңселері мен ме­нед­жерлері де аз емес, – дейді қаржыгер.

Оның айтуынша, мәселе тіпті база­лық ставкада да емес. Ресей бірқатар позиция бо­йынша жаңа нарыққа кіру үшін пайыздық ставканы азайтып, өз өнімдерін белсенді ұсынуға мүд­делі. «Өйткені Ресейде де тура біз­дегі­дей банктік дағдарыс жүріп жатыр. Банкирлерді тұтқындап жатыр. Банк­терді лицензиясынан айырып, оларға деген талапты күшейтуде», дейді.

Бізге жауап берген «Сбербанк» өкілі нақты бір несие ставкасын айту қиын дейді.

– Несиелеу ставкасы көп­те­ген фа­к­тор­ға тәуелді – қаржы­лан­дыру вал­ю­­­та­­сы, қаржы­лан­дыру мерзімі, қам­тама­сыз ету құры­лымы және оның жоқ­тығы. Қан­дай да бір нақты ставканы айту қиын. Жалпы алғанда, Қазақстандағы мөл­­шер­­леме шамамен бір дәлізде, – дейді.

«ВТБ Банк» басқарма төр­ағасы Д.Забелло несиелеу мөл­шер­лемесі несие өнімінің түрі­не байланысты екенін айтады.

– Біздің банк жеке және заңды тұл­ға­лар үшін несие мөлшерлемесін анық­тауда жеке тәсіл қолданады. Банкте несие­лік тәуекел рейтингінің бірегей жүйесі бар. Соның арқасында банк тіпті жеке тұлғаларға да несие бойынша жеке мөлшерлеме ұсыну мүмкіндігіне ие. Банк клиенттері жеке тұлғалар үшін кепілсіз несиені жылдық 15 пайыз мөл­шерінде (ЖТСМ 16 пайыздан) ала алады. Шағын және орта бизнес өкіл­дері ШОБ-ты дамыту туралы мемле­кет­тік бағдарлама аясында 6,0 па­йыздан (ЖТСМ 6,1 па­йыздан) бизнес-займ алады. Егер несие банктің жеке қаржы­сы­нан беріл­се, онда 15,5 пайыз мөл­­шер­­ле­мемен (ЖТСМ 15,6 па­йыз­дан) алады, – деді Д.Забелло.

EXANTE халықаралық ин­вес­ти­циялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарёв шетелден қарыз алу кезінде валюта тәуекелі туындайтынын айтады. Сарапшы мұны 2008 жылдардағы валюталық ипотека (ипотеканы шетел валютасымен рәсімдеу) дағдарысымен салыс­тырады.

– 2007-2008 жылдары адамдар жаппай валюталық ипотека ала бас­тады. Бірақ жалақы­ны теңгемен алады. Ол кезде курс доллары тұрақты болды. Ал валюталық ипотеканың пайыздық ставкасы төмен еді. Сөйтіп, адамдар валюта тәуе­келіне тап болды. Өйткені теңге құлдырады, ал адамдар теңге­мен жалақы алуды жалғастыра берді, нәтижесінде өз төлемдері бо­йынша аса жоғары төлемдер­ге тап болды. Біздің компания Ресейден несие алып, бірақ та­уарын Ресей нарығына экспорттайтын болса, сөйтіп табысты рубльмен алса, онда дәл бұлай валюта тәуекеліне ұрына қой­майды. Егер компания Ресейдегі төмен ставкаға қызығып несие алса, бірақ Қазақстанда сауда жасап, табысын тең­гемен алса, онда валюта тәуекеліне тап болады. Мысалы, былтыр шілде, та­мыз айларында теңгеге қатысты рубль кур­сы 5,5-тен 6,2-ге дейін көтерілді. Мұн­дай кезде рубльмен алған несиені қай­тару қиындап кетеді, – дейді сарапшы.

Қазір Қазақстанда «Сбербанк», «ВТБ Банк» және «Альфа Банк» секілді ресейлік еншілес банктер белсенді жұмыс істеуде. «ВТБ Банк» бас­­қарма төрағасы соңғы бес жыл­­да банктегі несиелеу көлемі 2 есе (82 пайыз) өсті, соңғы екі жы­л­да депозит портфелі 2 есе артты. Бұл көрсеткіштер банктің отан­дық  нарықта сұранысқа ие екенін аңғартады дейді.

 

Қазақстанға келген капитал ағыны қанша?

Тақырыпты аша түсу үшін ма­қа­ла­ның географиялық ауқы­мын да ке­ңейтуге тура келді. Ресейлік экономис­тер Мстислав Афанасьев пен Наталья Шаштың «Российские инвес­тиции в странах Европы: теку­щее состояние и перспективы» атты мақаласында 2018 жыл­дың қорытындысы бойынша не­сие ұйымдарының табысы 20 млрд доллардан асып кеткені айтылады.

«2019 жылдың қаңтар айын­дағы дерек бойынша 359 ресей­лік банктің жалпы табысы 286 млрд рубльді құ­рады. Көптеген банктік ұйымның кіріс­­терінің өсу қарқыны капитал мен ак­тивтердің өсу динамикасынан озып кетті, бұл тұтас­тай алғанда ресейлік банк секторының кірістілік көрсеткіштерінің айтарлықтай өсуін білдіреді. Несие циклі ресейлік банк бизнесінің дамуында басты фактор болды. Ал қаржы ағынын қалып­тастырудағы басты қозғаушы күш – несиелеу. Оның үлесіне елдің банк жүйесіндегі жиынтық активтердің 69 пайызы тиесілі» делінген мақалада.

Ресей банктерінің шет мемлекеттерге белсенді түрде қаржы таратуынан федерацияның қар­жы секторының өсіп-өркен­деуіне жол ашып отыр­ғанын байқаймыз. Көрші ел Қазақстан үшін де бел­сенді қаржы көзіне айнала бас­тағандай. Ресей Орталық банкінің жауабы да бұл ойымызды растай түседі. 

«2020 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстан Республикасы үшін Ресей Федерациясының банк секторында шетелдік активтердің көбей­гені байқалады. Ресей Федерация­сының қолданыстағы нормасы ресей­лік банктердің Қазақстан Республика­сының резиденттеріне несие беруін ұйымдастыруға мүмкіндік бере­ді. Сонымен қатар мұндай не­сиелеу туралы шешім қа­был­дау несиелік ұйымның опера­­циялық қызметіне жатады. Ресей Федерациясының №86-ФЗ РФ Орталық банкі туралы федералдық заңының 56-бабына сәйкес «Россия Банкі» фе­де­ралдық заңдармен қарастырылған жағ­дайларды есепке алмағанда, несие ұйым­дары­ның операциялық қызме­тіне араласпайды» делінген жауапта.

Бұдан кейін Ресейдің банк секто­рын­дағы міндеттемелер мен шетелдік актив­тердің гео­графиялық бөлінісі туралы ста­тистикаға зер салдық. Қазақ­­станға берілген қысқа мерзім­ді активтер көлемі 190 млн дол­ларды құраса, ұзақ мерзім­ді активтері 4 млрд 396 млн дол­ларға тең. Бұл ретте Қазақ­станның қысқа мерзімді шетелдік міндеттемесі 706 млн доллар болса, ұзақ мерзімді міндет­темесі 451 млн доллар көлемінде. Қазақстанға Ресей­­­ден келген ұзақ мерзімді актив­­тер көлемі ЕО-дағы Гер­мания, Бельгия, Да­ния, Грекия ел­дерінен де жоғары, ал ТМД ел­дерінің ішінде екінші көрсеткішке ие (Арменияда 7 млрд 281 млн доллар).