Сурет: turkystan.kz
Жаңа Ата заң «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген мемлекеттік басқарудың теңгерімді моделін орнықтыруға бағытталған. Бұл билік тармақтарының үйлесімін күшейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға жол ашады.
Преамбула – жай ғана кіріспе емес, ол – Негізгі заңның рухы мен идеялық өзегі. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны терең мағыналы әрі мемлекеттілігімізді айшықтайтын іргелі тұжырымдарымен күшейтіп, толықтырды. Бұл – Мемлекет басшысының Ата заңымыздың мазмұнын байытып, оның негізгі бағыт-бағдарларының айқын әрі жүйелі қалыптасуына қосқан тарихи еңбегі. Құжатта тарихи сабақтастыққа ерекше мән берілуінің себебі де – осыдан.
Заман өзгереді, дәуір алмасады. Бірақ ұлт үшін өзгермейтін биік құндылықтар бар. Оның ең асылы – егемендігіміздің еңселі, ал тәуелсіздігіміздің баянды болуы. Жаңа Ата заңымызда Қазақ елінің Ұлы даладағы мемлекеттердің заңды мұрагері екені, халқымыздың бірлігі мен қоғамдық келісім құндылықтары айқын көрініс тапты. Сонымен қатар мемлекеттің унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы мен шекарасының мызғымастығы конституциялық деңгейде берік бекітілді. «Әділетті Қазақстан», «Заң мен Тәртіп», адам құқықтарын қорғау мен ұлтаралық бірлік қоғам тұрақтылығының негізгі тіректері ретінде белгіленді. Бұған қоса экологиялық жауапкершілік, білім мен ғылымды дамыту, инновациялар мен технологиялық прогресс мемлекет дамуының стратегиялық бағдарлары қатарында айқындалды.
Осылайша, жаңа Конституция тарихи тәжірибені, ұлттық құндылықтар мен заманауи даму талаптарын өзара үйлестірген маңызды құжатқа айналып отыр. Бұл – тек бүгінгі күннің мәселесін шешуге арналған құжат емес. Ата заңның қабылдануы – болашақ ұрпақтың тағдырын айқындайтын тарихи шешім. Алдағы уақытта Негізгі заңның мәні мен маңызын қоғамға кеңінен түсіндіру жұмыстарын тоқтатпай, жүйелі түрде жалғастыру аса маңызды. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы негізгі міндеттің бірі. Осы мақсатта елімізде конституциялық-құқықтық мәдениет пен сауаттылықты қалыптастырудың кешенді бағдарламасын әзірлеп, іске асыру қажет деп санаймын. Бағдарлама бірнеше маңызды бағытты қамтуға тиіс.
Біріншіден, мектептердегі «Құқық негіздері» пәнінің мазмұнын жаңғыртып, жаңа Конституцияның негіздерін оқушыларға түсінікті әрі өмірмен байланысты форматта оқыту қажет. Өскелең ұрпақ заңның мәнін мектеп қабырғасынан бас-тап ұғынуға тиіс.
Екіншіден, жоғары оқу орындарында Конституцияның мазмұны мен қағидаттарын терең түсіндіретін арнайы курс-тар енгізу қажет. Бұл жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін де нығайтады.
Үшіншіден, қоғам арасында Конституцияның негізгі қағидаттарын жүйелі түрде насихаттайтын тұрақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет. Оның рухын терең түсінген ұрпақ қана заңды құрметтейтін, ел тағдырына бейжай қарамайтын, мемлекетшіл, саналы азамат болып өседі. Бұл – біздің болашақ ел тұтқасын ұстайтын жастарымыздың алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.
Үнзила ШАПАҚ,
Мәжіліс депутаты