Қайрат Келімбетов Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес отырысында: «Әрбір жоба әзірлеу барысында Ұлттық экономика министрлігі тарапынан экономикалық негізділігіне, Қаржы министрлігі тарапынан қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілуіне, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі тарапынан мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғарғы құжаттарына сәйкестігіне бағаланады», деп айтты.
Агенттік басшысының атап өтуінше, одан әрі жоба Үкіметпен келісілгеннен кейін Президент Әкімшілігінің қарауына және Президент жанындағы Жоғарғы кеңестің мақұлдауына әрі бекітуне енгізілетін болады. Ұлттық жоба жоғарыда аталған келісудің барлық кезеңінен өткеннен кейін Үкімет қаулысымен заңды түрде бекітіледі.
«Бұған қоса, жобалар ел Парламентінің депутаттық корпусымен де талқылануы тиіс. Бұл бюджеттік процестер аясындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Қайрат Келімбетов.