Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау, колледждің материалдық-техникалық базасын жақсарту және оқытушылардың құзыретін арттыру үшін Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі «Жас маман» жобасына 2020 жылы «Токарлық ісі және металл өңдеу», «Дәнекерлеу технологиясы» және «IT» құзыреттіліктері бойынша қатысып, оқу орнының базасына мамандықтар бойынша әлемдегі озық технологияларды қолданатын соңғы үлгідегі заманауи жабдықтар сатып алынды.
Колледжді жарақтандыруға арналған жабдықтардың тізімі жұмыс берушілердің талаптары, кәсіптік және WorldSkills стандарттарына сәйкес жасалды. Жабдықтарды сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес ашық конкурс тәсілімен жүзеге асырылды.
Жаңа жабдықтар бойынша колледждің арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері оқытудан өтті. Қазіргі таңда колледжде осы мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларына жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, қолданыстағы оқу жоспарларына интеграцияланатын кәсіби модульдерді әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған мамандықтар бойынша колледжде кадрларды даярлаудың халықаралық стандарттарын енгізу үшін шетелдік серіктестер тартылады. Шетелдік серіктеспен бірлесіп кадрларды даярлау бағдарламалары жаңартылып, оқытушыларды әзірлеу және оқу орны мен менеджмент процестерін жетілдіру бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ колледж базасында «Жас маман» жобасы аясында «CAD инженерлік графикасы», «Желілік және жүйелік әкімшілендіру», «Мехатроника», «Мобильді роботтехника», «Интернет-заттар», «Прототиптеу», «IT-бағыттары» және «Токарлық ісі және металл өңдеу», «Дәнекерлеу технологиясы» мамандықтары бойынша өңір үшін құзыреттілік орталықтары ашылды. Ол орталықтар WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша цифрлы технологиялар жөніндегі жаттығу лагерінің алаңы, сондай-ақ кәсіптік бағдарлау және қызметтік жылжу орталығы және WorldSkills чемпионаттарына қатысушыларды дайындау алаңдары болады.
Құзыреттілік орталықтары үздік, әлемдік стандарттар мен тәжірибеге және WorldSkills стандарттарына сай еңбек нарығына мықты дайындалған кадрларды шығаруға мүмкіндік береді.
Өңірде жұмыссыздық мәселелерін шешуге негіз болу мақсатында құзыреттілік орталықтарында тәжірибелі нұсқаушылармен және заманауи жабдықтарды талап етілетін мамандық дағдыларын оқыту бойынша қысқа мерзімді курстар өткізу жоспарға қойылып отыр.
Сондай-ақ елімізде салалық халықаралық стандарттардың енгізілуіне байланысты кәсіпорындардың жұмыс істеп жүрген қызметкерлерін олардың талаптарына сәйкес оқыту және қайта даярлау бөлігінде кәсіпорындармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатылады. Бұл колледжімізге оқу-тренинг орталығы ретінде қызмет етуге мүмкіндік береді. Осылайша, колледждің одан әрі дамуына қажет қосымша бюджеттен тыс кірісті қамтамасыз етеді.
Бұған қоса сатылып алынған заманауи жабдықтар арқылы жаңа форматтағы мемлекеттік қорытынды аттестаттау WorldSkills стандарттарына сәйкес демонстрациялық емтихандар түрінде өткізіледі, онда білім алушының WorldSkills стандарттарына сәйкес белгілі бір салада кәсіби іс-әрекеттерді жүргізуге немесе өз мамандықтары бойынша жұмыстарды орындау бойынша білім, білік, дағды, құзыреттілік деңгейі бағаланады. Аттестаттаудың дәстүрлі түрінен айырмашылығы, студенттерге тапсырмалардың мазмұны алдын ала берілмейді және тапсырмаларды бағалау процедурасына қатысатын тиісті сарапшылар жасайды.
Қорыта айтқанда, бәсекеге қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауда «Жас маман» жобасы жастарға жол ашады.
Зарипа ШОЛТАНОВА,
Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің басшысы