Парламент • 22 Сәуір, 2021

Әкімдер Парламентте есеп беретін болады

227 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палата депутаттары бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелеріне және инклюзивті білім беруге қатысты заң жобаларын мақұлдады. 

Әкімдер Парламентте есеп беретін болады

 

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы Парламенттің, Есеп комитетінің, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстарын іске асыруға бағытталған. Құжат жөнінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, алдағы уақытта бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қар­жының тұрақтылығы туралы талда­малық есеп қалыптастырылмақ.

«Бюджеттік тәуекелдер мен мем­лекеттік қаржының тұрақтылығы туралы есепті жыл сайын Парламентке республикалық бюджеттің жобасымен бірге енгізу ұсынылады. Құжатта мемлекеттік қаржы жағдайына әсер ететін макроэкономикалық, демографиялық, қаржылық және басқа да тәуекелдердің талдауы қамтылды. Осындай құжатты қалыптастыру бюджеттік тәуе­келдерді тиімді басқаруға және оларды бюджеттік шешімдер қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік береді.

Бюджетаралық қатынастарды жетіл­діру шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттен қаржыландырудың ең аз көлемде белгі­ленген жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын басқа шығыстарға қайта бөлу мүмкіндігін беру ұсынылып отыр.

Стратегиялық жоспарларды сапалы жоспарлау және орындау мақсатында, бөлінген қаражат толық игерілмеген жағдайда, жыл соңында республикалық бюджетке кері қайтарылуына байланыс­ты, төртінші тоқсанда стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларын өзгертуге тыйым салынады», деді Әсет Ерғалиев.

Ведомство басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары аясында бөлінген қаражаттың пайдаланылуына бақылау мен мониторингті күшейту мақсатында мемлекеттік бағ­дар­ламаларды қаржылай және қаржылай емес қолдау операторларына, сондай-ақ қарыз алуға мемлекет кепілдік берген квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қазынашылықта шоттар ашу көзделіп отыр.

«Бюджет қаражатын пайдалану тиім­ділігін арттыру мақсатында аудитор­лық есеп нәтижелері бойынша заң­намада белгіленген мақсаттарға пайда­ланылмаған нысаналы аударым сомаларын 3 ай ішінде республикалық бюджетке қайтару көзделеді.

Жергілікті атқарушы органдарға жер­гілікті бюджеттің қолма-қол ақша тап­шылығын жабуға қарыздар бөлу мерзі­мін 3 жылдан 6 айға дейін қысқарту ұсы­нылады. Бұл жергілікті атқарушы орган­дардың жергілікті бюджеттің кіріс бөлі­гін ұлғайтуға ықпалын арттыруға тиіс.

Есептілікті жетілдіру аясында 2024 жылдан бастап «Шоттардың бірың­ғай жоспары» жаңа құралын енгізу ұсы­нылып отыр. Бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жетілдіру аясын­да, стратегиялық жоспарлар мен өңір­лерді дамыту бағдарламаларының іске асырылуы туралы есептердің негізінде бюджеттің шығыстары туралы ана­литикалық есепті қалыптастыру көзделіп отыр», деді министр.

Сондай-ақ Парламентте жылдық есепті қарау кезінде әкімдердің респуб­ликалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді пайдалану туралы есебі тыңдалмақ. Бұл жергілікті атқарушы органдардың нысаналы трансферттерді пайдалану бойынша жауапкершілігін арттырмақ.

«Мемлекеттік қарыз алуды жетілдіру аясында қарызға алған қаражатты белгі­ленген мерзімде игермегені үшін жауап­кер­шілік енгізіледі. Сонымен қатар жер­гілікті атқарушы органдарға үшінші тұлғалар үшін борыштық міндетте­ме­лер­ді қабылдауға тыйым салынады», деді Әсет Ерғалиев.

Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мем­лекеттік сыртқы қарызды игермегені үшін жауапкершілік мемлекеттік орган­ның бірінші басшысына жүктелуге тиіс екенін айтты.

Спикердің пікірінше, сыртқы қарыз қаражатын игермегені үшін жауап­кер­шілік, «бұлыңғыр» болмауға тиіс. Ол нақты жазылуы керек. Егер құжаттың Үкіметтің нұсқасы қабылданса, онда іс жүзінде жауапкершілік ұйымның бірінші басшысына емес, оның орынбасарына жүктелетіні түсінікті. Сондықтан мұндай сәйкессіздіктерге жол беруге болмайды.

Нұрлан Нығматулин сыртқы қарыз­дың игерілмеуі бюджеттен қосымша шығындарға алып келуі мүмкін екенін атап өтіп, тиісті норманы заңнамалық деңгейде бекіту арқылы мемлекеттік ор­ганның бірінші басшысының жауап­кер­шілігін күшейту қажеттігін айтты.

Бұған қоса, Мәжіліс Төрағасының ай­туынша, жергілікті бюджетті болжау кезінде аймақтардың ерекшелігі еске­рілуге тиіс. Сондықтан депутаттар жергі­лікті бюджетке түсімдерді болжау тәртібін жергілікті уәкілетті органдарға беруді ұсынады.

Мәжілістің жалпы отырысында депу­таттардың бастамылығымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

«Заң жобасы мүгедек адамдардың кемсітусіз білім алу құқықтарын қамта­масыз ету үшін Мемлекет басшысының 2019 жылғы Қазақстан халқына Жол­­дауын іске асыру мақсатында әзірлен­ді. Сондай-ақ қолданыстағы заңнама­ны 2015 жылы Қазақстанда ратифика­ция­лан­ған Мүгедектердің құқықтары туралы Кон­венцияға сәйкес келтіруге бағытталған.

Инклюзивті білім беруге өту адам құқық­тары туралы халықаралық хаттама­ларға және барлық баланың сапалы білім алуы мен оған тең қолжетімді құқығының болуына негізделген. Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 162 мыңнан астам бала немесе балалардың жалпы са­нының 2,7 пайызы білім беру процесіне ерекше көзқарасты талап етеді», деді осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, 2011 жыл­дан бастап елімізде инклюзивті білім беру­ді кезең-кезеңмен дамыту басталған. Қазақ­станда білім бе­руді да­мытудың 2011-2025 жылдарға арнал­­ған мемлекеттік бағдарламасында инклю­зивті орта құру бойынша шаралар көзделген.

«Заңнамалық деңгейде реттеуді талап ететін мәселелер бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізілу қарасты­рылып отыр. Біріншіден, білім берудің барлық деңгейлерінде оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау есебінен ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мемлекеттік кепілдіктер көзделген. Екіншіден, оқу процесінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қол­дап отырудың арнайы шарттары рег­ла­менттелген. Үшіншіден, білім беру қажеттіліктерін бағалау енгізіле­ді. Ол үшін бағалау өлшемдерін, қажет­ті­ліктерді айқындау әдістемесін, сондай-ақ «ерекше» балалармен жұмыс жасау бойынша педагогтерге әдістемелік ұсынымдарды айқындайтын тиісті қағидалар әзірленеді. Төртіншіден, оқу жоспарларының, бағдарламалар өзгермелігін, икемділігін қамтамасыз ететін нормалар, сондай-ақ білім алушының даму ерекшеліктеріне байланысты жетістіктерін бағалау жүйесі енгізілген. Бұл – инклюзивті білім беру процесінің жетекші қағидаттарының бірі. Бесін­шіден, білім беру ұйымдарында арнайы жағдайларды қамтамасыз етуде, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды арнайы пси­хо­логиялық-педагогикалық қолдап отыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен әкімдіктердің құзыреті кеңейтілді», деді Жанат Омарбекова.

Мәжіліс Төрағасы білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында ешқандай кедергі болмауға тиіс деді. «Себебі білім саласы –  ұлтымыздың, еліміздің болашағы. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпы білім, соның ішінде, ерекше білім беру талаптарын жетілдіру туралы арнайы тапсырма берген болатын. Осыған орай әзірленіп, бүгін мақұлданған заң жобасында бірқатар маңызды мәселе қамтылып отыр», деді Нұрлан Нығматулин.

Енді инклюзивті білім беруге заман­ға сай стандарттар енгізіледі. Бұл жолда ерекше білім беруді қажет ететін ба­ла­лардың тұрғылықты жері ескеріледі. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, атал­ған балалардың мәртебесі заң деңгейінде толықтай және нақты реттеледі.

«Бұл заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға, осы саланы білікті мамандар­мен қамтамасыз етуге, инклюзивті білім­ді жоғары деңгейде ұйымдастыруға жол ашатын болады», деді Палата Спикері.

Осы заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді.

Жалпы отырыста Палата «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар – Александр Милютин, Мақсат Раманқұлов, Ерлан Смайлов, Файзолла Қаменов, Зүлфия Сүлейменова, Азат Сембинов, Азамат Әбілдаев, Гүлнар Бижанова, Аманғали Бердалин, Шамиль Осин.