Өңірдегі 35 302,2 мың гектар жайылымдық жердің 3 662,7 мың гектары 202 ауылдық округ тұрғындарының мал жаюы үшін бөлінген. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сай, 2021 жылдың 1 сәуіріне дейінгі статистикалық мәліметтер бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда 294,6 мың бас ірі қара, 128,7 мың бас жылқы, 422,7 мың бас қой мен ешкі тіркелген. Осы көрсетілген мал басына қажетті жайылымдық жердің көлемі 7,3 млн гектарды құрайды.
Қазіргі таңда облыста жетіспейтін жайылым жер мәселесін шешу мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен қайтып алу, сондай-ақ резервтік жерлерден жайылымдарды бөлу жұмыстары қолға алынған.
Айта кету керек, 2020 жылы Қарағанды облысында республикамызда алғашқы болып тозған жайылымдарды қалпына келтіру жөніндегі қанатқақты жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде, Бұқар жырау ауданына қарасты төрт елді мекеннің, атап айтқанда Жаңаталап, Ростовка, Тегісжол ауылдық округтері және Ботақара кенті бойынша тозған жайылымдық жерлердің 749 гектарына нормативтік-технологиялық картаға сәйкес, түбегейлі жақсарту іс-шаралары жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, құны 39 млн теңгені құрайтын тозған алқаптарды өңдеу, минералдық тыңайтқыштарды енгізу және тұқым қоспасын себу жұмыстары жүргізілді.
Биыл бұл жұмыстарды жалғастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 9 млн теңге қаражат қарастырылған. Қазіргі уақытта мердігер шаруашылықтармен бірге нормативтік-технологиялық картаға сәйкес, егістік жерлерге күтім жасау, арамшөптерді жұлу және егістерді сақтау, күзету жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр.
Қарағанды облысы