Сенатор Андрей Лукин жағдайды жақсарту үшін қазіргі ережелерді қайта қарауды ұсынды. Ол өз ұсыныстарын Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында баяндады.
Сенатордың айтуынша, соңғы 5 жылда жеңілдікпен берілетін несие мен субсидияға 2,9 трлн теңге бөлінген. Алайда, субсидияны беру механизмі жабық күйде қалып отыр және ережелері де жетілдіруді қажет етеді. Дәл осы себептен бұл салада сыбайлас жемқорлық фактілері жиі тіркелуде.
«2018 - 2020 жылдар ішінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысты 144 қылмыстық іс тергелген екен. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 57 іс қозғалған. Ал субсидияны жымқыру бойынша 87 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Салдарынан мемлекетке 2,1 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді», деді Андрей Лукин.
Сонымен қатар Сенат депутаты ұсынылған ақпараттар мен деректердің дұрыстығына тек ауыл шаруашылығы өндірушілері жауапты екеніне назар аударды. Ал жауапты лауазымды тұлғалар шаруалардың өтінімдерін қысқа мерзімде қарап, деректердің толық екеніне ғана көңіл бөледі.
«Осыған орай агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау ережелерін қайта қараған жөн деп есептеймін. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өтінімдерін тексеру бойынша жергілікті атқарушы органдардың және субсидия төлемдерін жүргізетін жауапты лауазымды тұлғалардың міндеттерін қарастыру қажет», деді Андрей Лукин.