Дәлірек айтқанда, депутат Бұхар жырау кесенесі мен Мәшһүр Жүсіп кесенесіне баратын 30 шақырым жолды жаңа туристік маршрут ретінде салу туралы ұсынысын жеткізді. Аталған екі нысанның арасында өзге де тарихи тұлғаларға қатысты көптеген көне орындар бар.
Алтынбек Нухұлы пандемия кезінде ішкі туризмнің бұрынғымен салыстырғанда дамығанын, алайда ішкі жолдардың сапасы бұл саланың кең қанат жаюына тұсау болып отырғанына назар аударды.
«Қазақстанда жылына 3 мың шақырым жол салынып жатқанда, 30 шақырымдық жолды қосу қиындық тудыра қоймас. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында киелі мекеннің қадір-қасиеті мен бабалар рухына тағзым етіп, келелі шешім қабылдауымыз керек», деді депутат.