27 Сәуір, 2010

АТА ЗАҢ – НЕГІЗГІ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

1111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Конституция – 15 Конституция – әр мемлекеттің саяси бет-бейнесін көрсететін, оның мызғымастығы мен біртұтас­ты­ғын, халықтың, биліктің қағида­ла­рын бекітетін құқықтық бас құ­жат. Конституция осынау жеті жар­ғыдан бастау алған тарихы терең жолдың жалғасы. Ата Заңымызға биыл 15 жыл толғалы тұр. Алла жазса, биылғы барыс жылының 30 тымызы күні бұл мерейтойды бүкіл ел болып лайықты табыстармен қарсы аламыз. Енді еліміздің құнды бас құжаты туралы өткенге ой жіберелік. Айтар болсақ, арнайы Конституция қа­был­­дап, соның негізінде қызмет ету біздің елімізде алғаш рет 1920 жылғы декларациядан басталады екен. Сол декларацияға сәйкес 1926 жылы Конституция жобасы жасал­ған. Одан кейін елімізде 1937, 1978, 1993 жылдары Конституциялар қабылданды. Ал бүгінгі ел игілігіне, өсіп-өркендеуімізге қызмет етіп келе жатқан Конституция бүкіл халық болып дауыс беруіміздің нә­тижесінде 1995 жылы қабылданып, қолданысқа енгізілді. Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам мен оның өмірінің және бостандығының кепілі ретінде жаңарған Ата Заңымыз бүгінде Қазақстан халқының өркениет кө­шіне қосылуына жан-жақты қызмет етіп келеді. Соның нәтижесінде Қазақстандағы оң өзгерістер көңіл қуантарлықтай. Мәселен, Елбасы ұсынған “Қазақстан-2030” Стра­тегиялық даму бағдарламасын іске асыруға тигізіп отырған оң ықпалы айтарлықтай. Елімізде бұрын-соңды болмаған құрылыстар қар­қын алып, азып-тозуға аз қалған ауылдардың ажары ашылып, қаншама жылдардан бері қордала­нып, шешімін күткен проблема­лардың түйіні тарқатылды. Еліміз алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарымызды шақы­рып, оралман ретінде көшіріп әке­лу­ді жүзеге асыра бастады. Жер­гілікті халықтың бас ауыртар проб­лемалары – ауыз су, жол, газ мәселе­леріне ерекше мән беріліп, қыруар тірліктер атқарылуда. Сондай-ақ, талантты, дарынды жастарымыз әлем­нің атақты жоғары оқу орын­дарында білім алып жатыр. Мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің, студенттердің, зейнеткерлердің, мүгедек, мұқтаж жандардың жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Қарапайым халық пен билік ара­сындағы байланыс орныға түсу­де. Бүгінде әрбір адам сенім теле­фоны арқылы кез келген кемшілік пен олқылықты жоғарыдағы тиісті басшыларға ашық әрі батыл түрде жеткізуге мүмкіндігі бар. Оның үстіне, Президентіміздің экономи­калық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ашқаны да көптеген заң бұзушылықтарды білумен қатар, одан арылуға көмектесуде. Қорыта айтқанда, еліміздің әрбір азаматы Конституцияға сәй­кес еңбек етіп, білімін көтеріп, ден­саулығын жақсарта алады. Осының барлығы адамзат баласының құ­қық­тары мен бостандықтарын қор­ғайтын Конституцияның арқасы және де еліміздің көреген көшбас­шысы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі. Ата Заңымыз – ең үлкен та­рихи жетістігіміз. Оны түсініп білуіміз әрі құрметтеуіміз Қазақстан азаматының төл міндеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Өйткені, Ата Заң азаматтық кепілдігіміздің негізгі көрсеткіші болып табылады. Есберген ҚУАНЫШБАЕВ, Қошқарата ауылдық  округінің әкімі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы