Қазақстан • 23 Сәуір, 2021

Өз вакцинасын әзірлеген әлемдегі бес елдің қатарындамыз

223 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық вакцина жасау жөніндегі нақты тапсырмасы орындалды. Биылғы 26 сәуірде халықты QazVac вакцинасымен егу басталады. Ал алдағы мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарда тұр. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын бо­лады.

Өз вакцинасын әзірлеген әлемдегі бес елдің қатарындамыз

Отандық вакцина Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының тізіліміне де ен­гізілген. Оның толық қауіпсіздігі дәлел­денген. Аталған вакцина коронавирус инфек­ция­сына қарсы тұрақты иммунитетті қалып­тас­тырады. Инак­тивтендірілген вакцинаның артықшылығы – ол вакцинамен байланыс­ты ауруларды тудырмайды. Бұдан бөлек, QazVac вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңа­зытқыш қондырғыларын талап етпейді. Олар тоңазытқышта +2-8 градус температурада тасымалданады.

Президент тапсырмасына сәйкес Жамбыл облы­сының Қордай ауданына келген Пре­мьер-Минис­трдің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірге жұмыс са­пары барысында Био­логиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында өндірілген «QazVac» (Qaz­Covid-in) қазақ­стандық вак­ци­насының бірінші партия­­сының жөнелтілуіне қатыс­ты. Сонымен қатар Қор­дай ауданы Гвардейский кентін­дегі биофармацевтика зауы­тының құрылысымен танысты.

«Қазақстандық вак­ци­наның жасалуы – біздің еліміздің коронавирус инфекциясына қарсы өз вакциналарын әзірлеген әлемнің бес елінің қатарына енуіне мүмкіндік берді. Бұл тек халықтың денсаулығына ғана қа­тысты мәселе емес. Сондай-ақ отандық ғылым­ның әлеуеті мен биофармацевтикада заман­ауи техно­ло­гияларды іс жүзінде қолда­­нудың, мемлекеттің беде­лінің дәлелі», деді Е.Тоғ­жанов.

Сонымен қатар вице-премьер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ­стандық вакцинаны шы­ғару жөніндегі бар­лық тап­сырмасы Үкіметтің ерекше бақы­лауында екенін және вакцинаның бірі­н­ші партиясының бүгінгі шы­ғарылуы оның іс жүзін­де орындалғанын айғақтай­тынын атап өтті. Кездесуде «QazVac» вакцинасының ал­ғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармация» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің хаб­тарына таратылып, одан әрі еліміздің бар­лық өңіріндегі денсаулық сақтау басқар­маларының қоймаларына жеткізілетіні де айтылды.

Бүгінде Биологиялық қауіп­сіздік проб­лемалары ғылыми-зерттеу институты жа­нындағы биофармацев­тика зауытында құры­лыс-жөндеу және әрлеу жұ­мыстары аяқтал­ған. Инже­нерлік желілерге қосу ар­қылы жаб­дықтарды монтаждау, қосу-баптау және іске қосу бойынша жұмыстар жүргізі­луде. Биылғы наурыз айында зерттеудің GMP стандарттарына сәйкестігі туралы оң қорытындысы (DQ) алынған. Келесі қа­дам – валидацияны жүзеге асыру және GMP халықаралық стандартының сертифика­тын алу болып отыр. Бұл мақсатқа «Атабай» түрік компаниясы тартылған.

1

Аталған ны­санды ара­лаған Е.Тоғжанов нысан жұмы­сына оң баға беріп, вакцина жасау жұмы­сына атсалысқаны үшін ғалымдар мен дәрі­герлерге алғыс білдірді. Өз сөзінде Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес отан­дық вакцина өндіретін зауыт құрылысы бел­гі­ленген мерзімде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар биофармацевтика зауы­ты биыл іске қосылғаннан кейін оның база­сында «QazVac» вакцинасын өндіру жалға­са­тыны да айтылды.

 

Жамбыл облысы