Ақ үй билігі климат дағдарысымен күресу үшін мұндай қадам қажетті деп есептейді. Осы аптада өтетін климат саммиті АҚШ президенті Джо Байденнің бастамасымен ұйымдастырылмақ. Іс-шара бейнеконференция режімінде өтеді. Осыған орай, Ақ үй АҚШ-тың 2030 жылға дейін парникті газдар көлемін 2005 жылғы деңгейден 50 пайызға азайтатынын хабарлады.
Ақ үй әкімшілігінің қызметкері The Guardian газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың бұған дейінгі президенттің шешімдерінен бас тартатынын жеткізген. Сондай-ақ күтуге уақыт жоқ екенін, дәл қазір әрекет ету қажетіне екпін берген.
Айта кетерлігі, АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп Париж келісімінен шығатынын мәлімдеген еді. Енді Джо Байден әкімшілігі бұрынғы басшының кемшілігін жуып-шайып, қайтадан халықаралық қоғамдастықтың сенімін иеленуді көздейді.
Ақ үй бүгінге дейін Канаданың, Аргентинаның, Жапонияның парникті газдар шығару көлемін азайтуға көмектескенін айтады. Сондай-ақ Ұлыбритания секілді басқа елдерге қолұшын созуға әзір.
Әлемдегі көміртегі газын шығару бойынша ең бірінші орында тұрған Қытай бұл шешімге күмәнмен қарайды. Әйтсе де, ел басшысы Си Цзиньпин климаттың жылынуы жөніндегі саммитке қатысады.
БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің айтуынша, АҚШ-тың парникті газдарды 50 пайызға төмендетуі планетаның климат дағдарысына ұшырауын тоқтатуы қажет. Ғалымдар әлем 2030 жылға қарай шығарындыларды екі есеге азайтуы керегін ескертіп отыр.