Аймақтар • 23 Сәуір, 2021

Өскемен, Семей, Аягөз – «қызыл аймақта»

48 рет көрсетілді

Өскемен, Семей және Аягөз ауданы 23 сәуірден бастап «қызыл аймаққа» енді. Аталған елді мекен тұрғындарына шектеу шаралары түсіндіріліп жатыр.

Жалпы, пандемия басталғаннан бері Шығыс Қазақстанда корона­вирус инфекциясының 24 мың жағ­дайы тіркелді. Облыс қазір «сары аймақта». Ал Өскемен, Се­мей қалалары мен Аягөз ауда­нында эпидемиялық жағдай ушығып бара жатқандықтан шектеу күшейді. Тек соңғы аптада Семейде 240 науқас анықталып, қала вирустың таралуы жағынан көш бастады. Облыс орталығы Өскеменде 209 оқиға тіркелді. Тоғыз жолдың торабында жатқан Аягөз ауданында 67 адам коро­навирус жұқтырған. Сөйтіп, ин­фекцияның таралуы бойынша жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бұл елді мекендер «қызыл аймаққа» жатқызылды. Бұдан былай үш өңірдің тұрғындары үшін талап күшейді. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қолданыстағы қау­лы­сына өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Онда «қызыл аймақта» аурудың таралуын ауыз­дықтау үшін белгілі бір шек­­теу шаралары енгізілген. Облыс­тық санитариялық-эпи­де­­­мио­логиялық бақылау депар­таменті басшысының орынбасары Ғалымбек Әлиннің айту­ынша, өзгерістер сауда, қоғам­дық тамақ­тану, мәдениет нысан­дарының жұмысына қа­тысты.

– 23 сәуірден бастап Өскемен, Семей және Аягөз ауданында демалыс күндері супермаркеттер, гипермаркеттер, сауда үйлері мен сау­да ойын-сауық орталық­тарының жұмысына тыйым салынады. Жұ­мыс күндері сағат 21.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал азық-түлік және азық-түлік емес базарлар сен­бі күні сағат 17.00-ге дейін жұ­мыс істейді. Ал жексенбіде олар­дың жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ғимараттардың ішіндегі базарлар демалыс күндері жабық болады. Қоғамдық тамақтану орын­дарындағы жұмыс тәртібі сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін өзгерді. Ал азық-түлік порттарына сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін уақыт шек­теуімен жұмыс істеуге рұқсат еті­леді. Қалған уақытта тек тамақ алып кету және жеткізуге рұқсат, – деді Ғ.Әлин.

«Қызыл аймаққа» арнал­ған қаулы негізінде мәдени нысан­дарға, театр мен кинотеатрлардың қызметіне тыйым салынды. Де­малыс күндері сауналар, жабық спорт нысандары, фитнес-орта­лық­тар, жаттығу залдары жұмыс істемейді. Жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мек­­тептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін сыныптардағы балалар саны 25-тен асырылмай аралас формат­та оқыту жүйесі қайтарылады. Бітіру сы­ныптары аптасына алты күн ара­лас форматта оқытылады. Ара­лас формат, яғни сабақтардың 70 пайы­зы мектепте, 30 пайызы қа­шықтан оқытылады. Ал қалған оқушылар онлайн режімде оқуға қайта оралады. Осы тұста айта кетерлігі, оқу жылының басынан бастап мектеп жасындағы балалар арасында коронавирус ауруының 1 723 жағдайы тіркелді. 1 172 бала қашықтан оқытылды. Дәрі­гер­лердің пікірінше, бала үйде отыр­ғанымен ауруды ата-анадан, туысынан жұқтырған.

– Мектеп аумағы блоктарға бө­лінген. Олардың арасында жү­руге тыйым салынған. Әр сы­ныпқа өз кабинеті бекітілді. Жұқ­тырудың әрбір жаңа жағдайы бойынша жұқ­тыру себептерін, сондай-ақ бай­ланыста болған адамдарды анық­тау жұмыстары мұқият жүр­гізіледі, – деді облыстық білім бас­қармасының басшысы Сай­рангүл Жұмаділова.

Санитарлық нормалар сақтал­ға­нымен, сәуір айында 131 оқу­шы індет жұқтырған. Басым бө­лігі сабақты дәстүрлі түрде оқып жүр­ген еді. Қатаң шектеу шаралары Өскемен, Семей қалала­рына және Аягөз ауданына ғана қатысты. Облыстың қалған аудандары мен қалаларындағы нысандар «сары аймақтың» қаулысы негізінде жұмыстарын жалғастыра береді.

Денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Ермек Омар­бековтің айтуынша, өңірде коронавирус ауруының 24 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Қазір облыс­та 3 544 инфекциялық, 319 реа­нимациялық орын бар. Бұл ретте, инфекциялық стационарларға 265 па­циент емдеуге жатқызылған. КВИ науқастары үшін төсек қо­рының жұмыспен қамтылуының жалпы пайызы 6,9 пайызды құ­рады.

– Эпидемиялық жағдай на­шар­лаған жағдайда облыс­та екі іс-қимыл жоспары әзірлен­ді. «Д» жос­пары аясында облыс стационарларында қо­сым­ша инфекциялық және реа­ни­ма­ция­лық төсектер орналастырылады. Осы жоспар бойынша бар­лығы 6 010 инфекциялық және 670 реанимациялық орын болады. Ал «Ч» жоспары іске қосылған кезде қосымша мың инфекциялық төсектік орын ашу мүмкіндігі бар. Жұқпалы ауру­лар ауруханаларында коронавирус­пен күресуге медициналық қыз­меткерлердің толық құрамы тар­тылған жағдайда, жеке қор­ғаныс құралдары бір айға жет­кілікті, – дейді Е.Омарбеков.

Облыстың медициналық ұйым­­­дары коронавирусты емдеуге арналған қажетті жабдықтармен 100 пайызға жабдықталған. Мә­селен, өңірде 67 рентген-аппараты, 368 ӨЖТ аппараты, мың­нан астам оттегі концентраторы, 18 компьютерлік томограф бар. 12 меди­циналық ұйымда орта­лық­тандырылған оттегі магистралі бе­ріліп, оттегі стансалары орнатылды. Сонымен қатар облыста 22 ПТР зертханасы бар, оның жалпы қуат­тылығы тәулігіне 14 мыңға жу­ық зерттеу жасай алады. Өңірде коро­навирус инфекциясын емдеу үшін дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Орын мүлдем бос болмай қал­ған күннің өзінде қор 2 айға жетеді.

– Бізде 380 мыңнан астам ыс­тық түсіретін препарат, 166,5 мың­ға жуық вирусқа қарсы препарат, 533,5 мың антибиотик, 245 мың антикоагулянт бар. «СҚ-фар­ма­циядан» үнемі қосымша аламыз. Сондай-ақ тұрақтандыру қорында 2 млн-нан астам вирусқа қарсы пре­парат бар. Аталған көлем 115 мың пациентті емдеу кур­сына жет­­кілікті, – деп атап өтті Е.Омар­беков.

Індеттің алдын алу үшін ха­лық жаппай екпе салғызып жатыр. Сәуірдің басында ғана екпе алған азаматтардың саны 14,5 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш күн­нен-күн­ге артып отыр. Облыс бас­шы­­лығының айтуынша, сәуірдің соңына дейін екпенің 72 мың дозасы жеткізіледі. Қазанның басына дейін өңірдегі халық санының 53 пайызын егу жоспарланған. Бұл үшін барлық мүмкіндік бар.

 

Шығыс Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Арақ сатылмайтын аудан

Аймақтар • Кеше

Ерлікке толы суреттер

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар