Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Сәуірдің басынан бері ғана облыста 2 361 адам қауіпті вирус жұқтырып тіркелген. Соңғы бір аптаның өзінде ауырғандар саны 1 мыңнан асыпты. Қауіптілігі жөнінен алдыңғы қатарда – Орал қаласы, Бәйтерек және Бөрлі аудандары қалып отыр. Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Ақжайық, Теректі, Қазталов, Шыңғырлау аудандары да «қызыл аймақта» болса, Тасқала ауданы – «сары», Бөкей ордасы, Жаңақала Жәнібек, Сырым және Қаратөбе аудандары «жасыл аймақта». Облыс бойынша індет жұқтырғандар саны соңғы тәулікте 237-ге жетіп, төрт мектеп карантинге жабылған.
Арнайы дайындалған 11 инфекциялық стационарда кереуеттер 62 пайызға толған.
– Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 96 адам коронавирустан қаза тапты. Марқұмдардың 28-і – қаңтарда, 15-і – ақпан айында өмірден өтсе, наурызда індеттен қайтыс болғандар саны 30-ға жетті. Ал сәуір айының 21-іне дейін ғана 23 адам қайтты, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков.
Коронавирус ең алдымен егде адамдарға қауіпті. Дегенмен, вирус жұқтырған мектеп оқушылары да аз емес. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, 4-тоқсанның басынан бері 162 оқушы коронавирус жұқтырған. Қазір 4 мектеп карантинге жабылса 29 мектептегі 66 сынып, 6 балабақшада 8 топ және бір ЖОО-да 2 топта уақытша офлайн оқу тоқтатылды.
– Өңірде екі аптадан астам уақыт бойы індет жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамнан төмен түспей тұр. Бізде енді жұқпалы аурулар ауруханасында төсектік орындар жетіспейді. Осыған байланысты қосымша 200 орын дайындап жатырмыз. Вакцинаны тұрғындар алып жатыр. Вакцинаның тағы бір партиясы жақын арада келеді. Сондықтан екпе алғысы келетіндердің барлығына емхана арқылы кезекке тіркелу қажет. Өкінішке қарай, мониторингтік топтардың жұмысы КВИ-мен күресте үлкен нәтиже бермейді. Отбасылық, үйлену тойлары жалғасуда, ал қоғамдық көліктерде адамдардың дені маска тақпайды, әлеуметтік қашықтық та сақталмайды. Қала әкімі мен аудан әкімдеріне бұл жұмысты, әсіресе түрлі іс-шаралар өтетін күні күшейтуді тапсырамын. Орал қалалық №2 және №4 емханалардың Call-орталықтары қоңырауларға жауап бермейтіні белгілі болды. Бұл процесс шұғыл түрде реттелуі керек. Барлық телефондар көрсетілген уақытта жауап беруі тиіс. Коронавирус аймақтың өміріне қатты әсер етті, экономикаға, бизнеске соққы берді. Егер осы аптада КВИ науқастарының төмендеуі тіркелмесе, біз шараларды күшейтеміз. Мемлекеттік органдарға, жедел штаб мүшелеріне коронавирусқа қарсы күрес бойынша жаңа ұсыныстар мен әдістерді енгізу қажет, – деді коронавирусқа байланысты өткен арнайы штаб отырысында облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Аурудың бетін қайтару үшін карантин талаптарын толық сақтаумен бірге, жаппай вакцина алу қажеттігін мамандар қайталаудан жалығар емес. Қазірдің өзінде облыста 23 790 адам вакцинаның бірінші екпесін алған. Халықты екпемен қамтамасыз ету үшін облыс орталығы мен аудандарда арнайы 30 кабинет ашылған.
– Өңірімізге 23 сәуір күні вакцинаның 9 800 дозасы келеді. Оның 4 900 дозасы – бірінші кезеңге, 4 900-ы – екінші мәрте егуге арналған. 25 сәуірде тағы 15 мың доза, 28-інде тағы 14 мың доза келеді, – дейді Арман Қалибеков.
Батыс Қазақстан облысы