Руханият • 23 Сәуір, 2021

Шүкіршілік

1743 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адам баласында шүкіршілік дейтін ұғым бар. Бұрынғы аталарымыз өздерінің өмір сүру әдебін «қиындық келсе сабыр етеміз, жақсылық келсе шүкір етеміз» деп бағамдаған. Демек «сабыр» мен «шүкір» ұғымдары – қай заманда, қай дәуірде де болсын адамзаттың рухани тірегі һәм адаспас, адастырмас темірқазығы.

Шүкіршілік

Дана Абай атамыз өзінің 38-ші қарасөзінде шүкіршіліктің маңызы мен нығметі жайлы: «Ғибадаттың бәрі шүкіршіліктен туады. Енді зин­һар ғадаләт, шапағаттан босан­баңдар. Егер босансаң, иман да, адам­дық та һаммасы босанады. Сахиб ниғметке шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәһар болмайсың ба?» дейді.

Сол сияқты, қазақтың үлкен ақы­ны Қадыр Мырза Әли «Иірім» атты естелік кітабында Екінші дү­ние­жүзілік соғыс жылдарындағы ауыл өмірін суреттей отырып: «Әже­міз сыртқы киімдерін шешіп, жас­тығының астына салып қисаяды. Содан соң дауысын шығарыңқырап, «О, Құдай! Бергеніңе шүкір!» дейді. Солай деп Жаратқанға ырзашылық білдіріп жатқан әжеміздің жалғыз ұлынан қара қағаз келген, күйеу баласынан қара қағаз келген! Шалынан түк хабар жоқ. Сөйте тұра «О, Жа­ратқан! Бергеніңе шүкір!» дейді. Несіне шүкір дейді?! Осы сұрақты біз әжемізге қоямыз. «Шүкір демегенде не деймін?! Бұдан да жаман болуы мүмкін ғой» дейді ол. Мен бұдан жаман күндерді көз алдыма елестете алмай, шаршаймын да ұй­қыға кетем» деп жазыпты. Міне, бұл – ғасырлардан үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың имани әдебі, қи­ындыққа шүкір етудің шынайы үлгісі.

«Жұлдыз» журналының 1988 жылғы №10 санында Шәкәрім қажы­ның немересі Кәмила Ғафурқызының естелігі жарияланыпты. Осында айтылғандай, 1931 жылдың күзінде «Шәкәрімнің отбасысы түгелімен қа­мауға алынсын» деген суық хабар жетіп, ағайын-туыс, бала-шаға, азан-қазан, у шу болысады. Сол кез­де қажының 50 жыл отасқан жары Айғанша бәйбіше: «Кәне, тоқ­татыңдар, біз 50 жыл шалқып өмір сүрдік, ендігі бір зауалдың келетін уақыты болды емес пе, бұрынғы бақытты өмірлеріңе неге шүкіршілік етпейсіңдер?!»  деп ақырған екен.