Аймақтар • 23 Сәуір, 2021

Алматылық санитарлар бюджеттен қаржы жымқырған

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қағазда бар, іс жүзінде жоқ. Алматының Алатай ауданындағы санитария-эпидемиология бақылау басқармасы жоқ күзет қызметіне қазынадан жыл сайын миллиондаған қаржы жымқырып отырған. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты дәрігер Қайырғали Көнеев әшкереледі, деп хабарлайды Egemen.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алматылық санитарлар бюджеттен қаржы жымқырған

«Екі-үш жылдан бері 150-200 мыңдай айлық алып тұрған. Ұрланған бюджеттің ақшасы қосымша айлық ретінде бастықтардың қалтасына түсіп отырған. Бұл дұрыс емес. Қазір дәрігерлерге үстемақы беруге ақша жетпей жатыр. Керісінше, сол жаққа жұмсалса адал болар еді. Жымқырылған ақша бюджетке қайтарылуы керек», дейді дәрігер Қайырғали Көнеев.

Алматылық дәрігер алғашында бұл сорақылықты таныстарынан естіген. Сосын әңгіменің анық-қанығын білу үшін құзырлы мекемеге хат жолдаған. Жандарбек Бекшин басқаратын қаланың санитария-эпидемиология бақылау департаменті өз кезегінде ақ халаттының күдігін растап, құзырлы орган аталған іс бойынша тергеуді бастап кеткенін жеткізді.

Басы дауға қалған Алатау ауданының қауіпсіздігін әкімдік қаржыландыратын күзет қызметі қамтамасыз етеді. Қағаз жүзінде жауапты департамент өкілдері аудан басқармаларының күзетіне жылына 2 миллионнан астам қаражат бөледі екен.

«Осы жағдайды білген күннен бастап департамент басшысының бұйрығымен қызметтік тексеріс жүргізілді. Жиналған барлық мағлұмат ҰҚК мен құзырлы органдарға жолданды. Бұл құзырлы органдар өз тергеп-тексерулерінің қорытындысын бізге жібереді. Содан кейін ғана біз өз құзірет шеңберімізде аталған жағдайға байланысты шара қолданамыз», деді Алматы қаласы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің бөлім басшысы Бауыржан Қыдырбайұлы.