Ақтөбе қаласының diapazon.kz басылымы 2015 жылдың наурыз айында Асқар Маратұлына қатысты туындаған жанжал туралы жазады. Сол уақытта ол Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі болған. 2015 жылдың 8 ақпанында полиция оның Toyota Land Cruiser 200 маркалы көлігін тоқтатып, ондағы мемлекеттік нөмірлердің жалған екенін анықтаған.
Құқық қорғау органдары әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жіберген. Сөйтіп, әкім бір жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Сондай-ақ сот Асқар Маратұлына қатысты тәртіптік жаза қабылдау туралы шешімді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберген.
Естеріңізге сала кетейік, «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Ұлан Әліпов Президент сынынан кейін жұмыстан босатылды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайы азаматтардың әлі де наразылығын тудыратынын айтты.
Ал 22 сәуірде Асқар Маратұлы «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының жаңа Басқарма Төрағасы болып тағайындалды.
А.Маратұлы 1976 жылы туған. Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «көліктегі экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, сондай-ақ Л. Гончаров атындағы Қазақ жол-көлік университетінде оқып, «автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы инженері» мамандығын алды.
Еңбек жолын 1998 жылы бастады.
1998-2002 жылдары Көлік және коммуникация министрлігінде түрлі қызметтер атқарды. «ҚазАвтожол» РМК-ның Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстық филиалдарында жұмыс істеді.
2007-2012 жылдары – Астана қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, Көлік және коммуникация министрлігінде сарапшы, Жамбыл облыстық Қаржылық бақылау инспекциясы басшысының орынбасары.
2012-2015 жылдары – Ақмола облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.
2015-2017 жылдары – Зеренді ауданының әкімі.
2017-2019 жылдары – Ақмола облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.
2019 жылдың 3 сәуірінен бері Ақмола облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.