Қоғам • 23 Сәуір, 2021

«Ақылды ұрпақ» атты жас ғалымдар форумы өтті

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-сұлтанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында онлайн форматта «Ақылды ұрпақ» атты жас ғалымдардың республикалық форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ақылды ұрпақ» атты жас ғалымдар форумы өтті

Іс-шараның ұйымдастырушысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Білім және ғылым министрлігімен болды.

Форумға еліміздің барлық өңірлерінен жиналған 200-ден астам жас ғалымдар мен зерттеушілер, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов, ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Думан Орынбеков, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің, ҚР БҒМ жанындағы жас ғалымдар кеңесінің өкілдері қатысты.

Асхат Оралов өз сөзінде: «Бүгін мұнда Тәуелсіз Қазақстанда өскен, жаңа ойлау қабілеті мен даму парадигмасы бар, өз жетістіктері мен табыстары бар жастар жиналғаны маңызды. Жастарды, әсіресе жас ғалымдарды, кәсіпкерлерді, новаторларды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі қолдап отыратындығын атап өткім келеді».

Форум барысында Қазақстанның жас ғалымдары ғылымның түрлі салаларында өз тәжірибелерімен және өз салаларындағы жетістіктерімен бөлісті.

Мәселен, QazVac отандық вакцинасын әзірлеушілердің бірі, «Биотехнология» мамандығы бойынша PhD докторы, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ микроорганизмдер коллекциясы зертханасының меңгерушісі Қ.Д. Жүгінісов QazVac вакцинасының клиникалық сынақтарынан сәтті өткені және өңірлерге жеткізу туралы айтып берді.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ постдокторанты, «Биосфера экологиясы» зертханасының аға ғылыми қызметкері, «Су ресурстарын ұтымды пайдалану» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі Н.Х. Байматовтың пікірі бойынша: «Адамгершілік-экологиялық тәрбие жастардың экологиялық ойлау стилін дамытуға, табиғи ортада қажетті сенімдер мен мінез-құлық дағдыларын тұжырымдауға, орынды экологиялық қызмет қағидаттарын бекітуге бағытталуы тиіс», - деп атап өтті.

Сонымен қатар, іс-шара спикерлері ретінде «ReLive Intelligence» компаниялар тобының негізін қалаушы және директоры, деректерді талдау бойынша PhD докторы, Назарбаев университетінің түлегі Б.Б. Әбдікенов, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, А. Ж. Бибосынов, инклюзивті білім беру бойынша PhD, Ұлттық ерікті, мүгедектігі бар жас мамандардың таланттарын дамыту бағдарламасы аясында Қазақстандағы БҰҰ бағдарламалық маманы М. Т. Қарсақпаева сөз сөйледі.