«Өздеріңіз көріп отырғандай, жекеменшікке байланысты бүгін комиссия мүшелерінің біртұтас пікірі қалыптасқан жоқ. Жұмыс топтарының жетекшілері де ойларын ортаға салды. Олар да шешім қабылдаған жоқ. Неге десеңіздер, мәселе күрделі. Мәселе мағынасы жағынан да, мәні жағынан да өте маңызды, терең сұрақ болғаннан кейін жұмыс топтарының басшылары осындай шешімге келді ғой деп ойлаймын. Бірге талқыладық. Ашығын айтқанда түпкілікті шешім қабылдау үшін біраз уақыт керек екені анық», деді Ералы Тоғжанов.
Үкімет басшысы орынбасарының атап өтуінше, ауыл шаруашылығы жерлеріне толық инвентаризация жүргізу қажет.
«Ол бір күннің шаруасы емес, оны бүкіл ел біледі. Оны өздеріңіз осы жерде талқылап, ұсыныс енгіздіңіздер. Бұл жұмыс барысында еліміздің барлық жерінің топырағының құнарлығы нақтылануы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерінің кадастрлық құнын қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Мамандардың айтуынша, бұл 10 жылдан бері қаралмаған сұрақ. Оны бір күннің ішінде, бір отырыста шешім қабылдаймыз деп те айта алмаймыз. Жердің құнарын, нарықтың құнын ескере отырып, жан-жақты талдау жүргізілуі тиіс. Халқымыз әр уақытта жерді қазынаға, байлыққа теңеген. Осы жерде азаматтардың біразы саяси астары бар екендігін айтып жатыр. Ол жа жоқ емес. Оны да ескеруіміз керек. Қазақта судың да сұрауы бар деген сөз бар. Сондықтан осының бәрін ескерейік», деді Премьер-Министрдің орынбасары.