Әлем • 25 Сәуір, 2021

Климат саммитінде не талқыланды?

334 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен аптада жаһандық жылынуға қатысты саммит өтіп, оған әлемнің бір­қатар елінің басшылары қатысты.

Климат саммитінде не талқыланды?

Екі күнге со­зылған онлайн конференция «Жер күніне» орай ұйым­дастырылды. Іс-шара АҚШ президенті Джо Байденнің мұрындық бо­луымен өтті. Ал Ақ үй­­дің бұрынғы басшысы Дональд Трамп кезін­де АҚШ климаттың өз­ге­руіне жол бермеу мақ­­сатында жасалған Париж келі­сімінен шық­қан еді. ­Сарапшылар Джо Бай­деннің бастама көтеріп, 40 мемлекеттің басшы­сын жинап, саммит ұйым­дастыруын Д.Трамптың әрекетін жуып-шаюға талпыну деп санайды.

Сонымен екі күнге созыл­ған саммит барысында не айтылды? БҰҰ Бас хатшысы Ан­­­тонио Гутерреш өз сөзінде жа­һан­дық жылынуға жол бермеу үшін атқаратын шаруа көп екеніне тоқталды. «Бүгінгі сам­мит климатты реттеуге ба­ғыт­талған жұмыстың оңғарыла бас­тағанын көрсетеді. Бірақ алда әлі жұмыс көп. Келе жат­қан климат дағдарысына жол бермес үшін шұғыл түрде бү­гінгі айтылғандарды орындап, биылғы жылды адамдар мен планетамыз үшін тағ­дыр­шешті кезеңге айналдыруымыз қажет», деді ол.

АҚШ президенті Джо Бай­ден 2030 жылға дейін пар­ник­ті газдарды шығару көле­мін азайтуды 50 пайыздан 52 пайыз­ға дейін жеткізетінін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш Еуропалық одақ ұстанған деңгейге шамалас. Қарт құрлықтың беделді ұйымы 2030 жылға қарай көміртегі газын шығару көлемін 55 пайызға азайтуға келіскен-ді.

Әйтсе де, саммит барысында бақуатты мемлекеттердің басшыларына бірталай сын айтылды. Мәселен, дәулетті елдер климаттың өзгеруімен күресіп, кедей елдерге жәрдемдесу үшін жыл сайын 100 миллиард доллар қаражат бөліп отыруы тиіс-тұғын. Бірақ бұл уәде толық орындалған жоқ. Бутан, Габон, Бразилия секілді елдердің басшылары осы мәселеге көңіл аударды.

Антигуа мен Барбуда прези­денті Гастон Браун кедей ел­дер­дің қарызын жеңілдетуді сұрады. Оның айтуынша, климат дағдарысы мен коронавирус індетінен зардап шеккен мемлекеттер үшін қазіргі таңда қарыз қайтару бас ауыртар мәселеге айналып отыр.

Әлем алдында айыпты бол­ған АҚШ жаһандық жылыну­мен күресуге көбірек қара­жат бөлуге уәде берді. Джо Бай­деннің айтуынша, ресми Вашинг­тон бұл соманы екі есеге ұлғайтпақ. Бірақ Ақүй басшысы нақты цифр келтірген жоқ еді. Кейінірек АҚШ-тың «Жаһандық климат қорына» бөлетін қаржысы 2 миллиард долларға жететіні анықталды.

Қазіргі таңда электр энергиясын өндіруге қажетті зат – көмір. Бірақ ауаға парникті газдар шығару жөнінен осы отын түрінің зияны ерекше екені белгілі. Саммит барысында бұл мәселе де кеңінен талқыланды. Әсіресе көмірден мүлдем бас тарту – климат жылынуына жол бермеу үшін қажет.

Бүгінде Азия мен Еуропа­ның дамушы елдері, тіпті АҚШ та әлі күнге көмір жағып отыр. Жыл өткен сайын аталған мемлекеттер одан бас тартып, тұтыну көлемін азайтып келеді. Мәселен, 2007 жылы АҚШ-тың өндіріс көлемі 1 миллиард тоннаны құраса, 2018 жылы 700 миллион тоннаға дейін азайған.

Дегенмен, қазіргі таңда көмір­ді көп тұтынатын ел – Қытай. Ол жыл сайын 4,3 мил­лиард тонна «қара отын» жаға­ды. Бұл әлемдік көмір тұтыну мөлшерінің шамамен жартысына жуығын құрайды. Оның үстіне, Қытайдың көмірге деген құмарлығы бәсеңдер емес.

Осыған қарамастан, саммит барысында Қытай тарапы 2025 жылға таман «қара отын­ды» тұтыну мөлшерін бақы­лауға алып, келешекте бір­те-бірте азайтуға уәде бер­ді. Айта кетерлігі, Бейжің би­лігі алғаш рет көмірге тәуел­­ділікті төмендету туралы сөз қозғап отыр. Energy Foundation China ком­пания­сының вице-президенті Дэвид Ванс Вагнердің айтуынша, осы мәлімдеме арқылы комму­нис­тік партия маңызды әрі нақ­ты саяси қадам жасады.

Көмірді экспорттаудан екін­ші орында тұрған Оңтүстік Корея көп ұзамай сыртқа сауданы азайтатынын, кейінірек мүлдем тоқтататынын жеткізді. Бірақ Жапония мен Қытай экспорт көлемін азайту туралы ләм-мим деген жоқ.

Сонымен қатар онлайн конфе­ренция барысында бір­қатар мемлекет бұған дейінгі па­рникті газдар шығару көле­мін азайту туралы жоспарына түзету енгізетінін жеткізді. Жапония көміртегі газдарын бөлу деңгейін 50 пайызға дейін азайтуға келісті. Бұған дейін ол 46 пайыздық межені уәде еткен еді.

Оңтүстік Африка 2025 жылға қарай елден бөлінетін пар­ник­ті газдар көлемін бақы­лай­тынын айтып, одан кейінгі мерзімде қадам-қадаммен тө­мен­детуге келісті. Канада өз ке­зе­гінде 2030 жылға қарай пар­­­никті газдар көлемін 45 па­йыз­ға дейін азайтпақ.

Көміртегімен күресудің бір бағыты – оның бағасына да қа­тысты. Еуропалық одақ «қара отынның» бағасын арттыру арқылы парникті газдар шы­ғарылуын азайтуды көздейді. Еуро­палық комиссияның пре­зиденті Урсула вон дер Ляйен­нің айтуынша, ЕО осыған ба­сымдық беріп отыр.

«Көміртегі шығарылы­мы­ның бағасын бақылау жасыл энергияға инвестиция салуда маңызға ие. Біз көміртегін бизнес жоспарымыздан сызып тастауымыз қажет», деді Еуропалық Кеңестің президенті Чарльз Мичел.

Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның келтірген деректеріне сүйенсек, Канадада әр бөлінген көміртегі газы тон­насының құны шамамен 170 долларды құрайды. Бұл 2030 жылға қарай шығарылу көлемін азайтуға көмектеспек.

Франция президенті Эмман­уэль Макрон да мұндай бастаманы қолдап отыр. Ол көмір­тегі­нің бағасын қымбат­тат­па­сақ, келешекте таза энергия жойы­лып кетуі мүмкін деген қаупін жеткізді.

Әйтсе де, саммит барысында елдің бәрі көміртегі газын азайтуға келісе кеткен жоқ. Мәселен, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди климаттың өзгеруімен күресу өмір сүру салтына да әсер ететініне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясынан кейінгі әлемді қайта қалпына келтіру кезінде тұрғындардың өмір салтын ұмытып кетпеу керек. Өйткені парникті газдар шығаруды бірден азайту олардың күнделікті тіршілігіне зиян тигізуі ықтимал.

Модидің алаңдауы орынды. Қазіргі таңда Үндістан әлемде Қытайдан кейін көмір тұтыну бойынша екінші орында тұр. Гандидің отандастары жыл сайын шамамен миллиард тоннаға жуық «қара отын» жағады. Оның үстіне, парникті газдар шығару бойынша әлемде үшінші орында тұр. Жыл сайын шамамен 3 гигатонна көмірқышқыл газ шығарады. Яғни жаһандық парникті газдарды шығарудың 7 пайызы – Үндістанға тиесілі.

Әрине ел билігі Париж келі­сіміне сәйкес 2030 жылға қарай парникті газдарды шыға­ру көлемін 33-35 пайызға дейін азайтуға уәде берді. Қазіргі таң­да осы бағытта жұмыс атқа­ры­лып жатыр. Бірақ халық­аралық стандартқа сай технология енгізіп, саны 1,4 миллиардқа жет­кен халықты асырау оңайға соқпайтыны анық.

Осы орайда, мына мәселені ескере кеткен жөн. Мәселен, парниктік газды шығару көлемі қалай есептелуі тиіс? Немесе өз міндетін орындаған мемлекеттер келешекте қалай әрекет етуі керек?

Бұлай сұрақ қоюымыздың себебі мынада. Міндетін орын­да­ған мемлекеттер ауаға кө­мірқышқыл газын бөлу­дің кө­­беюіне жанама әсер етіп отыр. Мысалы, Герма­ния, Ұлы­бри­тания және Фран­ция секілді дамыған елдер пар­никтік газды шығару көлемін айтарлықтай азайтты. Осы­лайша, Тұманды Аль­бион­нан тұман тарқап, Эйфель мұнарасын түтін бас­пай, немістер таза ауамен ты­ныс­тай бастаған. Алайда атал­ған елдер тұтынатын тауарлар әлемнің басқа бөлігіндегі кө­мір­қышқыл газының артуына сеп болып отыр. Мәселен, Па­риж келісімінен кейін Батыс Еуро­па елдерінің Қытайдан са­­тып алатын тауарлары күрт арт­қан. Бұл өз кезегінде Қы­тай­дың пар­никтік газды көп шы­ғаруына жол ашты. Сондық­тан елдің гео­гра­фиялық шекара­сынан ғана шы­ғатын көмір­қыш­қ­ыл газын ғана емес, сол мемле­кет тұ­тынатын бүкіл тауар­ды өндіру­ден шығатын пар­ник­тік газдың көлемін анықтау өте өзекті.