Ең алғаш туған дала топырағында кәсіби қазақ театрының туын көтеріп, 1926 жылдың қаңтарында өнер әлемінде үлкен жаңалық жасаған сол кездегі жанкешті де жалынды жеті жастың қатарынан табылып, ұлттық сахна өнерінің көсегесін көгерткен сан қырлы актер Серке – Серәлі Қожамқұловтың маңдайына тұңғыш театрдың көшін бастау бақыты һәм жауапкершілігі қатар жүктеліпті. Сондықтан болса керек, Серке бастаған саңлақтар салған сахнадағы сара жол қай кезде де ұрпақтары үшін ұлағатты да тағылымға толы. Оның айқын дәлелі – өткен жұмада елорда төрінде Қарағанды облысы Мәдениет, архив және құжаттама басқармасы, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған Қазақ музыкалық драма театры Ұлттық музеймен бірлесе отырып Серке Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» көрмесін өткізді.
Ұлық мейрам Тәуелсіздігіміздің биылғы торқалы тойымен тұңғыш қазақ театрының 95 жылдық және сол кәсіби қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі, ҚазКСР Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серке (Серәлі) Қожамқұловтың 125 жылдық мерейтойының тұспа-тұс келуі жай ғана кездейсоқтық болмаса керек. Өйткені ел егемендігінің арқасында, әсіресе соңғы онжылдықта театрларымыз қанатын кеңге жайып, өнердің жаңаша тынысы ашылғаны анық. Тұлға мерейтойы қарсаңында өткен айтулы көрме соның бір парасы болса керек.
– Ұлы актер Серке Қожамқұловтың 125 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде тойланатын атаулы күн екені баршаңызға мәлім. Серке ағамыздың соңында қалған мұрасы – ұлттық өнеріміз үшін тағылымы мол рухани қазына. Сол мұраны өскелең ұрпаққа табыстап, жастарды өнерге баулу қажет деп ойлаймын. Сахна саңлағының өмірі мен шығармашылығына арналған бүгінгі мазмұнды көрме соның бастамасы, Қарағанды облысы Мәдениет, архив және құжаттама басқармасы мен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған Қазақ музыкалық драма театры ұжымының өнерсүйер қауымға ұсынған тамаша тартуы, – деп тұлғатануға арналған тағылымды шараның ресми бөлімін ашып берген Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітованың жүрекжарды лебізін одан әрі асылдың сынығы, сахна саңлағының қызы Мариям Серәліқызы: «Әкем 65 жыл сахнада өнер көрсетті. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында 200-ден аса рөлде ойнап, 25 фильмге түскен. Ғабит Мүсіреповтің «Серке Қожамқұлов – ел жұртқа ұстаз, періштедей таза, әділ адам» деген сөзі бар. Әкеміз біз үшін бәйтерек еді. Ол жастардың құлағында жүрсін деп 3 нәрсені айрықша айтып кетті, олар: өнер, тіл өнері, еңбек. Бүгінгі үлкен шараны ұйымдастырушыларға шексіз алғыс айтамын», деп ұлыдан қалған ұрпақ асқар тауы жайлы естелігін ризашылық сезіммен одан әрі жалғады.
Өнер майталмандары,
театр әртістері мен мәдениет саласының өкілдері қатысқан көрменің ресми ашылуы одан әрі тұлға мұрасы топтастырылған көрме залында жалғасын тапты. Тақырыптық һәм хронологияық тұрғыдан жүйелі топтастырылған мазмұнды көрмеден театр жанкүйерлері актердің көзі тірісінде пайдаланған жеке заттары мен ойнаған спектакльдерінде киген костюмдерін, сондай-ақ театр сахнасы мен экранда сомдаған рөлдерінен тізбектелген фотосуреттер галереясын тамашалап, көзайым болды.
Аңыз актер Серке Қожамқұловтың шығармашылығы, өнердегі өрелі жолы жайлы сөз болғанда сыншылар мен әріптестері сахна саңлағының «кішкентай адамдардың» образын жасаудағы шеберлігін, кейіпкерлер мінезінің комедиялық күйі мен оның ішкі трагедиясын жеткізудегі ұтқыр шешімдері мен тапқырлығына айрықша тоқталады.
– Өткен ғасырдың 70-жылдары театрға келген біздің буынның үлкен бақыты – Серағаңмен бірге қызмет істеп, ол кісінің актерлік, адамгершілік қасиетін қатар көріп, ағалық мейіріміне бөленгендігіміз дер едім. Өйткені 1926 жылы театр уығын қадасқан көптеген актердің көзін көре алмадық. Көрсек те сахнада бірге ойнап, әріптес бола алмадық. Бірақ есесіне, Серағаңмен бір сахнада өнер көрсету бақытына ие болдық. Менің ең алғашқы серіктесім Серке аға болғанын өнердегі үлкен бақытым деп білемін. Ол кісінің актерлік қасиетін, қабілет-шеберлігін бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Серағаңның актерлік қасиеті, менің ойымша, ақыл мен парасат, шындық пен қиялдың, трагизм мен комизмнің жоғарғы мәдени синтезінде болатын. Сонысымен де сахнада өзгелерден айрықша дараланып көрінетін, – деп Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов әріптес ағасы туралы ағынынан жарылып өз естелігімен бөлісті.
Рас, Серке Қожамқұлов жайлы сөз болғанда өнер иесінің сахналық шеберлігінен бөлек, актердің театрға деген тазалығы мен адамгершілігі туралы да жиі айтылады. Өйткені киелі сахнаға жан-тәнімен берілген актердің бір рөлінің өзін жарты ғасыр бойы үздіксіз һәм үзіліссіз ойнап, шашауын шығармай, «ескіртпей», кейіпкерін замана талабына сай түрлі буын актерлерге құбылта отырып жеткізуін шеберліктің шыңы демей көріңіз. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Еспембет бейнесі сондай рөлдердің қатарында. Ең алғаш қазақ театры ту көтерген 1926 жылдан бастап жарты ғасыр бойы Серке Қожамқұлов сомдауында елу жыл ескірмеген Еспембет рөлі актердің өнердегі бойтұмары десе де болғандай. Одан бөлек, қазақ сахнасына 1939 жылы Яго бейнесін алғаш алып шыққан актердің Серке Қожамқұлов екендігін де баса айту – парызымыз.
Ұлттық сахнамызда небір күрделі бейнелерді кемеліне келтіре кейіптеген өнер иесінің қазақ театр тарихы мен кинематографиясының шежіресінен алар орны айрықша. Актердің сахнада сомдаған «Ревизордағы» – Земляника, «Түнгі сарындағы» – Қыдыш пен Тәнеке, «Тастүлектегі» – Арпабай, «Алма бағындағы» – Дәукен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» – Қарабай, «Абайдағы» – Жиренше, «Вьетанам жұлдызындағы» – Уань бейнелері өз алдына бір төбе болса, актер экранда өмір сыйлаған «Дала әндеріндегі» – батырақ, «Жұттағы» – қойшы, «Амангелдідегі» – Бекет, «Райхандағы» – Кеке, «Абай әндеріндегі» – Баймағамбет, «Алтын кернейдегі» – Әділбек, «Баку жалындарындағы» – Қадыр Қырымқұл, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» – Қарабай, «Алғашқы эшелондағы» – Садықов, «Біздің сүйікті дәрігердегі» – Серке, «Ана туралы аңыздағы» – жылқышы, «Алдар көседегі» – Итбай сынды кейіпкерлер галереясы ұлттық кинематография қоржынына қосылған қомақты олжа.
Актер шеберлігі турасында тағы да өнер иесінің көзін көрген әріптестерінің естелігіне жүгінетін болсақ, Серке Қожамқұловтың сахна мен экрандағы ешкімге ұқсамас қолтаңбасы қашанда менмұндалап тұратын. Әрбір рөлдің болмыс-бітіміне сай өзіндік мінезі мен дауыс ырғағын, сахналық қимыл-әрекеті мен сөз мәнерін дәл тауып, құлпырта ойнататын актер болған деседі. Әсіресе, Қожамқұловтың актерлік шеберлігі комедиялық рөлдерде айқын көрінді. Ондай таңдалуы рөлдер қатарында Талтаңбай (Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібінде»), Яичница (Гогольдің «Үйленуінде»), Тымақбай, Қарабай, Қоңқай (Мүсіреповтің «Амангелдісінде», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мен «Ақан сері – Ақтоқтысында»), Шахтер Тайман (Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббатында»), Еспембет, Көбікті хан (Әуезовтің «Еңлік – Кебегі» мен «Қара қыпшақ Қобыландысында») және тағы басқа кесек бейнелер бар.
Актердің бір ерекшелігі – ол әр рөлінде барлық талант қабілеті мен өнер құдіретін сарқа жұмсады. Міне, сондықтан да комедиялық сипаттағы бейнені жасаса көрерменін риясыз күлкіге бөледі, ал драмалық қаһарманы шынайылығы һәм тереңдігімен есте қалады. Бір-біріне кереғар образдардың қай-қайсысын да сенімді бейнелеу хас шеберліктің белгісі екені сөзсіз. Серке Қожамқұловтың бойынан табылған талант пен еңбекқорлықтың ұшқыны оны қазақ өнерінің көшбасшыларының қатарына шығарып, айнымас абырой биігіне көтерді. Соның нәтижесінде сахнаның серкесі атанды. Ең бастысы, өзі бүкіл саналы өмірін арнаған туған халқының мәңгілік сүйіспеншілігіне бөленді. Ел жүрегінен өшпес орнын алды. Мәңгілік ғұмырына жол салды. Актер шығармашылығын дәріптеуге, өлмес өнерін өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан айтулы көрме соның айғағы. Серке салған сара жол өшпейді.