Елбасы • 26 Сәуір, 2021

Өткенді білу – өскеннің белгісі

599 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

­Өмір – өзен. Уақыт – ағын. Су секілді уысыңда тұрмайды, тоқтаусыз ағып, байқатпай өтіп жатады. Қорқыт бабадан жеткен: «Ө­ткен күн, кеше – тарих, Келер күн, ертең – сыр, Бүгінгі күн – сый екенін ескерсек, тарлан тарихқа ден қойғанымыз жөн. Тарихын білмеген халық тілінен айырылады, ал тілінен айырылған халық тобырға айналады. «­Өткенді білу – өскеннің белгісі, өткенді ұмыту – өшкеннің белгісі», деп халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан бәріміз: «Біз шала халықтың емес, дана халықтың ұрпағымыз» деген сөзді ұлттық ұранға айналдыруымыз қажет.

Өткенді білу – өскеннің белгісі

Ақтамберді жырау былайша жырлапты: «Жауға шаптым, ту байлап, Шепті бұздым айғайлап, Дұшпаннан көрген қорлықтан, Жылады жүрек, қан қайнап, Елді, жұртты қорғайлап, Өлімге жүрміз бас байлап». Сөйтіп қазақ қамы үшін бабаларымыздың қаны аз төгілмеді, батырларымыз өзінің бүкіл өмірін ат үстінде өткізді. Қара қазан, сары баланың қамын ойлаған ата-бабаның мақсаты тәуелсіздік алу болды. Сол тәуелсіздікті ХХ ғасырдың соңғы жылдарында алдық, Қазақ елі өз алдына дербес мемлекет болды. Ендеше, мұны қолымызға қонған бақыт құсы деп есептесек артық болмайды. Әрине, тәуелсіздікке қол жеткізу үлкен бақ десек те, оны сақтап қалу, баянды ету – зор міндет.

Біз тарих алдында, болашақ ұрпақ алдында жауаптымыз. Сондықтан да осы отыз жыл бедерінде көптеген ауқымды жұмыстар да атқарылды. Бұл оңайға түскен жоқ. Тапшылыққа тап болып, қолымыз жіпсіз байланған кездеріміз аз болған жоқ. 1990-1995 жылдардың аралығында экономиканың 42 пайызынан айырылдық. Өндіріс орындарының 52 пайызы тоқтап қалды, ауыл шаруашылығының 49 пайызы жоғалды. Жалпы, біз тәуелсіздік жылдары  экономикалық әрі қаржылық дағдарысты басымыздан кештік. 1991-1993 жылдарға жалғасқан дағдарыс соның ең бір ауыр тұсы еді. Сұрапыл инфляция осы жылдары 5573 пайызға жетіп, бар-жоғы үш жылдың ішінде баға 55 есе өсіп кетті. Бұл ең керемет деген кәсіпорындардың өзі көтере алмайтын өте ауыр соққы болатын, осылайша жалпы экономикаға банкроттық қаупі төнді.

Болашақ дегенде ойға бірінші кезекте Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы түсері анық. Әрине, қас қарая қараңғылық тұмшалап, дүкен сөрелері жылан жалағандай бос қалып, ел ертеңін көзге елестетудің өзі қиынға түскен шақта осындай өршіл де батыл бағдарламаға сенімсіздікпен қарап, оны қиял-ғажайып ертегіге балағандар да табылған еді. Сол кезде мен де күмәнмен қарағаным есімде. Дегенмен, ойлана келе, «Қазақстан-2030» стратегиясының қуаты осындай дүрмегі мол дүние дүбірлеп жатқан күрделі шақта келешекке сеніммен көз тігуінде жатқанын түйсіндім. Біз шын мәнінде ел болады екенбіз, келешегіміз кемел екен деп толқыдым. Шыны керек, ұзақ мерзімді стратегия бәрімізді қанаттандырды. Қысқасы, стратегия әупірімдеп тіршілік кешу емес, керісінше, ондаған жылдарға бағдарланған өсіп-өркендеудің стратегиясы бола білді. Бұлай деп отырғаным, аталған құжатта айқындалған басым­дықтар рет-ретімен жүзеге асып, қазір нақты нәтижелерге куә болып отырмыз. Солардың кейбіріне тоқтала кеткеніміз орынды болар.

Ең бастысы, Қазақстан әлемдік саясат сахнасында пікірін ашық білдіретін бас­тамашыл ел ретінде танылды. Мәселен, 1991 жылғы 29 тамызда өз еркімен әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартты. Бүгінде еліміздің ядролық қарудан бас тарту бастамасы – өзгелерге үлгі. Сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға Қазақ­станның белсене қатысқанын айта кету жөн. 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де, 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі де Қазақстанның жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлгенін айғақтайды. Қазақстанның бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақтың іргетасы қаланып, қазіргі таңда ұйым 184 млн тұрғыны бар алып аумақты қамтитын, өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізге айналды. Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы 750 млрд АҚШ долларынан асқан, кіріктірілген ішкі жалпы өнім бағасы 2 млрд долларды еңсерген. Елордада өткен EXPO-2017 көрмесі болса, энергияның экологиялық таза және жаңартылған көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының ерік-жігерлерін біріктіруге күш салды. Ал Сириядағы шиеленіскен жағдайды саяси жолмен шешуде «Астана процесі» ретінде танылған бітімгершілік жиынның тиімділігі халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Әлемдік қауіпсіздікті, тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – татулық пен өзара келісім орнату. Бұл бағыттағы Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастамасы – 2003 жылдан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі деуге толық негіз бар. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан астанада бір үстел басына мұсылман, хрис­тиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті деген халықаралық мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады. Іргелес мемлекеттермен бейбіт көршілік қарым-қатынас ел өмірінде маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан еліміз тәуелсіздік алысымен 13 жыл бойы шекараны делимитациялау мәселесімен айналысты. Нәтижесінде, 1999 жылы Қытаймен арадағы мемле­кеттік шекара толық шешіліп, Қытай мен Қазақстан Үкіметтері арасында тиісті шартқа қол қойылды. Кейін Ре­сеймен, Қырғызстанмен, Өзбек­станмен, Түрікменстанмен келіссөздер жүргізілді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі конвенциясына қол қойылғаннан соң құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекара да біржола айқындалып, түпкілікті бекітілді.

Осылайша, Қазақстан әлем жұртшылығының сеніміне ие болып, әлемдік бизнес тұтқаларын ұстаушы шетелдік инвесторлардың назарына ілікті. Оның басты дәлелі ірі инвесторлар – Шеврон, Бритиш Петролеум, Миттал, Самсунг, Дженерал электрикс, Дженерал моторс, басқа да әлемдік бизнес шыңындағы компаниялардың Қазақстан экономикасына сенімділікпен үлес қосуы дер едік. Тәуелсіздік жылдары елімізге 300 млрд доллардан астам инвестиция тартылды, бұл отандық экономиканың бел жазып, жедел дамуына жол ашты. Айталық, 1999-2007 жылдары аралығында мемлекеттің ІЖӨ өсімі жыл сайын орташа есеппен он пайызды құрады. 2009 жылдан іске асырылған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптегі өндірістің көлемі 10,3 есеге дейін ұлғайды. 1991 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі екі есе артып, 2014 жылы 46,7 мың АҚШ долларын құрады, ал бұл әлемдік орта көрсеткіштен 44 пайызға жоғары. Қызмет көрсету салалары да дамуға бет алды. 1990 жылдар басында Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны кедейлік шегінде күн кешсе, қазір кедейлік деңгейі 5,7 пайыздан аспайды. 1991 жылдан бергі кезеңде зейнетақының орташа мөлшері 227 есе ұлғайып, соңғы он жылдың жүзінде жыл сайын 15,7 пайызға өсуде. 2017 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім әлемдік орташа деңгейден асып, 10 508 АҚШ доллары шамасында болды.

Тоқсаныншы жылдар басында нарық келіп есік қаққанда бұрын кәсіпке бейімі жоқ деп есептеліп келген қазақ азаматтарының сәл абдырап қалғаны да рас. Қазір, шүкіршілік деп айтайық, даламен бірге қалада да өзінің шаруасын дөңгелетіп әкеткендер баршылық. Шағын және орта бизнес саны 35 есе өсті. 2011 жылы еліміз Дүниежүзілік банк рейтингінде бизнес жүргізу бойынша 47-ші орынға ие болды. Қазақ «Қолы қимылдағанның – аузы қимылдайды» демей ме? Өйткені, бұл нарық кезі. Сондай-ақ өз басым Үкімет «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын қабылдап, жұмыспен қамту мәселесінде бұрын-соңды болмаған қадамдар жасады деп есептеймін. Біріншіден, бағдарлама бойынша, жұмыссыз азамат екі қолына бір күрек табуға шын ниет етсе, аудан, қалалардан ашылған Жұмыспен қамту орталықтарына тіркеледі. Мамандығы сай келетін мекемеге жолдама береді. Болмаса бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді. Сол жәрмеңкеде бағы жануы мүмкін. Ал оның мамандығы бойынша қызмет орны мүлде табылмай жатса, оны басқа мамандық, яғни нарықтағы сұранысқа ие мамандық алуға, не қайта даярлауға ұсыныс айтылады. «Жоқ, мен ешкімге бағынышты болмаймын, өзім жұмыс орнын ашып, бағымды бизнес саласында сынап көремін» десе, онда оған шағын бизнесті ұйымдастыру үшін бағдарлама аясында 3 млн теңгеге дейін несие беріледі. Бұл қаржының басқалардан ерекшелігі, шаруаң дөңгеленіп кеткенше несие төлеуден босататын демалысы бар. Мінеки, осындай мүмкіндіктердің арқасында жұмыссыздықтың деңгейі 10 есеге дейін төмендеп, 2020 жылы 4,8 па­йызды құрады.

Қазақстанның жетістіктерінің енді бірі – халықаралық стандарт бойынша Қазақстанның білім беру саласының дамыған елдердің тобына енгендігі. 2000-2010 жылдардың аралығында білім саласына бөлінген қаржы 9 есе, яғни 100 млрд-тан 900 млрд теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде, Инновациялық-зияткерлік мектептер, «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев Университет және басқа білім беру орындары іске кірісті. Денсаулық саласында да ілгерілеу байқалады. Мәселен, 2019 жылы сымсыз механикалық жүрек орнату операциясы әлемде алғаш рет Қазақ елінде, Қазақ жерінде жасалды. Ғаламшар халқын елең еткізген медицинадағы сенсациялық операцияның алғашқы нәтижелері Астанада жария етіліп, онымен танысуға шетелден ғалымдар арнайы келді. Бүгінде Қазақстанда жүрекке жыл сайын 60 мыңға жуық операция мемлекет есебінен жасалады! Нәтижесінде, жүрегі ауыратындар 30 пайызға азайып, олар науқасынан айығып қана қоймай, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр. Сонымен бірге трансплантология саласы да қарқынды дамып келе жатыр.    

Түптеп келгенде, келешек ұрпаққа ұлы мұра жасалынып жатыр. Мықты мемлекет, жаңа экономика, біртұтас қоғам құрылды. Өте қысқа мерзімде жаңа астана бой көтерді. Бүгінгі күні елорда – түрлі бағыттағы идеялардың, сондай-ақ Қазақстанның экономикасының, мәдениеті мен саяси өмірінің орталығына айналды. Мемлекет мәртебесін биіктетіп, халықаралық қаржы нарығындағы орнын анықтауда валютаның маңызы зор екені белгілі. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан соң араға екі жыл салып ұлттық валютасын айналымға қосты. Осылайша, ғасырлар бойы аңсап жеткізген азаттық өзіміздің төл теңгемізбен сауда жасап, дербес алтын-валюта қорымызды қалыптастырып, Ұлттық банкті құруға ықпал етті.               

Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығына жаңа ғана жетті, тарих үшін бұл қас-қағым сәт, ал жаңғыртулардың түбегейлігі мен тереңдігін ескергенде бұл жылдар тұтас дәуірге тең, сондықтан да ол көп қиындық көрген, өз мемле­кет­тігіне қайтадан қол жеткізген қазақ халқының «Жаңғыру дәуірі» деп аталуда. Міне, осылардың бәріне халық­тың ауыз­біршілігінің, күш-жігерін жұмыл­дырудың, ел басшылығының сарабдал шешімдерінің нәтижесінде қол жеткіздік. Мына бір жайтқа да назар аударғым келеді. Көбіміз күнделікті қым-қуыт тіршіліктің қамымен жүріп, жақсы өзгерістерді тек солай болуы қажет сияқты қабылдаймыз, әрі пендешілікпен болған үстіне бола берсе екен дейміз. Қазақстанның әлемдік үдерістердегі көшбасшылық рөлін де өзгеше болуы мүмкін еместей көреміз. Ал шындап келгенде, мұның астарында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, оның серіктерінің орасан зор қажыр-қайраты мен жанқиярлық еңбегі жатыр.

Журналист ретінде сапарлас болған кездері мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Сенатының спикері кезінде халықаралық кездесулерде қиядан жол таба отырып, өзінің дәйекті пайымдарымен елінің мүддесін қорғай білетініне әлденеше рет көз жеткіздім. Ол кісінің ағылшын тілінде мөлдіретіп сөйлегенін көрудің өзі, ал қытай тілінде берілген сұрақтарға қиналмастан сол тілде жауап қайтарулары қандай ғанибет десеңізші. Жас тәуелсіз еліміздің тізгінін берік ұстап, оны етек-жеңін жинаған іргелі елге айналдырғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азияда алғаш рет бейбіт түрде билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстауы бекер емес. Өз кезегінде ол Мемлекет басшысы міндетіне кіріскеннен бастап сындарлы сабақтастыққа иек артатынын анық аңғартты. Екі жыл бұрын Президенттік лауазымды қабылдап алғанда да, сайлауалды бағдарламасында да, ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде де, халыққа Жолдауларында да нақты үш мәселеге – дамуға, әділетке және сабақтастыққа басымдық беріп келеді әрі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басты қағидат ретінде ұстанатынын мәлімдеді.

Айта кетерлігі сол, кейінгі екі жыл әлемде де, елімізде де төтенше жағ­дайларға толы болды. Президенттік сайлаудан соң іле-шала Арыстағы қару-жарақ қоймасы жарылды, былтыр Қор­дайдағы жанжал ең өзекті әлеуметтік мәселелердің тұтас шоғырын көрсетіп берді, Өзбекстанда жарылған су қоймасы Мақтааралдағы ағайынды әбден әбігерге салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай жағдайлардың бәрінде шұғыл ден қойып, батыл шешім қабылдауы халықтың сенімін күшейте түсті.

Қазіргідей әлемдік экономикалық және COVID-19 дағдарыстары кезінде де мемлекет азаматтарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіп келеді. Әлемді жайлаған індеттің біздің еліміздегі қарқыны Президенттің дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында мейлінше бәсеңдеді. Мемлекет басшысының пәрменімен дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жұмыссыз қалған адамдарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасалынды, бұл көмек 4,2 миллион адамды қамтыды. Бір миллиондай мұқтаж отбасы азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Аса бір қиындыққа тап болған кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да төлемдерді төлеу мерзімі ұзартылды. 700 мынан аса компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды, сол арқылы олар бір триллион теңгеге жуық қаржыны үнемдеуге мүмкіндік алды. Ауыл шаруашылығына көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізу және өнім өндіруді молайтып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін 200 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Әрине, шығу тегі белгісіз коронавирус сынды ерекше құбылысқа душар болып отырғанда әлі қиыншылықтардың орын алары сөзсіз. Сондай-ақ өмір, тіршілік болғаннан кейін оның кемшін тұстары да кездеседі. Кемшілік болмаса қоғамның дамымайтыны тағы анық. Бірақ сол кемшіліктерді болдырмау, ал болған жағдайда дер кезінде сылып тастап отыру бағытында әрекет ету керек. Тағы бір мәселе – адамгершілік, жанашырлық тәрізді қасиеттер адам үшін ауадай, судай, күндей әрдайым керек-ақ. Әсіресе, қазіргі сананы ақша билеген заманда қазақ боп қалу үшін қажет. Сондықтан бізге елге деген іңкәр сүйіспеншілік, жұртқа деген ізгі жүрек керек. Бұл сөз қазіргі кезде байлығы мен мансабына масаттанған байшыкештерге үлгі болса, игі.

Мына бір жағдай да есімізде болғаны жөн. Кейбір әлеуметтік саладағы зерттеу­лерге сүйенсек, біздің елімізде орташа топтың санатына жету үшін тұрақты орташа табыс жан басына шаққанда: айлық 2-2,5 мың доллар және 25-30 шаршы метр тұрғын үйі болуы керек. Әрине, мұндай тұрмыс деңгейі бізде жоқ. Зерттеушілер орта топқа жету үшін әрбір ел азаматының ең төменгі табысы 60-70 мың теңгеден кем болмауы керек деген де пікір айтады. Орташа табыстың ең төменгі деңгейінен де біз алшақ жатырмыз. Сондықтан да нақтылы қадамдар қажет.

Тур Хейердалдың шарбағында қазіргі өмірімізге дәл айтылғандай жазулармен айшықталған күн сағаты орнатылған дейді. Онда тәуліктің қай мезгілінде көз жүгіртсең де: «Адам, адамның жұмыс істейтін уақыты болды» деген ұшқыр сөздерді оқуға болады екен. Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлының да: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» дегені бар. Ендеше, «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанына бәріміз топтасып, халқымыздың әл-ауқатын мейлінше жоғары сапа деңгейіне көтеруге, Қазақ елін дамудың табан жолынан өркениеттің даңғыл жолына түсіруге бірлесе күш салайық.

 

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

саясаттанушы

 

Нұр-Сұлтан