Аймақтар • 26 Сәуір, 2021

Жамбылда QazVac отандық вакцинасын салу басталды

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцина жасау жөнінде тапсырма берген болатын. Жуырда ғана Қордай ауданына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында өндірілген QazVac қазақстандық вакцинасының бірінші партиясының жөнелтілуіне қатысқан еді, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбылда QazVac отандық вакцинасын салу басталды

Бүгінде Жамбыл облысында бұл жөнінде Президенттің тапсырмасы орындалуда.

Өңірде бүгіннен бастап халыққа QazVac отандық вакцинасын салу басталды. Кеше ғана, яғни 25 сәуір күні өңірге 2000 доза отандық вакцина жеткізілді.  Қазақстандық вакцинаның ғылыми атауы – QazCovid-in, оның тауарлық атауы – QazVac.

Вакцина инактивтендірілген, құтыдағы 1 дозалы, 0,5 мл-ден бұлшықет ішіне 2 рет 21 күн аралықпен жүргізіледі. Вакцина тоңазытқыштарда сақталады және барлық басқа вакциналар сияқты +2+8 градус температура режимінде термоконтейнерлерде тасымалданады. Отандық вакцинаның ерекшелігі – мұздатудың  қажеті жоқ. Яғни, нөлдік параметрлері бар тоңазытқыш жабдықтар қажет емес.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Тараз, Шу қалаларының және өңірдегі 10 аудандағы 20 емхананың барлық егу кабинеттерінде отандық вакцина бар және бүгіннен  бастап  егу жұмыстары басталды.

Бұдан бөлек, облысқа 2021 жылдың 1 ақпаннан бастап «Спутник V» вакцинасының  51 300 дозасы жеткізілген. Облыста «Спутник V» вакцинасының 1 компонентімен 33 425 адам егілген. Оның ішінде 21 күннен кейін 8504 адам вакцинаның 2 компонентін алған. Вакцина алғандар тарапынан денсаулығына теріс әсер беріп, шағым келтіргендер тіркелмеген.

Бүгінде облыстың барлық емханаларында 18 жастан асқан, қарсы көрсетілімдері жоқ адамдарға QazCovid-in отандық вакцинасы және «Спутник V» вакцинасы егіліп жатыр.