Оқиға • 27 Сәуір, 2021

Семейде полиция басшысы қызметкерлерін айыппұл өндіруге мәжбүрлеген

278 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семейде полиция басшысы қол астындағы қызметкерлерін айыппұл өндіруге мәжбүр еткен, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Семейде полиция басшысы қызметкерлерін айыппұл өндіруге мәжбүрлеген

Әлеуметтік желілердің бірінде Центральный, Затонский және Әуезов ауданы полиция бөлімдерінің басшыларына рейдті күшейту және шектеу шараларын бұзғандарды іздестіру туралы бұйрық берілген аудиожазба тарады. Сондай-ақ лауазымды тұлға қызметкерлеріне нақты мерзім қойған, аудиожазбадағы сөзіне қарасақ, түскі 16:30-ға дейін көп заңбұзушы тауып, айыппұлды көбірек өндіріңдер деп тапсырған.

«Қазір барлығы дереу учаскелік полицейлерді алып аумаққа шықсын, 16:30-ға дейін карантин шараларын бұзғандарды анықтау керек, шұғыл тәртіпе. Топтарыңыздың нәтижесі – нөл, біз «қызыл аймақта» тұрмыз. Қазір таппасаңыздар, ертең таңертеңнен кешке дейін барлығыңыз осы заңбұзушылық бойынша жүресіздер. Сондықтан шұғыл түрде желіге шығыңыз, жұмысты ұйымдастырыңыз», делінген аудио-хабарламада.

Аудиожазба әлеуметтік желілерге таралғаннан кейін ШҚО полиция департаменті қызметтік тергеуді бастады. Хабарламаның кейіпкері Семей қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция бөлімінің басшысы болып шықты.

«ШҚО полиция департаменті қызметтік тергеу жүргізді. Оның нәтижесі бойынша дыбыстық хабарламаның авторы – Семей ҚП жергілікті полиция бөлімінің басшысы екендігі анықталды. Лауазымды тұлға қызметтік-әскери тәртіпті бұзғаны үшін жұмысынан босатылды», деді департамент өкілі.