«Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ағымдағы жылдың 27 сәуірінде Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік бойынша үкім шығарды. Өткен жылдың 7-8 ақпаны аралығында Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы, Бұлар-баты және Ауқатты ауылдарында жаппай тәртіпсіздік орын алып, салдарынан 10 азамат қаза тапты, тағы бір адам жанып жатқан ғимаратқа құлап, көз жұмды», деді Б. Құлтасов.
Соттар әкімшісінің басшысының айтуынша, 158 азамат пен 20 полиция қызметкері жарақат алғанын жеткізді. Жаппай тәртіпсіздік кесірінен 156 тұрғын үй мен сауда нысандары, 102 автокөлік құралы бүлініп, меншік иелеріне келтірілген залал 829 млн 848 мың теңге болды. Жамбыл облысы Полиция департаментінің 10 автокөлігі зақымдалды. Мемлекетке 3 млн 291 мың теңге залал келтірілген.
Сонымен бірге ол бұған дейін сот үкімі бойынша бұзақылық әрекеттермен денсаулыққа зиян келтіріп, билік өкілдеріне күш қолданғаны үшін 6 адам сотталғандығын жеткізді. Бүгінгі қылмыстық іс 2020 жылдың 8 желтоқсанынан биылғы 19 сәуірге дейін жүргізілді. Оған екі прокурор, 366 жәбірленуші және 16 жәбірленуші өкілі, 10 қорғаушы және 4 аудармашы қатысқан.
«Іс бойынша 51 адам айыпталушы ретінде сотқа беріліп, оның ішінде 33-і қамауда, 18 адам жеке кепілдік және ешқайда кетпеу қолхаты бойынша ұсталған. Сотталушыларға ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген айыптар тағылды. Сот заң мен сот алдындағы теңдік принципін басшылыққа алып, жиналған дәлелдеме мен қылмыстық заңнамада көрсетілген жаза аясында келесі шешімдерді шығарды: 50 адамды кінәлі деп танып, бір адамның кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты оны ақтады. Сотталушылардың кінәлары молекулярлық, сот-тергеу қорытындылары мен жасырын бейнебақылау дәлелдемелерімен толық дәлелденген», деді Соттар әкімшісінің басшысы.